Шараға Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрайымы Майнұр Мырзамадиева, Мәдениет және спорт министрлігі туризм индустриясы комитеті төрағасы орынбасарының міндетін атқарушы Жандос Бимағанбетов, «Туристік Қамқор» ұжымдық қорының төрайымы Инна Рей, «Туристік Қамқор» әкімшілік жүйесінің директоры Асылхан Есілов, Қазақстан турагенттіктері ассоциациясының президенті, «Туристік Қамқор» Корпоративтік Қорының турагенттіктермен жұмыс жөніндегі департамент директоры Әсел Нұркебаева қатысты.
«Қазақстанда 2016 жылдың аяғында заңнамалық деңгейде шетелге шығу туризмі аясында азаматтардың құқықтарына кепілдік беру жүйесі енгізілді. Осы шара туристік нарықтың кейбір өкілдері тарапынан қазақстандық туристердің көпшілігі шетелдерде жататын орындары төленбей немесе қайтатын билеттері болмай қалуы сияқты алаяқтық жағдайлардың жиілеп кетуіне байланысты қабылданды. 2010 жылдан бері көп жағдайда туроператордың банкрот болуымен, не болмаса алаяқтық жолмен, чартерлік авиакомпаниялар проблемаларымен жалғасқан жағдайлар тіркелді. Осы уақыт аралығында барлығы 12 мың адам зардап шекті, ал шығын көлемі ондаған миллион доллардан асып түсті. Осы оқиғалар аясында шетелдегі қазақстандықтарға шұғыл көмек көрсететін, қазақстандық туристерді Отанына қайтаруға кепілдік беретін «Туристік Қамқор» қоры құрылды. Қорға қатысушы туроператор әрбір жолданатын турист үшін 0,5 АЕК көлемінде аударым жасауы тиіс», деді Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитетінің төрайымы Майнұр Мырзамадиева.
Қазіргі сәтте Кепілдік беру жүйесінде 59 туроператор және банктік кепілдік ұсынатын туроператор-фрахтовательдер тіркелген. Қазіргі кезде олар туркодтар беріп отыр. Заңнама аясында бүгінгі күні www.fondkamkor.kz сайтының «Қатысушылар тізімі» бөлімінде берілген компаниялармен жұмыс істейді. Мониторинг деректері бойынша нарықты қамту 80 пайыздан астамды құрайды және әлі 20-ға жуық туроператор жүйеге кіреді деп күтілуде. Туркод деген не? Туристік код 11-13 (шығатын елге қатысты) қаріптік-сандық символдардан тұрады. Ол әр жолдаманы ресімдеген кезде автоматты түрде беріледі. Бұл шифр әрбір турист үшін айрықша нәрсе. Туркод агенттің электронды поштасына жіберіледі. Туркодтар Қордың турларының электронды тізілімінде сақталады. Турист күтпеген жағдайға тап болған кезде Қормен байланысып, өзінің туркодының нөмірін хабарлайды және шұғыл түрде көмекті күтеді. Туркод жеке парақпен берілуі және жолдамаға жазылып берілуі мүмкін. Туркодтың болуы турфирма арқылы шетелге демалуға баратындардың барлығы үшін міндетті болып табылады. Егер турист турфирма арқылы ресімделетін болса, ол міндетті түрде туркодты алуы тиіс. Яғни туроператорлар турпакетті берген кезде, туркодты да бірге беруге міндетті.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»