Жуырда Шымкент қаласы тұрғындарының миллионға жетуіне байланысты жергілікті әкімдік пен мәслихат республикалық маңызы бар қала мәртебесіне қатысты бірлескен шешімге қол қойған болатын. Сондай-ақ облыс орталығын Түркістан қаласы ету жөніндегі ұсыныс та жасалды.
Әрине, бұл ізгі қадамдардың барлығы жан-жақты сараланып, барлық мәселе есептеліп-ескеріліп жасалып отыр. Өңірдегі демографиялық өсімді, әлеуметтік-экономикалық даму деңгейін сараптаған Елбасы Шымкенттің мегаполис атанатынын осыдан 3-4 жыл бұрын айтқан болатын. Енді міне Ұлы түркі бабаларымыздың түпқазығы саналатын қасиетті өлкені – Түркістан облысы деп атау жөніндегі Елбасының көреген шешімі өңір халқын қуантып отыр. «Түркістан» атауы Ұлы Даланың дәуірі мен дауысын бүгінге жеткізіп тұр.
Түркістан – рухты жігерлендіріп, Алашты арқаландырып, тағдырлы кезеңдерде қазақ дейтін халықты сақтап, берекесін арттыра білген, хандар мен билердің, батырлардың мәңгілік мекеніне айналған қасиетті жер. Түркістанның облыс орталығы ретінде даму мүмкіндігі мол екенін сеніммен айта аламын. Оның даму әлеуетінің жоғары екендігіне ілгеріде осы қала әкімінің орынбасары қызметін атқарып жүргенде көз жеткізген болатынмын. Түркістанның 1500 жылдық мерейтойында штаб басшысы ретінде де қаланың өсіп-өркендеуіне өз үлесімді қостым. Туризм саласы бойынша да қаланың әлеуеті мол және облыс орталығы ретінде әлемдік аренада еліміздің беделін, мәртебесін көтеретініне сенімдімін.
Түркістанға, облыстың атауына қатысты Елбасы, Нұрсұлтан Назарбаев тағдырлы және тағылымды шешім қабылдады.
Серікбай ИБАДУЛЛАЕВ,
облыстық мәслихаттың
депутаты, «Құрмет» орденінің иегері
ШЫМКЕНТ