19 Ақпан, 2010

ЖҮЛДЕГЕР ЖУРНАЛИСТЕР

1194 рет
көрсетілді
28 мин
оқу үшін
Елімізде алғаш рет өнеркәсіп тақырыбына маман­данушы қазақ тілді журналистер үшін ұйымдас­тырыл­ған шығармашылық конкурсты ENRC (Еуразиялық табиғат ресурстары корпорациясы) және “Егемен Қазақстан” республикалық газеті” акционерлік қо­ғамы өткізді.Оны ұйымдастырушылардың анықтауы бойынша конкурстың миссиясы мемлекеттік тілге нақтылы қолдау көрсету, қазақ тілді журналистердің кәсібилігін арттыру, медиа-салада жаңа экономи­калық ойлауды қалыптастыру болып табылады. Конкурсқа еліміздің барлық өңірлерінен дерлік экономика тақырыбына қалам тербейтін журналистер өздерінің 2009 жылы аудандық, қалалық, облыстық, ведомстволық, республикалық газеттерде жариялан­ған үздік  жұмыстарын ұсынды. Оның қорытынды­сын шығару барысында оған қатысушылардың кәсіби шеберлігі мен жарияланымдардың өзектілігі басты өлшем болды. Сенат депутаты, көрнекті публицист Қуаныш Сұлтанов бастаған қазылар алқасы конкурстың сегіз жүлдегерін анықтады. Бірінші орынға және 500 мың теңге мөлшеріндегі ақ­шалай сыйлыққа республикалық “Егемен Қа­зақ­стан” газеті бас редакторының орынбасары Сейфолла Шайынғазы арнаулы жоба – екі жылдың ішінде отандық мерзімді басылымдағы терең мағыналы та­қы­рыптық қосымшалардың біріне айналған арнаулы “Үкімет” беттерін дайындағаны үшін ие болды. Мақалаларының өзектілігі және шығармашылық із­деністері үшін әрқайсысы 300 мың теңге көле­мін­дегі екінші сыйлықтармен республикалық “Жас қа­зақ” газетінің экономика және талдау бөлімінің ре­дакторы Гүлзат Смағұлова (Нұрмолдақызы) және рес­пуб­ликалық “Айқын” газетінің Астана қаласы бой­ынша меншікті тілшісі Айхан Шәріп марапатталды. “Мұнайлы астана” газетінің (Атырау облысы) бас редакторы Құттыкерей Смадияр, Ақмола облыстық “Арқа ажары” газетінің тілшісі Шынар Байтықова, “Қазақстан темір жолы” ҰК баспасөз қызметінің қызметкері Ескендір Ертаев салалық бағыттағы әзірленімдеріндегі дәйектілігі үшін атап өтіліп, оларға ноутбуктер тапсырылатын болды. Өнеркәсіп тақырыбына деген қызығушылығы үшін арнаулы ақшалай сыйлықтарға Павлодар облыстық “Сарыарқа самалы” газетінің шолушысы Нұрбол Жайықбаев пен облыстық “Маңғыстау” газетінің шолушысы Әбдіғалым Сәркенов ие болды. Медиа-конкурс ENRC компаниясының БАҚ-тағы мемлекеттік тілге қолдау көрсету жөніндегі стратегиялық бағдарламасының табысты бір жобасы болды. Өткір қажеттілігіне және әлеуетті болашағына байланысты Еуразия корпорациясы өнеркәсіп тақырыбына маманданушы қазақ тілді журналистерге арналған шығармашылық конкурсты дәстүрлі жасап, оны “Егемен Қазақстан” газетімен бірлесіп, жыл сайын өткізуге шешім қабылдады. ЖОЛДАУДЫ ТҮСІНДІРУ – ҮЛКЕН ІСТІҢ БАСТАУЫ 18 ақпанда Астана қаласындағы Президенттік мәдениет орталығында “Жаңа онжылдық – Жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Елбасының Қазақстан халқына Жолдауын насихаттаудың мәселелеріне арналған республикалық семинар-кеңес өтті. Іс-шараға Президент Әкім­ші­лі­гінің, Премьер-Министр Кеңсе­сі­нің басшылығы, вице-министрлер, министрліктердің жауапты хат­шы­лары, облыстар, Астана және Алматы қалалары әкімдерінің орынбасарлары, орталық және жергілікті ат­қарушы органдардың қызметкер­ле­рі, ЖОО ректорлары, респуб­ли­калық БАҚ жетекшілері, “Нұр Отан” ХДП және басқа да қоғам­дық ұйымдардың өкілдері қа­тысты. Кеңесте Жолдау тақырыптары бойынша түсіндіру іс-шараларын ұйымдастырудың негізгі әдістері тал­қыланып, әртүрлі әлеуметтік топтармен жұмыс жөніндегі ұсы­ным­дар әзірленді. Ақпараттық жұ­мыстың, соның ішінде респуб­ли­калық ақпараттық-насихаттық топ­­тар (РАНТ) жұмысының оң­тай­лы пішіні мен жүргізу әдіс­тері айқындалды. Ішінара алғанда РАНТ жұмысын өндірістік кә­сіп­орындар мен ауылдық аудандарға үлкен көңіл бөле жүргізу ұсы­нылды. Сонымен қатар, іс-шара шеңбе­рінде Жолдауда белгіленген нақты салалар – экономика, индустрия­лан­дыру, білім беру, әлеуметтік қор­ғау және т.б. салалар қима­сын­дағы міндеттерді жүзеге асыру жөнінде түсініктемелер берілді. Семинар барысында Прези­дент Әкімшілігі Басшысының орын­басары М.Әшімбаев, Мәде­ниет және ақпарат министрі М.Құл-Мұхаммед, Индустрия және сауда министрі Ә.Исекешев, Білім және ғылым министрі Ж.Түймебаев, Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау министрі Г.Әбдіқалықова, “Нұр Отан” ХДП хатшысы Е.Қарин, Қостанай облысы әкі­мінің орынбасары С.Бектұрғанов, С.Аман­жолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік универси­тетінің ректоры Б.Мамыраев баяндама жасады. Сондай-ақ Сыртқы істер, Ден­саулық сақтау, Туризм және спорт министрліктерінің құрылымдық бөлімшелерінің басшылары Жол­дауды іске асыру жөніндегі шара­лар туралы нақты ақпараттар берді. Жұмыс қорытындысы бойын­ша барлық РАНТ мүшелеріне жергілікті жерлерде жұмыстар жүргізу үшін ақпараттық-әдіс­темелік материалдар пакеті табыс етілді. Үкімет мүшелері жетекшілік ететін барлық топтар 22 ақпан мен 5 наурыз аралығында сапарға шы­ғатын болады. Жергілікті атқарушы органдар өкілдеріне көрнекі үгіт құралдарын әзірлеу кезінде бірыңғай үлгі-қалыптарды ұстану ұсынылды. Осыған байланысты Мәдениет және ақпарат министрлігі әзірлеген ди­зайнерлік әзірлемелер таратылып берілді. Суретті түсірген И.БУРГАНДИНОВ БАСТАМАЛАРДЫҢ БАСЫМ БАҒЫТТАРЫ А.Тоқмағамбетов атындағы мәде­ниет үйінде Қызылорда қа­ла­сының әкімі Мұрат Ергешбаев Елба­сының үстіміздегі жылғы Жол­дауының басым бағыттары және одан туындайтын міндет­терді жүзеге асыру шараларына арналған актив жиынын өткізді. Елімізде “Балапан” бағдарла­масын іске асыру көзделіп отыр. Бұл бағдарлама бойынша мектеп­ке дейінгі балалар мекемелері жұ­мысын жан­дандыра түсу керек бо­лады. Биылдан бастап 13 көп­қабатты үйден тұратын “Жібек жолы” шағын ауданының негізі қалана бастайды, деді М.Ергеш­баев. Газдандыру жұмыстары одан әрі қарқын алмақшы. Актив жиынында отандық білім беру жүйесін дамыту туралы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мем­ле­кеттік университетінің рек­торы Байзақ Момынбаев өз ойын ортаға салды. Қала прокуроры­ның орынба­сары Бағым Кәрбозов жиналған қауымды құқық қорғау жүйесінде реформалар басталаты­нынан ха­бардар етті. Мемлекеттің әлеуметтік сала саясатындағы басты басымдық халықтың жұмыспен қамтылуы болып  табылады. Осы орайда қа­лалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлі­мінің бастығы Күлшара Ембер­генова үстіміздегі жылы “Жол картасы” бағдарламасы бойынша 4 мыңдай адам жұмыспен қамты­латынын жеткізді. Актив жиынында  Жолдаудан туын­дайтын міндеттерді орындау бар­шаның ісі екені қадап ай­тыл­ды. Еркін ӘБІЛ, Қызылорда. “ӨРЛЕУДІҢ” КЕЗЕКТІ ОТЫРЫСЫ “Нұр Отан” халықтық-демо­кра­тия­лық партиясы Үкіметтің көптеген мемлекеттік және сала­лық бағдарла­маларын дайындауға, сондай-ақ сарап­тамалық баға­лары­на белсенді қатысып келеді. Орталық аппаратта өткен “Нұр Отан” партиясы жанындағы “Өрлеу” эко­номикалық клубы жиынында Қа­зақстан Республикасының Прези­денті, партия Төрағасы Н.Ә.Назар­баевтың “Жаңа онжылдық – жаңа эко­номи­ка­лық өрлеу – Қазақстан­ның жаңа мүмкіндіктері” Жолдауын жүзеге асыру мәселелері талқыланды. “Нұр Отан” ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығ­ма­тулин атап өткендей, “Ел Президенті, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назар­баев­­тың жаңа, индустриялы Қазақстан қалыптастыру туралы идеясына бірігу арқылы біз елімізде жаңа экономика, жаңа өндіріс, еңбекақысы жоғары жаңа жұмыс орындарын құрып, экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз ете аламыз”. Сондай-ақ жиында “Өрлеу” экономикалық клубының 2010 жылға арналған мемлекеттік және жеке меншік әріптестік институтын дамытуға, Қазақстанның бизнес климатына, билік пен бизнестің бірлесіп әрекет етуінің тиімді қазақстандық үлгісіне қатысты жұмыс жоспарлары тыңдалды. Бұлардың барлығы Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында айтылған, Қазақстанның 2020 жылға дейінгі дамуының негізгі тетіктерін есепке ала отырып қаралатын болады. “Егемен-ақпарат”. ҚҰҚЫҚТЫҚ РЕФОРМАНЫҢ ОҢ ҮРДІСІ Елордада 2 күнге созылған азаматтардың ар-намысы мен бостандығын сақтау және оларды түрлі деңгейдегі азаптаулардан қорғау мәселелеріне арналған халықаралық конференцияда еліміздің орталық мемлекеттік органдары мен құқық қорғау ұйымдары ұлттық алдын алу тетіктерін құру және Қазақстанның заң шығару органына бекіту мәселесін жан-жақты талқылады. Орталық Азиядағы Халық­аралық түрме реформасы өкілдігі ұйымдастырған, еліміздің Әділет министрлігі, Парламент Мәжі­лі­сінің заңнама және сот-құқықтық реформа жөніндегі комитеті, Ұлы­британияның үкіметі, ЕҚЫҰ-ның Астана қаласындағы Орталығы қол­дау көрсеткен бұл шараға БҰҰ-ның қарамағындағы тиісті бағыт-бағдары бар комитеттің мүшелері Зденек Хайек және Мария Дефинис-Гоянович, сон­дай-ақ үкіметтік емес ұйымдар жетекшілері, ғалымдар мен құқық қорғаушылар қатысты. Елбасының биылғы Жолдау­ын­да парламенттік және қоғамдық бақылауды, оның ішінде құқық қорғау саласындағы бақылауды күшейту бағытында нақты тап­сыр­малар жүктелгені белгілі. 2008 жылы еліміз Адамның ар-на­мысын аяққа таптау мен азаптау, зорлық-зомбылық көрсетуге қарсы конвенцияның Факульта­тивтік хаттамасына қол қойған болатын. Ал бұл құжатқа сәйкес, Қазақстан өткен жылдың соңына дейін ұлттық превентивті тетік­тердің үлгісін әзірлеп, оны заңдық тұрғыда бекіту қажет болатын. Алайда, бұл мәселені жүзеге асы­руда кейінге шегеру құқығы пай­даланылып, оны оңтайландыру міндеті 2010 жылдың сәуір айы­ның соңына қалдырылған. Халықаралық жиында сөз алған Әділет министрлігі өкіл­де­рі­нің сөзіне қарағанда, бұл мәсе­ленің кейінге шегерілуі – аталған заң жобасына арнайы ғылыми және жемқорлыққа қарсы сарап­та­ма жүргізілуі қажеттігіне байла­нысты болған екен. Бұл мақсатқа жылына 200 млн. теңге көлемінде қаржы бөлінуі тиіс. Олардың сө­зіне қарағанда, аталған іс-шаралар еліміздегі құқықтық саланың же­тілуіне, жазаға тартылған жандар­дың жағдайын халықаралық стан­дартқа жақындатуға, сол арқылы аталған заң жобасының жоғары деңгейде әзірленуіне ықпал етпек. Мәселен, Адам құқықтары жө­ніндегі уәкіл Асқар Шәкіровтің сө­зіне қарағанда, ұлттық превен­тив­ті тетіктер үлгісін жасау – жазаланушы азаматтардың құқы­ғын қорғауды күшейтуге ықпал ет­пек. Ал БҰҰ-ның Астана қала­сындағы Орталығының жетекшісі Александр Кельчевский қоғамдық бақылаудың бірыңғай ұстаным­дарын әзірлеу мен ұлттық пре­вен­тивті тетіктердің үйлестіруші ор­ганын құрудың маңызы айрықша екеніне тоқталып өтті. Оның пі­кірінше, қоғамдық бақылаушылар тек Әділет министрлігі мекеме­лерін ғана емес, сондай-ақ Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Ішкі істер, Денсаулық сақтау, Білім және ғылым, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, сондай-ақ Қорғаныс министрліктерінің мекемелерін аралауға да толықтай мүмкіндік алуы тиіс. Жиында халықаралық түрме реформасының атқарушы дирек­торы Ханн Элисонның айтқан ой-пайымы да көптің көңілінен шық­ты. Оның айтуынша, азаматтарды бас бостандықтарынан айыратын жерлерге тәуелсіз қоғамдық ба­қы­лау жүргізу арқылы түрлі дең­гей­дегі азаптаулардың алдын алуға, сол арқылы заңсыз жәбір көрсе­тушіліктің жолын кесуге болады. Ал Әділет вице-министрі Дулат Құсдәулетов аталған жоба бойын­ша министрлік жанынан арнайы жұмыс тобы қүрылғанын, оның жұмысына ғалымдар мен үкіметтік салалардың өкілдері тартылғанын атап өтті. “Бұл жүйені құру үшін көптеген заңнамалық актілерге өзгерістер енгізілуі қажет”, дейді Д. Құсдәулетов. Бір атап өтерлігі, адам құқық­тарын қорғау мен азаматтарды түрлі деңгейлердегі азаптаулар мен зорлық-зомбылықтан құтқару ба­ғытындағы шаралар бұдан бұрын да жүзеге асырылып келген. Мә­се­лен, 2009 жылдың аяғында Жо­ғарғы Сот жеке адамның абыройы мен қадір-қасиетіне қол сұғыл­маушылық және олардың бос­тан­дығын қорғау мәселелері бой­ын­ша арнайы нормативтік қаулы қабылдаған болатын. Бұған қоса, Бас прокуратура, Ұлттық қауіпсіз­дік комитеті, Әділет, Ішкі істер министрліктері арасында бірлес­кен бұйрыққа қол қойылған. Оның мақсаты – бас бостан­дығынан айырылған азаматтарды азаптау, жәбір көрсету оқиғаларын анықтау үшін құқық қорғау ор­гандары мен азаматтық қоғам субъектілерінің арасындағы өзара байланысты нығайту. Сол себепті, еліміздегі тәуелсіз өңірлік бақылау институттарының жұмысын бір жүйеге келтіру бастамасы да осы­лардың заңды жалғасы болмақ. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ. ТІЛ ҮЙРЕНУШІЛЕРГЕ ТИІМДІ ТӘСІЛ Мәдениет және ақпарат ми­нис­трлігінің Тіл комитетінде “Қа­зақстан Республикасы мемлекеттік қызметшісінің тілдік портфелі” жүйесінің тұсаукесер рәсімі өткізілді. Министрліктің жауапты хатшысы Жанна Құрманғалиева бұл жүйенің – Елбасының мемлекеттік тілді үйрету үдерісінде жаңашыл жобаларды ба­тыл қолға алу қажеттігі туралы тап­сырмасына орай әзірленіп, елімізде тұңғыш рет жүзеге асырылғалы отыр­ған жаңа жоба екенін атап өтті. Осы­ған орай, бұл жобаны қол­да­ныс­қа ен­гізу жұмыстарын кешенді түрде, яғни озық тәжірибе ретінде тарату, на­сихаттау, жетілдіру мақсатында жан-жақты атсалысу қажеттігіне тоқталды. “Қазақстан Республикасы мем­ле­кеттік қызметшісінің тілдік портфелі” жүйесі 19 оқу құралынан тұратын кешен ретінде маз­мұндық және сапалық сипаты тұрғысынан әлемдік озық оқу-әдістемеліктермен деңгей­лес болып отыр. Бұл кешенді жүйе тілді үйренудің еуропалық үлгісіне сай бірінші деңгейден алтыншы деңгейге дейін меңгеруді қамтамасыз етеді. Яғни, тілді үйренуші алғашқы дәрістен бастап әр деңгей сайын өзіндік білімін бағалау арқылы алтыншы деңгейге жеткенде тілді толық меңгеріп шығуы шарт. Жоба ТМД елдерінде Ресейден кейін бізде ғана жүзеге асырылып, оған Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы мұрындық болып отыр екен. Тұсаукесер барысында бұл жүйе туралы Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Біржан Белғара толықтай түсініктеме берді. Сондай-ақ, бір­қа­тар ғалымдар, тіл мамандары кешенді жоба жөнінде өз ойларын ортаға салып, пікір алмасты. Берік САДЫР. СӘТІМЕН ҚОРҒАЛҒАН ҰЛТТЫҚ БАЯНДАМА Үстіміздегі жылдың 12 ақпанында еліміз БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесінде Адам құқы саласындағы әмбебап ұлттық баяндаманы зор табыспен қорғады. Бұл жөнінде кеше Мәдениет және ақпарат министрлігінде өткен баспасөз мәслихатында Женева қаласында Ұлттық баяндаманы қорғап қайтқан қазақстандық делегация өкілдері мәлім етті. Баспасөз мәслихатына Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тап­сырмалар жөніндегі елшісі Мәдина Жарбосынова, Мәдениет және ақ­парат вице-министрі Ғазиз Телебаев, Президент жанындағы Адам құ­қық­тары жөніндегі комиссияның хат­шысы Тастемір Әбішев және Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орта­лы­ғының жетекшісі Вячеслав Калюж­ный қатысты. Мәдина Бинешқы­зының айтуынша, еліміз тәуелсіздік ал­ғаннан бері адам құқы сала­сын­дағы 60-тан астам көпжақты халық­аралық шарттар мен келі­сімдердің қатысу­шысы болып табылады. Елі­міз бұл жолы да ТМД және Орталық Азия елдері арасында тұңғыш рет дайын­далған Ұлттық іс-қимыл жос­парын көпшілік назарына ұсынған. Оған 80-ге жуық ел жазылса, үш сағат­тық интерактивтік үндесу кезе­ңін­де 54 мемлекет сөйлеп үлгеріпті, ал қал­ған­дары өз ұсынымдарын Кеңес хатшы­лығына табыс еткен. Қатысушылар Қазақстандағы адам құқын қорғау саласындағы жетіс­тіктерді оң баға­лап­ты. Әсіресе, 2009 – 2012 жыл­дар­ға арналған адам құқын қорғаудың жоспары мен 2010 – 2020 жылдарға арналған құқықтық саясатты ары қарай жетілдіруге арналған тұ­жы­рымдама ерекше аталып өтілген. Сондай-ақ кейбір кемшін тұс­тар­ға да назар аударылғаны белгілі бол­ды. Еліміз Азаптауларға қарсы кон­вен­цияның қатысушысы болып та­был­ғанымен, кейбір құқық қорғау қыз­меттері азаматтарды қорлауға, ар-ожданын аяққа басуға жол бе­ре­тін­дігіне байланысты бірқатар ұсыным­дар көлденең тартылыпты. Сол сияқ­ты сот жүйесінің тәуел­сіз­дігін қамта­масыз ету, сот төрелігін іске асыруда әй­елдер мен бала­лардың құқын сақ­тау және адам құқын қорғайтын инс­ти­туттар жұмысын барынша жетілді­ру мә­селелері де назардан тыс қал­ма­ған. Әйтсе де еліміздегі басты же­тістік ұлттық татулық пен саяси тұрақ­­ты­лық екені ерекше аталып өтіліпті. Тағы бір белгілі болғаны – еліміз үстіміздегі жылдың маусым айында БҰҰ Адам құқықтары жө­ніндегі ке­ңестің Адам құқы сала­сындағы әм­бе­бап шолуға арналған кезекті оты­ры­сында ұлттық баян­даманы толық бекітуді көздеп отыр. Жалпы, ЕҚЫҰ төрағасы ретінде елімізге ерекше ықы­лас таныты­лып, адам құқы қан­дай дәрежеде екендігіне қызығушы­лық танытқан мемлекеттер саны ар­тыпты. Осыған орай құрамында ор­та­лық мем­лекеттік атқарушы орган­дардың, Адам құқы жөніндегі комис­сияның және Адам құқын қорғау ұлттық ор­талығының 22 мүшесі кір­ген қазақ­стандық делегацияны вице-премьер Ербол Орынбаев бастап барыпты. Әмбебап шолу БҰҰ-ға кіретін 192 ел­дің барлығында жүргізілсе, ол төрт жылда бір рет қорғалады екен. Яғни, 1 жылда 48 мемлекеттен өте­тін болса, төрт жылда ол түгел жү­зеге асуы тиіс. Осыны есепке алсақ, енді еліміз келесі Ұлттық баян­да­ма­ны 2014 жылы қорғайтын болады. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ. ҒАРЫШ САЛАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ Жуырда Ұлттық ға­рыш агенттігінің тө­ра­ғасы Талғат Мұсабаев бастаған Қазақстан деле­га­циясы Таиландта өт­кен Азия және Тынық мұ­хиты аймағының ғарыш агенттіктері форумы­ның 16-сессиясы кезінде Жапонияның әуеғарыш­тық зерттеулер агент­тігінің мамандарымен кездесу өткізді. Кездесуде екі мәселе, алдағы уақытта 200-ден 500 килоға дейін тартатын және салмағы 10 килоны құрайтын шағын спут­никтер құрудың перспек­ти­валары мен ғарыш ғылымын дамыту мәселелері қаралды. Жүздесу соңында Қазақстанның Ұлттық ғарыш агенттігінің төра­ғасы мен JAXA президенті Кейд­жи Тачикава екі ел агент­тіктерінің арасында ғарыш са­ласындағы ынтымақтастықты нығайту жөнінде келісімге қол қойды. Дастан КЕНЖАЛИН. КЕДЕН КОДЕКСІ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ Сәрсенбіде Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитеті дип­ло­матиялық миссиялар мен елімізде аккредиттелген халықаралық ұйым­дар өкілдері үшін Кеден одағы Кеден кодексінің тұсаукесерін өткізді. Онда Кедендік бақылау коми­те­тінің төрағасы Қозыкөрпеш Кәр­бозов кеден қызметін жаң­ғыр­ту, оның заңнамалық базасын же­тілдіру, халықаралық қатынас­тар­ды, оның ішінде жаңадан құ­рыл­ған Кеден одағы шеңберінде те­рең­дету мен дамыту бойынша жүр­гізіліп жатқан жұмыстар туралы әңгімеледі. Кеден одағының негізгі тіні Беларусь, Қазақстан және Ресей мем­лекеттері басшыларының сая­си ерік-жігерлерінің, үш ел үкі­мет­терінің ортақ, келісіп тиімді жұ­мыс істеуінде жатыр. 2009 жыл­дың қаңтарынан бастап ұлттықтан жоғары орган – Кеден одағының комиссиясы негізгі құжаттарды әзірлеуге кіріскен болатын. Жаңа Кеден кодексін Қазақстан басқар­ған жұмыс тобы өте қысқа мер­зімде сапалы дайындап шықты. Жаңа кодекс жасақтау барысында еліміз 2009 жылы ратифи­ка­ция­лаған Кедендік рәсімдерді оңай­лату және үйлестіру туралы ха­лықаралық тұжырымдаманы не­гізге алды. Кеден одағының аумағында бірыңғай басқарусыз ықпалдасу үдерісін жетілдірмеу мүмкін емес. Сондықтан, бұл халықаралық құжатты қабылдаудың маңызы зор. Өз баяндамасында Қ.Кәр­бозов дипломатиялық ортаның және халықаралық ұйымдардың өкілдерін Кеден комитетінің кедендік рәсімдерді оңайлатуға мүмкіндік беретін іс-шаралар барысы жөнінде хабардар етті. Елбасының Жолдауында жария етілген бизнес-ахуалды жақсарту бойынша берген тапсырмалардың іске асырылатындығын мәлімдеді. Тұсаукесер барысында сондай-ақ, сыртқы шекарадағы ықпал­дасқан бақылауды жүргізудегі КБК Жедел басқару орталығының міндеттері мен болашағы туралы мәлімет берілді. Тұсаукесер соңында еліміздегі шетел ұйымдарының өкілдері Кедендік бақылау комитетінің Жедел басқару орталығына және Дүниежүзілік кеден ұйымы жа­нын­дағы өңірлік оқу орталығы­ның офисінде болды. Венера ТҮГЕЛБАЙ. БІРЫҢҒАЙ ҚҰЖАТ ДАЙЫНДАУҒА КЕЛІСТІ Астана қаласында сарапшы-ғалымдардан, қоғам қайраткер­ле­рінен, оның ішінде Ұлттық саясат тұжырымдамасы жобасының авторларынан құралған жұмыс тобы өз отырысын өткізді. Жұмыс тобының құрамында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлт­тық университетінің профес­со­ры, заң ғылымдарының докторы Бақытжан Әбдірайым, қоғам қай­раткері, философия ғылымда­ры­ның докторы Амангелді Айталы, Қа­зақстан корейлері ассоциация­сының вице-президенті, тарих ғылымдарының докторы Георгий Кан, “Ұлт тағдыры” қозғалы­сы­ның төрағасы Дос Көшім, Қазақ эко­номикалық университетінің про­фессоры, философия ғылым­да­рының докторы Владимир Ко­ченов, қоғам қайраткері Дос Нұр-Ахмет, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, заң ғылымдарының докторы Еңлік Нұрғалиева, Алтынбек Сәрсенбайұлы қорының жетекшісі Айдос Сарым бар. Пікірталасқа Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орын­басары Е.Тоғжанов, сондай-ақ са­рапшылар мен ғалымдар: Мемле­кет тарихы институтының дирек­то­ры, тарих ғылымдарының док­торы Б.Аяған, Л.Н.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық универ­си­те­тінің әлеуметтік ғылымдар фа­куль­тетінің деканы, тарих ғы­лым­дарының докторы З.Қабылдинов және басқалар қатысты. Жұмыс тобының мүшелері өз қызметінің негізгі принциптері мен ұйымдастырушылық ныса­нын анықтап, Ел бірлігі док­три­насы, Ұлттық саясат тұжырым­да­масы жобаларының, азаматтар мен ұй­ым­дардың көптеген ұсы­ныс­та­рының негізінде Қазақ­стан­ның 2020 жылға дейінгі дамуының стратегиялық жоспарының қағи­даларын іске асыруға бағытталған бірыңғай құжат дайындауға келісті. “Егемен-ақпарат”. БАС ҰЙЫМ РЕЙТИНГІНДЕ ЖОҒАРЫЛАЙ ТҮСТІ Біріккен Ұлттар Ұйымының экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департаменті мемлекеттердің электронды үкімет технологияларын пайдалануға дайындығының жаңа рейтингін жария етті (Glodal e-Govrnment Survey 2010). Онда 192 елдегі электронды үкімет дамуының жағдайы туралы деректер келтірілген. Жарияланған ақпараттарға сәйкес, Қазақстан 2010 жылы электронды үкімет дамуы бойынша 2008 жылғы 81 орыннан 35 позиция жоғарылап, 46 орынға тұрақтаған. Он-лайн қызметін ұсыну бойынша Қазақстан әлемдік орташа деңгей индексінен (24 орын) алда келеді. Ал жаңалықтар енгізуге дайындық жөнінен 22 орында тұр. Азаматтардың электрондық қатысу көрсеткіші классификациясы бойынша электронды мемлекеттік жобаларда Қазақстан 2010 жылы 2008 жылғы 106 орыннан 16 орынға дейін көтерілген. Рейтингтің осылайша жоғарылауына Электронды мемлекеттік сатып алулар порталы мен мемлекеттік органдарда 59 электрондық қызметті пайдалану, “Е-лицензиялау”, “Е-нотариат” ақпарат жүйесінің мем­лекеттік деректер базасын тәжірибелік пайдалану сияқты факторлар оң әсер еткен. Азаматтардың электронды қатысулары бойынша көрсеткіштердің жоғарылауына электронды үкімет порталында Мемлекет басшысымен тікелей желі өткізу оң ықпалын тигізген. Осы үдерістің аясында Мемлекет басшысына 44 452 сұрақ қойылып, мемлекеттік органдар бірінші басшыларының блог-тұғырнамасы құрылған және электронды үкімет порталы мен bnews.kz порталында мемлекеттік органдардың бірінші басшыларымен интернет-мәслихат өткізілген. Әр мемлекеттің электронды үкіметке дайындық индексі мынадай үш кіші индекстен тұрады: адам әлеуетінің даму индексі, ИКТ-инфрақұрылымдары жағдайының индексі және он-лайндық мемлекеттік қызмет индексі (веб-қатысулар). Өткен кезең ішінде әр кіші индекстер бойынша да кейбір өзгерістер болған. БҰҰ рейтингі көшбасшыларының алғашқы бестігін бұрынғысынша Оңтүстік-Шығыс Азияның, Батыс Еуропа мен Солтүстік Американың – Корея, АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Нидерланды сияқты елдері құрап отыр. ТМД елдері арасында Украина 54, Ресей 59 орында тұр. “Егемен-ақпарат”.