Алты млн гектар аумақты алып жатқан тұзды шөл Арал бассейнінде өмір сүретін 35 млн адамға зиянын тигізіп отыр.
Осындай қиын кездерде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Арал теңізін қалпына келтіру туралы шешім қабылдап, «ғасыр жобасы» деп атау алған «САРАТС» қолға алынған болатын.
Бүгінде Арал өңірінің сортаңданған жерлерін қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр.
Жақында облыстың Жалағаш ауданында «Қызылорда облысында оазистік суармалауды көрсету» пилоттық жобасын ашу және ұсыну ресми салтанаты өтті. Бұл жоба ЕО/БҰҰДБ/БҰҰ ЕЭК «Жасыл экономика моделіне өту үшін Қазақстанды қолдау» атты бірлескен жобасы шеңберінде іске асырылады. Еуропалық одақ тарапынан толық қаржыландырылатын, құны 7,1 миллион еуроны құрайтын бұл жоба заманауи жасыл технологияларды қолдану сортаңданған жерлерді ауылшаруашылық мақсаттарда пайдалануға мүмкіндік беретінін көрсетеді.
Қазақстанда сортаңданған жерлердің жалпы ауданы 111,55 млн гектарды немесе еліміздің барлық территориясының 41 пайызын құрайды. Тек Қызылорда облысының өзінде-ақ Арал теңізінің апатынан зардап шеккен 73 307 мың гектар суармалы жер қанағатсыз жағдайда тұр. Қолда бар суармалы жерлердің көп бөлігі түбегейлі жақсартуды қажет етеді.
Осыған байланысты 2016 жылы ЕО/БҰҰДБ/БҰҰ ЕЭК «Жасыл экономика моделіне өту үшін Қазақстанды қолдау» атты бірлескен жобасы шеңберінде Арал өңірінің сортаңданған жерлерін қалпына келтіру жөнінде пилоттық жоба әзірленді. Оған Таң ауылынан «Манақ Баба» шаруа қожалығы таңдалды.
Жалағашта өткен жиынға Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев, БҰҰ Тұрақты үйлестірушісі /БҰҰ ДБ Қазақстандағы Тұрақты өкілі Норимаса Шимомура, Еуропа одағының Қазақстандағы өкілдігінің Сенімді тұлғасы Золтан Салаи және Германияның Қазақстандағы елшілігінің Сенімді тұлғасы Джонатан Вайнберг қатысты.
«Жаңа технологияларды және тәсілдерді енгізу өнімділікті әртараптандыру мен әлеуетті арттыруға қалай алып келетінін көрсететін көрнекі мысал бола алады. Біз ауылшаруашылық өнімдерін жеткізу дамудың анағұрлым кең мақсаттарына қол жеткізуге көмектесе алатынын көре аламыз», деді БҰҰ Тұрақты Үйлестірушісі/БҰҰ ДБ Қазақстандағы Тұрақты өкілі Норимаса Шимомура. Оның ойын Еуропа одағының Қазақстандағы өкілдігінің Сенімді тұлғасы Золтан Салаи былайша жалғады:
«Біз Қазақстанды болашақ дамуда өте маңызды стратегиялық серіктес деп санаймыз және соны мойындаймыз. Өңірлердегі жұмыс біздің стратегиямыздың басты элементі болып табылады. Біздің жоспарымыз өңірлермен, соның ішінде Қызылорда облысымен әртүрлі даму банктері арқылы жаңа форматта жұмыс істеу. ЕО қаржылық қолдауымен іске асырылған бұл жоба жасыл экономика саласындағы жобаны іске асырудың табысты мысалы болып табылады», деді ол.
Кеңесте облыс әкімі Қырымбек Көшербаев өңірде осы мақсатқа байланысты атқарылып жатқан жұмыстарды жүлгелеп берді.
– Біз су тапшылығының алдын алу үшін облыста бірқатар жұмыстарды атқарып жатырмыз. Мысалы, соңғы үш жылда Сырдария өзенінде екі үрлемелі су тоспасы салынды. Нәтижесінде су аз жылдардың өзінде жалпы аумағы 60 мың гектардан асатын Жаңақорған және Шиелі аудандарының егіс алқабын тұрақты суландыруға және 1,5 млрд текше метр суды үнемдеуге мүмкіндік алдық. Бұдан бөлек, 2018 жылдан бастап 3 млрд текше метр тасқын су жинайтын 6 су қоймасын салуды жоспарлап отырмыз. Суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайын жақсарту арқасында суды 20 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік алатын боламыз. Ал оазистік суару технологиясын енгізу мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығын дамытып, жаңа кәсіпорындарды ашуға мүмкіндік береді, – деді аймақ басшысы.
Бүгінде бірлескен жобаның нәтижесінде 5 гектар сортаңданған жер қалпына келтірілді. Оның 3 гектары алма бағы, ал қалған бөлігі көкөніс дақылдарын өсіруге арналады. Осындай шағын ауылшаруашылық бизнесті Арал өңірінде жасыл технологияларды пайдалану мен дамыту су және энергия тұтынуға жұмсалатын шығыстарды 29 млн теңгеге дейін әлеуетті үнемдеуді қамтамасыз ете алады екен.
Сондай-ақ қаражатты үнемдеумен қатар, зиянды заттардан бөлінетін СО2 газын төмендету жылына 300 тоннаға дейін жетеді.
ЕО/БҰҰДБ/БҰҰ ЕЭК «Жасыл экономика моделіне өту үшін Қазақстанды қолдау» атты бірлескен жобасы шеңберінде іске асырылып жатқан бұл жұмыстар теңізге құйған тамшыдай болғанымен, тұзды аймақты пайдалануда өз жемісін беріп жатыр.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Қызылорда облысы