Аймақтар • 19 Маусым, 2018

Катонқарағайда қараусыз қалған алма бағы қайта қалпына келтірілмек

825 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Катонқарағай ауданының Солоновка ауылындағы 30 жылға жуық уақыт қараусыз қалған алма бағы қайта қалпына келтірілмек. Кезінде бұл жерде алма, қарақат пен таңқурай жайқала өсіп, ауыл тұрғындарының көз қуанышына айналған екен. 

Катонқарағайда қараусыз қалған алма бағы қайта қалпына келтірілмек

«Мен бұл бақта 1969-1978 жылдары жұмыс істедім. Мыңға жуық жеміс ағаштары жайқала өскен тамаша бақ еді. Колхоз алмаларды күзге таяу көлікпен аудандағы әртүрлі мекемелерге апарып сататын. Бақтың негізі 1952 жылы Солоновка ауылының тұрғыны Филимон Бердюгиннің бастамасымен қаланған. Ол кезде колхозда дені дұрыс техника да болған жоқ. Сондықтан Филимон ұлдары Николаймен және Владимирмен бірге қолына күрек алып, бірнеше шақырым арық қазды. Ол алма бағындағы әрбір талға өз балаларындай үлкен қамқорлық жасады», деп еске алады осы ауылдың тұрғыны, зейнеткер Лидия Короткова.

«Бақпаса мал кетеді» дегендей, Ф.Бердюгин 1980-жылдардың аяғында зейнеткерлікке шыққаннан кейін алма бағы да қараусыз қалып, ағаштары шабылып, мал жайылатын жерге айналады. Биыл жыл басында Катонқарағай ауданының әкімі Ахметқали Нұрғожин өткізген есепті кездесуде ауыл тұрғындары алма бағын қалпына келтіру жөнінде ұсыныс айтыпты. Ұсыныс қолдау тауып, көктемде жергілікті мектеп, әкімдік қызметкерлері мен аудан орталығы – Үлкен Нарыннан келген еріктілер көмегімен бақта бірнеше мәрте сенбілік ұйымдастырылып, аумақ толық тазартылып, артық ағаштар кесіліпті. 

Ұрпаққа үлгі боларлық игі іске осы ауылдың тумасы, аудандық емхананың бас дәрігері Сәуле Байгереева да атсалысқан.

«Біз биыл Солоновкадағы бақтағы оншақты алма ағашына жаңа алма бұтақтарын байлап, жалғадық. Егу жұмыстары дейміз ғой. 40-қа жуық ағашты келесі жылға дайындап жатырмыз. Свинчатка деген ауылда алмалар жақсы өседі. Сол жерден осында әкеліп отырғызсақ па деген ойымыз бар», дейді туған ауылының ертеңіне бейжай қарамайтын дәрігер. 

Азамат ҚАСЫМ, 
«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы, 

Катонқарағай ауданы