Қазақстан • 19 Маусым, 2018

Көк күмбезден не пайда, салауат айтып тұрмаса?!.

1050 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Өліара өте ағайын-туыстың отыз омыртқасын опырып, қы­рық қабырғасын қақыратып, Жаң­бырбай жарықтық 70-тен асқан шағында өмірден озды.

Көк күмбезден не пайда, салауат айтып тұрмаса?!.

Иманы салауат болсын. Бес күнгі тіршілігінде тірі пенденің бетіне жел болып келмеген, ешкіммен жаға жыртыспаған, біртоға, момын қалпында, ақыл-есі бүтін, жаратқаннан иман байлығын тілеп, тірі пендеге сабытын сал­май, қызылды-жасылды бұл дүниенің қызығын тәрк етіп, еш қиналмастан жүре берді. Жаңбырбай марқұм өмірінің соңғы кезеңінде бақуатты тір­шілік кешті. Әрине бір қолын екі ете алмай отырған ауылдық жердегі өлшем бойынша ғана. Әйт­песе мыңды айдап, миллион­ды қалтасына салатын ір­гелі шаһарлардағыдай байлық ауыл­дағы ағайынға қайдан оралсын. Дегенмен сегіз баласын еш­кімге жаутаңдатпай өсіріп-жеткізді. Бір-біріне іркес-тіркес же­­тілген сегізі кезек-кезегімен жоғары білім алды. Сөйтіп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, кө­кейін­дегі көксеген ойы толайым орын­далып, армансыз аттанды жа­рықтық. Сегіз перзентінің ішінде «тоғыз ұлым бір төбе, Ер­төстігім бір төбе» демекші, елден ұзап шыққаны, көл-көсір дәулет біткені Есенбай болатын. 

Төл басы Есенбай ана бір дәуірде Алматы қаласындағы ауыл шаруашылығы институ­ты­ның малдәрігерлік факультетін бітіріп келген. Ол тұста Кеңес Ода­ғының дәуірі жүріп тұрған. Жас маман қатарға енді іліге бер­­генде, бір кезде мызғымастай көрінген ұлы империяның шаңы­рағы ортасына түсіп, ыдырап кетті. Сол тұста үлкен қалада оқы­­­ғаны бар әрі әу бастан Жарат­қанның берген бейім, икемі бар Есенбай жаңа заманның тынысын, желдің қай жақтан, қалай соғатынын оңай аңғарды. Әне бір кезде облыстағы жетекші ша­руа­шылықтың бірі саналып, ұдайы алдыңғы қатардан орын алатын кеңшар мүлкі пышақ үстінде талан-таражға түскен сәт­те Есенбай өз үлесін молынан қарпып қалды. Одан әрі ша­руасы оңғарылып сала берді. Ай­налдырған он шақты жылдың ішінде ортаның ақтылы малы, егіп жатқан ақық дәнінен босап, пәлен мың гектар жер Есенбай тәрізділердің еншісіне айналып жүре берген. 

Қаза үстінде жөн-жосық бұ­рын­ғыдан келе жатқан мұсыл­ман­ның жолы әжептәуір әңгіме туғызды. Бұрынғы қалыптасқан көне жол бұл күнде өзгерген. Әркім барымен базар. Айтқаны болып, бұйырғаны орындалып тұрған Есенбай бұл жолы әке аруағы разы болсын деп еш­теңеден тайынбайтындығын ай­қын аңғартқан. 

– Асқар тауым құлады, ақ най­зам сынды. Бәрімізді өсіріп- жетіл­дірген, адам қатарына қос­қан әкеміз емес пе? Осы күні дос бар, дұшпан бар. Ертең көре ал­май­тын күншілдер сегізі отырып дұрыс жөнелте алмады деп айт­пасын. Аудан орталығында жер­лейтін болдым, – деді ол. Өзі ғана шешіп, өзінің ғана айтқаны орындалатын қалыппен. 

– Ол заман да бұ заман, ауыл­дағы мәйітті аудан орталы­ғына апарып жерлегені несі. Мы­нау ата-бабамыз мәңгілік қоныс тепкен қорым, ағайын-туыс­тың татар дәмі таусылған баршасы жамбасына басып жатқан, жер бесікке айналған иен жатқан жер жет­пей ме? – деді ауыл молдасы Лашынтай. 

– Жоқ, сондық еңбегі сіңген. Түп­тің түбінде осы сексен үйден кім қаларына көзің жетіп тұр ма. Енді бір он жылдан кейін соңғы қазығын суырып, үдере көшпейтіндігіне кепілдік бере аласың ба? Сонда біздің барар жеріміз, ендігі қонысымыз, бола­шақтағы өрісіміз аудан орталығы болғалы тұрған жоқ па? Егер ел басына сондай күн туса, қиян шеттегі осы ауылға кім ат басын бұрар дейсің. Міне, сондықтан болашақты ойлаған жөн. 

Ағайын-туысты қолындағы барлығымен, қорасындағы бай­лы­ғымен айтқанына көндіріп үй­ренген Есекеңнің жорамалы шынға айналып, Жаңбырбай жарық­тыққа топырақ аудан­ орталығынан бұйыратын бол­ды. Онда да анау-мынау емес, тір­шілігінде талайлармен иық тірестірген, өзгеден мойны­ озық пенделер ғана жататын, солардың ғана пешенесіне бұ­йыр­ған қалың зираттың дәл ор­тасындағы өзгеше қоныс, мәң­гілік мекен. Бұл жерде қолы жет­кендер ғана қоныс теппек. Қа­бірің де өзіңмен үзеңгілес, өзің теңдес адамдармен қатар бол­ғанға не жетсін. Оның үстіне сонадайдан менмұндалап көз тар­тып, мұнаралары Бұхараның шаһарындағыдай андыздап тұр­са, әне сонда мерейің үстем, ай­дының асқақ.

Есекең жаназаға екі жылқы сойды. Үстемелеп төрт қой. Об­лыс орталығындағы базардан кеңірдек кездемені теңімен, бөрт­пе орамалды орамасымен ал­­дыруды табыстап, інілерін аттандырды. Орамалдың шетіне 500 теңгеден ақша түю үшін кесек ақшаны ұсатып, дайындап әкелуді тапсырды. 

Жиналған жұрттың аузы ашылып, көзі жұмылардай. Ен байлық ағыл-тегіл шашылған. Есекеңнің мәртебесін асырып, даң­қын төңіректегі алты ауылға, алты ауылыңыз не, әрісі аудан орталығына паш еткен әкенің асы өткізілді. Ұл болса осындай болсын десті жұрт. 

Енді қалғаны күмбез тұрғызу. Бұл мәселе қалай орайластырыл­са жөн. Бүгін салып, ертең қайта бұзатын нәрсе емес. Есекеңнің естуінше, шариғаттың заңы бойынша зират басы қайта жаң­ғыртылуын дін хош көрмесе керек. Сондықтан біржола қай­тып қалақ тимейтіндей, соныдан өзгеріс жасалмайтындай етіп көтерген дұрыс. Алдымен әдейі­леп облыс орталығына барып, сондағы таныстарын саға­лап жүріп, бір кезде тәп-тәуір сурет­ші болған, кейін осындай болмашы шаруалардың басын қайырып жүрген жобалаушыға жолықты. Көрбілтелеп, жасырмай ойын ашық айтты. Күмбез өздері күнде көріп жүрген зираттардан өзгеше болуы шарт. Сыртқы өрнек, құрылыстың ажары шығыс стилінде болса жөн. Қабырға тегіс қаланбай, жиектелген орамалар арқылы көтеріліп, ұшар басы қолсозым биіктікте қосылса, қабырғаға өрілген қызыл кірпіштердің ара-жігі қара бояу­мен әрленіп көріктендірілгені ләзім. Қол созым көтерілгеннен кейін ауқымы әнтек тарылып, қу­сырылып барып ұшар басы дөң­геленіп біткені жөн. Ал иықтағы төрт құбыла өзгеше реңді жылтыр кірпіштермен мұнара бейнесінде өрілгені әсем болар еді. Әуелгі ой, кесімді мақсат осы болатын. Мұндайда ақыл қосатын ағайын көбейетін әдеті емес пе. Көп оқуы болмаса да, мұсылмандық жолын ұстаған Лашынтай молда үзілді-кесілді қарсылық танытты.

– Негізі мәйіттің басын былай қор­шаған дұрыс емес, – деді ол. – Ең бастысы, мал аяғы баспайтын болуы шарт. Ал басына тас қою кейінгі ұрпағы дұға оқырда тауып­ алу үшін керек. Бітті. Басқа дү­ние­нің сауабы жоқ дейді үлкен молдалар. Оның үстіне ағыл-тегіл ысырап жасау баршылықты танытпайды. Мұның да ешбір сауабы өмірден өткен адам үшін о дүниеде пайдасы жоқ харекет. Бекерге мал шашқанша осы қаражатқа мынау суға зәру болып отырған ауылға бір құдық қа­зып берсең, ауылдастарың бір жұтым су ішкен сайын Жаң­бырбай жарықтыққа сауап болар еді. Әйтпесе жыл сайын көк­темде қар суы жуып кететін ана көпірді жөндеп берсең. Ар­тыңда айта жүрер із қалар еді. Оны айтасыз, сол көпірдің үс­тінен ауылдастарың әрі-бері өт­кен сайын иманы саламат бол­ғыр Жаңбырбай атамыз жат­қан жерінде тағы бір аунап түсіп, қа­бірінің іші нұрға толып тұрар еді. 

Өзге дінді дәріптеген емес, мына іргедегі орыс ағайындарда «ата-ана күні» деген дәстүр бар. Сол күні оларды жұмыстан боса­тады екен. Бәрі жиналып қа­бір­ басына барып, сондағы әке-ше­шесінің, ағайын-туы­сының бекіткен басын тазалап, сырлап, тәртіпке келтіретін кө­рінеді. Ал біздің ағайын жы­лап-сықтап жүріп қара жер қой­науына тап­сырғаннан кейін үшін, жетісін, қырқын өткізгесін, қайтып ат ізін салмайды. Біле­тіндердің айтуына қарағанда, сол сен қызығып отырған аудан ор­талығындағы зират басында жұрттың күмбез соққаннан кейін қалған құрылыс материалдары босаған шелек, тесіл­ген ыдыс дейсіз бе, бәрі ша­­шы­лып жататынға ұқсайды, осы дұрыс па?  Жаңбырбай жа­рық­тыққа қандай құрмет көрсетсең де артық емес екендігі рас. Бі­рақ өзгеден атымды оздырамын, айбынымды асырамын деп бәсе­келестікке салынғаныңды ешкім құптамайды. 

Молдакеңнің айтқан уәжі Есен­байдың қаперіне кіріп-шық­пады. Өйткені оның өз түсінігі, өз ұғымы бар. Асарын асаған, жасарын жасаған Жаңбырбай жәкем ана жылы қажылыққа бармаққа ниет еткен. Бірақ сегіз перзентінің ішіндегі бас көтерері бұл құптамады. Қажылықты артық шығын, бос әурелік деп таныған. Енді келіп еш пенденің есіне келмейтін іс жасағалы отыр.

Ақыры ойға алғанын жүзеге асыр­май қоймайтын Есенбай өз жоспарын толығымен орындады. Төрт қабірдің орнын толайым­мен алатын еңселі, биіктігі үш жарым метрлік күмбез орнатылды. Алыстан қарағанда алып бір құстың жұмыртқасындай жұп-жұмыр, төрт иығындағы төрт күмбез сахараның төсіндегі төбесі бұлт шалған асқар таудың ұшар биігіндей менмұндалап, айдыны асып, асқақтығын төңірекке түгел ұқтырып тұратұғын сәулет өнерінің ғажап бір туындысы. 

Аудан орталығына көшіп кел­­­ген, ұзақ уақыт баспанасыз жүр­ген Есекеңнің бір жер­лесі әрлі-берлі өткен сайын екі қа­батты коттедж іспеттес күм­безге күнде қарайды. Көк күмбез болса, тірінің тіршілігінде шаруасы жоқ, маңқиып қалғып тұр. Көк күмбезден не пайда, салауат айтып тұрмаса... 

Байқал БАЙӘДІЛОВ,

журналист