Тәуелсіз Қазақстанның 20 жылдық даму жолдары – еліміздің барлық салаларындағы сияқты, денсаулық сақтау саласында да айтарлықтай оңды нәтижелер кезеңі болғаны мәлім. Өйткені, мемлекеттің басты құндылығы – адам, осы тұрғыда халық денсаулығының жақсара түсуіне, өсіп-өркендеуіне бағытталған бағдарламалар жұмыс істеп, бұл салада қыруар шаралар атқарылды.
Бүгінгі күні денсаулық сақтау ісін қаржыландыру көлемі 1991 жылмен салыстырғанда 107 есеге, ал оның ішінде медициналық көмектің тегін кепілдендірілген көлеміне жұмсалған қаржы, 2001 жылмен салыстырғанда, 10,5 есеге өсті.
Халықтың өсу саны, 2000 жылмен салыстырғанда 1,5 миллионнан асты. Бала туу көрсеткіші тұрақталып (мың адамға шаққанда, 1991 ж.- 21,5; 2010 ж.- 22,5,), ал 2001 жылмен салыстырғанда 14,9-дан 22,54-ке дейін көтерілді. Жалпы өлім-жітім деңгейі тұрақталып, оның ішінде аналар мен нәрестелердің шетінеуі анағұрлым азая түсті.
Жүрек ауруларынан қайтыс болу 2007 жылдан бастап төмендеуде, құрт және ісік ауруларымен ауыру және олардан қайтыс болу да азаюда. Жұқпалы және паразитарлық аурулар 2 есеге жуық төмендеді. Басқа да әлеуметтік маңызы бар аурулар азая түсуде.
Аталған аурулардың нысаналы индикаторларының жоспарланған дәрежеде төмендеуі халық денсаулығының жақсара бастағанының дәлелі болса керек.
Еліміздің дәрігер мамандарын, емдеу мекемелерінің басшыларын (менеджерлерін) арнайы дайындықтардан өткізіп, білімдерін жетілдіру, өзіміздің республикалық орталықтарда және дамыған елдерде оқыту дұрыс жолға қойыла бастады. Соның арқасында, бірыңғай ұлттық денсаулық жүйесінің шеңберінде ел өңірлерінде жоғары мамандандырылған көмектің түрлері мен көлемі даму үстінде. Егер бұрын кардиохирургиялық, нейрохирургиялық және басқа да күрделі операциялар тек республикалық орталықтарда, ғылыми-зерттеу институттарында жасалса, қазіргі кезде олар облыс орталықтарында да кеңінен көрсетіле бастады. Бұл шаралар азаматтардың сапалы медициналық көмекке қолжетімділігін арттырып отыр.
Денсаулық сақтау жүйесін және оның материалдық-техникалық базасын дамыту, институттар мен ғылыми орталықтар базасында инновациялық жобаларды енгізу, жоғары білікті мамандар даярлау арқылы, Қазақстан Орталық Азияда сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсететін бірден бір елге айналды.
Әрбір қазақстандық медициналық көмектің тегін кепілдендірілген көлеміне құқылы болып, бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі аясында сапалы әрі жоғары деңгейдегі медициналық көмек алуда. Мысалы, үстіміздегі жылдың 10 айлық есептік кезең қорытындысы бойынша медициналық көмек алған адамдар саны 2 миллиондай болды. Оның ішінде тұрғылықты жерінде 90% емделсе, 3% өзге өңірлерді таңдаған, ал 7% республикалық клиникаларда жоғары мамандандырылған көмек алды. Еркін таңдау құқығын пайдалану жолымен стационарларда жоспарлы емделген адам саны 800 мың, олардың ішінде 42% ауыл тұрғындары болған.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы құрамындағы емделуге жатқызу бюросының порталы арқылы пациенттер медициналық ұйымды еркін таңдауға және жоспарлы емдеуге жатқызу кезінде көрсетілетін медициналық қызметтің қолжетімділігі жайлы нақты ақпаратты тегін ала алады. Бұл орайда медициналық көмек көрсетілген адамдардың 95%-ы жиырма күнге дейінгі мерзімде, ал 5%-ы жиырма күннен аса стационарда көрсетілетін медициналық көмекке кезекте тұрған. Қазіргі іс-әрекетіміз - аталған көрсеткіштерді одан әрі жақсарту, аурулардың стационарлық емделуге жатуын анағұрлым тездету. Бұл шаралар шетелдік тәжірибедегі ауруханаға жету үшін 6 айдан астам күтуімен салыстырғанда үлкен жетістік.
Алыс өңірлерде тұратын тұрғындарға медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін көлік, әуе, теміржол медицинасы, соның ішінде, барлық қажетті медициналық құрылғылармен және дәрігерлер тобымен жабдықталған санавиация, «Денсаулық» және «Жәрдем» консультативтік-диагностикалық пойыздары қызмет көрсетуде. 2010 жылдың қыркүйегінен бастап «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде «Саламатты Қазақстан» атты үшінші медициналық пойыз өз жұмысын нәтижелі жүргізуде.
Қазақстан бойынша 17 жылжымалы медициналық кешен (ЖМК) бар. Жалпы ағымдағы мерзімде ЖМК арқылы 100 мыңға жуық адам медициналық тексеруден өтті. Денсаулық сақтау жүйесінде сонымен қатар әлемдік стандарттар бойынша скрининг, яғни профилактикалық медициналық байқау жүргізіліп, 2011 жылдың 9 айы ішінде бүкіл республика бойынша 2 миллионға жуық адам тексерілді.
Медициналық көмектің деңгейі мен сапасы азаматтарымызды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету ісімен тығыз байланысты. Қазақстан Республикасында бүгінгі күні 6 мыңнан астам қолдануға рұқсат етілген дәрі-дәрмектік және медициналық құралдар тіркелген. Дәрілердің тиімділігі мен жағымды әсері туралы ақпарат бұқаралық ақпарат құралдарында жиі жарияланады. Дегенмен, үлкен ақпарат ағымында дәйекті әрі қажетті мағлұмат табу қиынға түседі.
Осыған орай, Денсаулық сақтау министрлігі дәрілік заттарға қатысты жарияланатын ақпараттың сапасы мен нақтылығына айырықша көңіл бөледі. 2011–2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын және «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау секторында технологияларды беру және институционалдық реформаны жүргізу» бағытындағы Дүниежүзілік банк жобасының іс-шараларын іске асыру мақсатында, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі елімізде денсаулық сақтаудың басты реформаларын қолдау үшін Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығында және еліміздің барлық аймақтарында Дәрілік ақпараттық орталықтар (ДАО) ашып, олардың жұмысын қамтамасыз етті.
Облыстардағы Дәрілік ақпараттық орталықтар ҚР ДСМ «Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы» РМК базасында құрылған аттас орталықтың басшылығымен, ұйымдастыру-әдістемелік және әлемдік тәжірибемен үйлестірілген жұмысы арқылы еліміздегі медициналық мекемелер мен оның дәрігерлерінің, бүкіл медицина қызметкерлерінің халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетуіне өз үлесін қосуда.
Дәрілік ақпараттық орталықтардың бүгінгі денсаулық сақтау жүйесінде орындайтын бірнеше басты мақсаты бар. Біріншісі – халыққа дәрілік заттарды орынды, қауіпсіз және тиімді қолдануы жайлы ақпарат ұсыну. Ал, екіншісі – формулярлық жүйенің дамуына үлес қосып, оның Қазақстанның барлық аймақтарында дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ету.
Әлемдік стандарттар бойынша дүние жүзінде емдеу үдерістері дәлелді медицина негізінде құрастырылады, Қазақстан да осы тұрғыда шетте қалған жоқ. Формулярлық жүйені енгізу арқылы, республикада тіркелген дәрі-дәрмек тізімінің басым бөлігі дәлелденген базасы бар препараттар болып отыр.
ДАО мамандары медициналық мекемелерде, дәріханалар мен университеттерде дәлелді медицина негіздері мен дәрі-дәрмектерді орынды қолдануы жайлы дәрістер оқып, дәрігерлермен, фармацевт және фармакологтармен тығыз байланыста жұмыс атқаруда. ДАО дәрі-дәрмектерге байланысты кез келген ақпаратты әлемдік қауымдастықтар мақұлдаған ақпараттар базасына сүйеніп береді. Мәселен, Британдық ұлттық формуляр, Кохреин кітапханасы, австралиялық және америкалық формулярлар және т.б.
2011 жылдан бастап әлеуметтік жағынан аз қорғалған тұрғындар үшін қосымша қымбат тұратын медициналық зерттеулер жүргізіліп, әр азамат медициналық көмектің тегін кепілдендірілген көлемі аясында берілетін амбулаториялық дәрілік қамсыздандыру бағдарламасы бойынша тегін әрі 50% жеңілдікпен дәрі-дәрмек сатып алуға мүмкіндігі болды. Бұдан былай, 2012 жылдан бастап, пациент амбулаториялық дәрілік қамсыздандыру аясында дәрілік заттарды тегін алатын болады. Тегін препараттарды іздеу уақытын қысқартып, қолжетімділігін анағұрлым арттыру мақсатында емханалар базасында дәріханалар ашылмақ.
Елбасы бекіткен, 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы осы жылы өз жұмысын бастап, қысқа уақыт ішінде халқымыздың денсаулығын, еліміздің әрбір азаматының өмір сүру сапасын одан әрі жақсарту бағытындағы игілікті қадамдары оң нәтижесін беруде.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың биылғы халыққа арнаған Жолдауында атап көрсетілгендей, денсаулық сақтау ісінің алдына қойылған міндеттерді орындау нәтижесінде 2015 жылы қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығын 70 жасқа дейін, ал 2020 жылға 72 және одан да көбірек жасқа дейін ұзарту мақсаты тұр.
Тәуелсіздік мейрамына орай, отандастарыма денсаулықтарыңыз мықты болсын, өсіріп отырған ұрпағымыз бақытты болсын, еліміз гүлдене түссін деген, шын жүректен шыққан тілегімді білдіремін.
Серік ЫБРАЕВ, Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы бас директорының бірінші орынбасары, медицина ғылымдарының докторы, профессор.