2015 жылы 11 наурыз күні кешке Гүлтас телефон шалды. Жай күндері жарқ ете қалатын дауысында діріл, қобалжығандық бар сияқты көрінді. Бүгін оның ренжитін күні емес қой деп те ойладым. Алдында ғана теледидар-
дан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекеттік тіл – қазақ тілінен лингвистикалық комиссияның алдында сынақтан өткені, қазақ тілін жетік меңгергендігі туралы мемлекет қайраткері, комиссия төрағасы Мырзатай аға Жолдасбековтің сұхбатын көрдім. Өзім де Гүлтасқа телефон соғамын деп отырғанмын.
– Гүлтас, құтты болсын, бүгін Елбасының өзінен емтихан алдыңдар, қалай болды?
– Әпке, керемет болды. Нұрсұлтан Әбішұлының ұлылығы мен қарапайымдылығына тағы да көз жеткіздім. Мырзатай аға амандасып болған соң, Нұрсұлтан Әбішұлына комиссия мүшелерін таныстырды. Профессорлар: Сейіт Қасқабасов, Фаузия Оразбаева, Дихан Қамзабекұлын ол кісілердің бұл комиссияда бұрыннан бар екенін айтты да, маған кезек келгенде: «Биыл комияссияға жаңа мүше қосылды, бұл кісі профессор Гүлтас Құрманбай Назарбаев Университетінен» деді. Сол кезде Елбасы: «Мен бұл кісіні өте жақсы танимын, қазақ тілінің аристократтық тіл екенін мен осы кісіден, осы кісінің шәкірттерінен көрдім», деді. 2012 жылы 1 наурызда мен Назарбаев Университетінде өзім басқаратын «Қазақ тілі, әдебиет және мәдениет кафедрамды» Нұрсұлтан Әбішұлына таныстырып, оқу мазмұны, өткізген пәндер туралы айттым. Елбасы біраз сұрақтар қойды. Ал студентім Әлібек Нұркеш керемет сөйлеп, өзі шығарған өлеңін оқыған болатын. Елбасы сонда университет ректоры Шигео Катсу мырзаға қазақ тілі оқытушың мынадай екен деп басбармағын көрсетіпті. Оны бүкіл ұжымның көзінше ректор айтып, мені құттықтаған. Көрдіңіз бе, сол үш жыл бұрынғы оқиға да, студенттің сөйлегені де есінде қалыпты. Білесіз бе, әпке, менің ең бақытты күнім – осы күн! Елбасынан мұндай баға алу менің ойыма да, тіпті арманыма да кірмеген ғой. Әпке, мен ауылдан шыққан, қарапайым қойшының ғана қызымын ғой, – деп көңілі босап кеткенін байқадым.
– Елбасы да қарапайым ауылдан, қазақ мектебінде оқыған, ата-анасы да қарапайым адамдар. Президент сенің туа біткен ұстаз екеніңді сезген ғой, – дедім.
Шындығында, бұл екінің біріне бұйыра бермейтін Гүлтастың жұлдызды сәті, ұстаз еңбегінің салтанаты еді.
Ал сол ұстаз, ғалым, жазушы Гүлтас Сайынқызы қалай қалыптасты?
Біз 1990 жылы Жезқазған қаласында жалпы білім беретін орта мектептің оқу-тәрбие мәселелеріне арналған педагогикалық оқулар өткіздік. Сол оқуларда екі баяндама қатысып отырған мұғалімдер қауымының көңілінен шықты. Көпшіліктің шешуімен Гүлтастың баяндамасы бірінші орынға ие болды. Мен ол кезде оқу министрінің орынбасары едім. Бұл – Гүлтаспен алғаш танысуым.
Кейін ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойы қарсаңында Оқушылар сарайында республикалық ғылыми-практикалық конференция болды. Соның пленарлық отырысында бес жүзден аса қатысушылардың алдында Гүлтас панорамалық сабақ өткізді. Бұл бұрын-соңды болмаған танымдық маңызы бар ерекше өткізілген сабақ тыңдаушы жұртқа жақсы әсер етті.
Гүлтас Сайынқызы өз ауылындағы орта мектепті бітірген соң, қазіргі әл-Фараби атындағы университеттің филология факультетіне түсіп, оны 1981 жылы тәмамдайды. Еңбек жолын ұстаздықтан бастап 8 жыл Алматы қаласында Ғ.Мүсірепов атындағы №86 мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі болған. Әрі қарай Гүлтас Ы.Алтынсарин атындағы педагогикалық ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасына түсіп, оны бітірген соң ол осы мекеменің, өзі білім алған әл-Фараби университетінің, одан соң Қазақ-Британ техникалық университетінің қазақ тілі және орыс тілі кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарған. Ал 2010 жылдан Астанада жаңа ашылған Назарбаев Университетінің қазақ тілі, әдебиет және мәдениет кафедрасының меңгерушісі. Өткен жылдан бері осында оқытушы, әрі «Рухани жаңғыру» орталығының меңгерушісі.
Назарбаев Университетіне келген күннен бастап Гүлтастың өткізген іс-шаралары теледидардан, радиодан, баспасөз беттерінде, еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстанда» жүйелі көрсетіліп келеді. Гүлтастың өзінің де осы Университет туралы, академиялық оқу саясаты туралы, студенттердің білімдегі жетістіктері туралы мақалалары да осы газетте жарық көруде.
Гүлтас Сайынқызы 1997 жылы «Қазақ әдебиетін оқытуда оқушылардың табиғатқа ізгілік қатынасын қалыптастыру негіздері» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Ал 2010 жылы «Жалпы орта білім беру мазмұнының гумандық бағыттылығының ғылыми-педагогикалық негіздері» тақырыбында диссертация қорғап, педагогика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесіне ие болды. Ол ғалым ретінде өте өнімді жұмыс атқарып жүр. Осы жылдары 4 монография жазды. Өзі немесе авторлық бірлестікте, жалпы орта білім берудің жалпыға міндетті стандарттары, қазақ, орыс, ұйғыр, өзбек тілдерінде жүретін мектептердің 5-11 сыныптары үшін оқу пәнінің стандарттары мен оқулықтар, 19 оқу бағдарламасы, 20-ға жуық оқу құралы, 14 әдістемелік құрал, 60-тан аса мақала, 40-қа жуық республикалық және халықаралық ғылыми конференциялардағы баяндамалары тағы бар. Бұл айтуға ғана оңай.
Гүлтас Сайынқызының жарияланған көркем шығармалары мен кітаптары да аз емес. Оның ішінде туған жері туралы «Менің Күреңбелім», әжесі туралы «Апам – ақ нұрым», әкесінің сөзімен аталған «Халықтың бетіне тура қарайтындай өмір сүріңдер», анасына арнаған «Мейірімімен шуақ шашқан ғаламға», «Қоңырау», «Тамшы сөздер мен қамшы сөздер» афоризмдер жинағы т.б. кітаптары. Солардың ішінде «Ер жетті ұлым, бойжетті қызым» және «Қоңырау» педагогикалық эсселер жинағы, «Бойтұмар» тәрбиелік әңгімелер жинағына ерекше көңілім түсті. Себебі бізде ғылыми-әдістемелік мақалалар педагогикалық басылымдарға шығып жатады. Ал педагогикалық көркем шығарма жоқ деуге болады. Қазір мектеп өмірі, бала тәрбиесі, ұстаз еңбегі, ата-аналармен қарым-қатынас, ғаламдану дәуіріндегі қоғамда болып жатқан проблемалар туралы педагогикалық көркем әдебиет не көркем фильм, сахналық қойылымдар атымен жоқ. Сондықтан Гүлтастың жоғарыда аталған кітаптары аздап болса да соның орнын толтырады. Бүгінгі кейіпкеріміз Гүлтас Сайынқызы сияқты ұстаздардың ашық сабақтарын, тәрбие сағаттарын теледидардан арнайы айдармен көрсетіп тұрса, жалпы олардың шығармашылық лабораториясымен таныстырып отырса, жас мұғалімдерге жақсы өнеге емес пе? Қоғамда ұстаз беделін арттыру мақсатында осындай шаралар өтіп тұрса, бүкіл оқу-тәрбие жұмысы ұтпаса, ұтылмайды ғой?!
Гүлтас өзі ұйымдастырған іс-шаралардың сценарийін өзі жазады. Менің білетінім Гүлтастың Абайға, Мағжанға, Мұқағалиға, Мұхтар Әуезовке, Махамбетке, Құрманғазыға, Фаризаға арналған театрландырылған қойылымның сценарийлері. Ақын-жазушылардың шығармашылық өмірінің өзегін ала отырып, оның таланты мен ерекшелігін асқататып береді. Әрі оны студенттері образға ене отырып ойнағанда, көрерменді бей-жай қалдырмасы анық.
Гүлтастың әдебиетті сүюі ерекше. Ол әдебиеттің қамқоршысы деп айта аламын. 2000 жылдардың басында Ы.Алтынсарин атындағы Білім академиясы мен Ұлттық академияның ғалымдары орыс, ұйғыр мектептеріндегі қазақ әдебиеті пәнін орыс, ұйғыр тілінде жүргізу керек дегенде, мүйізі қарағайдай академиктерге жалғыз Гүлтас қарсы шығып: « Бұл пәннің аты – Қазақ әдебиеті ғой, бұл орыс әдебиеті емес. Не деп отырсыздар? Оның үстіне қазақтың қай шығармасы керемет аударылды? Абайдың өзін аудара алмай отырған жоқпыз ба? Егер сіздер мұндай шешімге келсеңіздер, онда қазақ мектебіндегі орыс әдебиетін қазақша оқытайық. Қазақ балаларына да түсінікті болсын» деп көнбейді. Мен ол кезде Астанада едім, Алматыға барғанымда Гүлтас осы әңгімені маған көңілі құлазып отырып айтты. Содан біраз уақыттан кейін сала басшылығына келгенімде бұл мәселе менің алдымнан шықты. Гүлтастың шырылдап қорғаған Қазақ әдебиеті орыс, ұйғыр мектептерінде қазақ тілінде оқытылады деген шешім шығарылды.
Гүлтас Сайынқызы ғылыми-педагогикалық қызметі үшін 2002 жылы Ы.Алтынсарин атындағы І дәрежелі сыйлықтың иегері атанды. «Қазақ КСР білім беру ісінің үздігі», Ы.Алтынсарин медалі, «Назарбаев Университетінің үздік оқытушысы», «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы», «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Назарбаев Университетінің ең үздік профессоры» атағына қоса, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында жоғары мемлекеттік награда «Құрмет» орденімен наградталды. Жамбыл облысы, Жуалы ауданының құрметті азаматы.
Гүлтас ұлтымыздың ұлы тұлғаларын ұлықтау мерекелеріне ерекше қуанып, одан өзі де сырт қалмайды. Мәселен, 2000 жылы бүкіл қазақ халқының сүйікті батыры Бауыржан Момышұлының 90 жылдығында Таразда үлкен тойға баратын болдым. Сол өңірдің тумасы Гүлтас Сайынқызын шақырып едім, ол қуана келісті. Сонымен Таразда батырға ескерткіш ашылды, кешке облыстық қазақ драма театрында белгілі жазушы Шерхан Мұртазаның «Ноқтаға басы сыймаған» деген қойылымды көрдік. Ертесіне той батырдың туған жері Жуалыда жалғасты. Батырға музей ашылатын болып, ескерткіші алдында салтанатты жиын болды. Жақын елді мекеннің бәрінен келген жұртта есеп жоқ. Жиынды облыс әкімі С.Үмбетов өзі ашып, бірнеше адамға сөз берді. Мен Серік Әбікенұлына Гүлтас өлең оқыса деп өтініш жасап едім, Секең мәдениетті адам ғой, Гүлтасты шығарды. Өлеңді жұрт өте жақсы қабылдады. Себебі, Гүлтас жүрегімен жазып, шынайы сезіммен оқыды. 9 шумақ өлеңін мынадай сөздермен аяқтады.
Сендей адам өмірге екі келмейді,
Лебізіңе елің талай шөлдейді.
Алаш аман тұрса, ағайын, өмірде
Бауыржандай батыр қазақ өлмейді.
Бұл бәріміздің ойымыз ғой. Ал Гүлтастың батырға арнаған бір топтама өлеңдері бар екен. Әні-міні дегенше батыр ағамыздың 100 жылдығы да келіп қалды. Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлігі ең жақсы патриоттық әнге конкурс жариялады. Осыған дейін Гүлтас сөзін, ал Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті музыка факультетінің деканы Гүлнұр Өмірбаева музыкасын жазған Домалақ анамызға арналған «Нұр дидарлы Нұрила» деген әдемі ән шыққан. Енді үлкендігімді пайдаланып мына конкурсқа қатысыңдар деп қолқа салдым. Ән шықты. Және сол конкурста І орынға ие болды. Жұртшылыққа 4 томдық түсіндірме сөздіктің авторы ретінде кең танымал этнограф ғалым, жазушы, саяхатшы В.Даль қазақ даласында болған екен. Бірнеше тілді, соның ішінде қазақ тілін тәп-тәуір меңгеріпті. Өзінің сол сапарларының бірінде жазған «Бикей и Мауляна» деген повесінде қазақ қызын былайша суреттейді. «Откуда в этой красавице, в этой степной певице сверкающий, острый ум, тонкая музыкальность, высокий поэтический дар? Ей не нанимали гувернанток, ее не держали в модном пансионе, да знает ли она, что такое книга!» Меніңше, құрметті ғалым кейінірек біздің халқымыздың өзіне ғана тән, ғасырлар бойы қалыптасқан педагогикалық мәдениеті болғанын байқаған шығар. Сол ұлағаты мол ұлттық тәрбиенің жемісі екенін түсінген болар. Ал мен ғалымның жоғарыда айтылған сөздерін оқығанда Гүлтас сияқты қыздарды елестеттім. Бір сәтте шумақ-шумақ өлеңдерін төгіп жібергенде қызығасың, сөйлейтін жерінде, әсіресе, намыстанса есесін жібермей, шешен сөйлеп кеткенде сүйсінесің. Әңгіме ұлттық құндылықтарымыз туралы болса, тіпті жігерленіп кетеді. Ал өлең оқығанда ерекше қанаттанып қалады. Мектепте оқып жүргенде жазғы дем-
алысын әке-шешесімен ылғи жайлауда өткізетін Гүлтас ат құлағында ойнаған, тіпті қазір де қала жағдайында Ербол екеуі ипподромға барып, атпен жүріп қайтуды әдетке айналдырған десе сенесіз бе? Яғни әже Гүлтас та таңғалдыруда. Осы қасиеттер қайдан бастау алды?
Гүлтас Сайынқызы 1958 жылдың маусым айының 9-да Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Күреңбел ауылында мезгілінен ертерек, жеті айлығында дүниеге келіпті. Өзінен туған қыздары өле берген әжесі: «Осы қызым тұрады. Атын Гүлтас қоямын. Тасқа біткен гүлдей мықты болсын», депті. Гүлтастан соң Шәрбану, Индира, Света деген үш сіңлісі бар. Жас кезінде-ақ әкесінің ұлы жоқтығын білдірмес үшін ол шөп шапса да, мал бақса да ер балаша киініп алып әкесіне көмектесіп, жанында жүреді екен. Қалбүбі әжесінің, яғни «Күн апасының» қолында өскен соң, әкесіне қарындасындай еркін сөйлеп, шешесіне жеңеше дейтін болған. Өсе келе әкесінің дос көңілді сырласындай болыпты. Бір жолы әкесіне «Сәке, саған шешем екінші әйел алуға рұқсат берді ғой. Тіпті ол әйел ұл туып берсе, басыма көтеремін», деп еді ғой. Сен неге соны жасамадың? Сен бізге бауыр керек екенін неге ойламадың? –
депті. Біраз үнсіздіктен соң әкесі: «Өкінетін еш нәрсе жоқ, бұған да тәубе, сендерді бергеніне рахмет. Қыздарым төрт ұл (төрт күйеу бала) әкелді, немерелерім бар. Тек бір арманым Алла менің жанымды алса да, Сырымтайыма (Гүлтастың үлкен ұлы) денсаулық берсе екен», депті. Әкесінің тірі кезінде сол елдің шежіресін жасаушылар «Сайыннан Гүлтас» деп жазғанын көріп қуаныпты. Ал Гүлтас ағайын-туыстарына, шежіре авторларына алғысын айтып: «Қыз дегенге қимаған қайран елім, қадіріңе жетем бе, енді сенің?», деп хат жазып, ал «Тамшы сөздеріне» «Қыз болсам да жүрегімде елімді жылытар от бар, айналайын ағайын, кеудемде жаным болса, жылуымды сендерден аямаспын», деп қосыпты. Меніңше, Гүлтас Сайынқызы бүкіл болмысымен, білім-білігімен, ізгілікті іс-әрекетімен айтқан сөздеріне берік екенін дәлелдеп келеді.
Гүлтас сөз құдіретін ерте түсінген. Ол әжесінің ертегілерін, қазақтың әдет-ғұрып, салт-дәстүрі туралы ауыз әдебие-
тімізде сақталған әңгімелерін естіп өскенін, шешесінің тоқымасын тоқып отырып, қыздарына қазақ ертегілерін, ғашықтық жырларын, батырлық жырларын, кей жыр-дастандардың мазмұнын айтып отырады екен. Сөз құдіретін ертерек түсінуінің бастауында, сөз жоқ, аналары тұрған. Әрине, мектептегі, университеттегі ұстаздарының ой-санасының өсуіне, мамандығы бойынша шыңдалуына, қазақ әдебиетінің мол қазынасына жол сілтеуінің орны бөлек. Гүлтас әжесі, ата-анасы туралы ғана емес, бүкіл аға-жеңгелері, әпке-жезделері, қайын жұрты, достары мен ауылдастары туралы эссе-әңгімелер, арнау өлеңдер жазған. Мәселен, Гүлтастың Қазына енесінің рухына арнаған мына өлеңінде:
Еланам-ау ардақты,
Жан едің анам жан-жақты.
Қайыңдыдағы бұлақтай,
Сөнбейтін мәңгі шырақтай, дегеніне қарағанда екінші анасының да болмысы атына сай қазыналы болғаны ғой. Бұл жолы да Гүлтас «Енеңді сыйласаң, ене болатыныңды ұмытпа, Қартты сыйласаң, ертең өзің де қартаятыныңды есіңе ал», деген қамшы сөзімен түйіндейді. Айналасындағы адамдардың бәріне көңіл сыйлауға осынша мейірім қайдан келіп жатыр? Жақындарына арнаған, туған жері туралы кітаптарын оқып отырғанда осы сұраққа жауап келген сияқты. Гүлтас берекелі отбасында дүниеге келіп, мейірімге шомылып өсті. Көзін ашып көргені – ата-анасы, туыс-
тары, олардың достары арасындағы сыйластық, үлкенге құрмет, кішіге қамқорлық. Соңғы жылдары елімізде «Мерейлі отбасы» байқауы өтіп жүр. Отбасылық құндылықтарды кеңірек насихаттау керек-ақ.
Гүлтас Сайынқызы ұстаздық қызметінің бірінші күнінен қазақ жастарын елін, жерін сүюге, туған халқының мүддесіне риясыз қызмет етуді Алланың берген сыйы, ал оның ұлттық құндылықтарын ең басты байлығым деп қабылдауға тәрбиелеп келеді. Оның дәлелі – шәкірттерінің сөзі. Осыдан он жыл бұрын Гүлтастың мектептегі және КБТУ-дағы шәкірттері сүйікті ұстазының елу жылдығына екі тілде «Ұстаз туралы сөз» – «Слово об учителе» деген 250 беттік кітап шығарыпты. Сонда Махатова Аделина: «Апайдың жүрегінен нұр жауып тұрады. Біз сол нұрға асығамыз», десе, Халидуллин Руслан: «Ол қазақ тілін, қазақ ұлтын жанындай сүйеді. Оның Отанына патриоттық сезімі өте терең. Осы үш айдың ішінде ұйықтап қалған жүрегіміз оянды, қазақ ұлты бар екенін, ұлты еркін екенін сезе бастады. Осы адам болмаса, өмірге көзқарасым мүлдем төмен болар еді. Иә, ол адам – Гүлтас апай!», депті. Ал кейінгі жылдардағы студент шәкірттерінің бірі Ерден Серікбай ұстазы туралы: «Дәл қазіргі уақытта Орал қаласы дарынды балаларға арналған мектеп-лицей интернатында физика пәнінің мұғалімімін. Бұл менің уақытша жұмысым емес, бұйырса, еңбек жолымды осылай жалғастырамын. Бұл таңдауыма университеттің қазақ тілі кафедрасының басшысы, ұстазым, екінші анам Гүлтас Сайынқызы себепкер болды. Ұстазымның өнегеге толы лекциялары халқыма аянбай еңбек етуге үйретті. Енді ұстаз болудан артық мамандық жоқ мен үшін. Университетте көріп-білгенімнің барлығы өз ісімді сапалы атқаруға көмегін тигізіп жатыр», – деп жазыпты. Осы сөздерді оқығанда ойлы жастарымыз бар екеніне, бұлар болашақта қазақтың тұлғалы азаматы болады деп қуандым. Олардың пәк жүрегінен шыққан таңғы шықтай тап-таза сезімін білдіретін сөздер сүйікті ұстазына қуаныш пен жақсы көңіл сыйлап тұратын шығар. Себебі шәкірттерінің шынайы құрметіне бөлену ұстаз үшін бақыт емес пе? Гүлтас мамандығын дәл және махаббатпен таңдапты. Сондықтан да ол өз ісіне өте адал, оқу аудиториясына қуанып кіріп, қуанып шығады.
Гүлтас отбасылық өмірде де бақытты. Сүйікті жар. Аяулы ана. Қызы Шынар Абай атындағы ұлттық педагогикалық университеттің Халықаралық құқық факультетін, ал Саят Қазақ-Британ университетін бітіріп, екеуі де өз мамандығы бойынша еңбек етуде. Ербол мен Гүлтас үш немере сүйіп отыр. Олардың көрер жақсылықтары көп болсын, Алла ғұмыр берсін деп тілеймін.
Шәмша БЕРКІМБАЕВА
Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері