Бірден айта кетейік, негізгі құрылыс жұмыстары келер жылы басталады. Аумағы 425 гектарды құрайтын «Ақжайық» жаңа шағын ауданын өз алдына жеке қалашық десе болғандай. Себебі «Градо» жобалау фирмасы жасаған жоба бойынша бұл жерде көп қабатты 150 тұрғын үй, сегіз мектеп, тоғыз балабақша, емханалар, 78 ойын алаңы салынбақ. Жаңа қалашық Оралдың негізгі орталығынан оқшаулау, Шаған өзенінің сыртында орналасқан. Жоспар бойынша өзенге көпір салынып, тұрғындардың жол-көлік қарым-қатынасын да оңтайлы шешу қарастырылған. Бұл мақсатқа бюджеттік және шетелдік қаржылар да тартылады. Мысалы, «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б.в.» компаниясының өңірдің әлеуметтік жобаларына жыл сайынғы бөлетін қаржысы 20 млн АҚШ долларынан 30 млн АҚШ долларына дейін ұлғайтылды.
– 2030 жылы облыс орталығында тұрғындар саны 400 мың адамға жетеді деп отырмыз. Оларды қайда орналастырамыз деген сұрақ туындайды. «Ақжайық» шағын ауданы осы мәселені шешу мақсатында салынады. Инфрақұрылымы жаңа, жолдары кең, «Ақылды қала» талаптары ескерілген жаңа шағын ауданда 50 мыңдай тұрғын тұратын болады, –дейді өңір басшысы Алтай Көлгінов.
Бүгінде құрылыс орнында инфрақұрылым желілері тартылып жатыр екен. Инженерлік желілердің жалпы ұзындығы – 124,8 шақырым болса, оның жалпы құны – 3,92 млрд теңгені құрайды.
«Ақжайық» шағын ауданының су шаруашылығы нысандарын жүргізуге байланысты өткізілген тендерді «ПМК-117» ЖШС ұтып алыпты. Қазір үш экскаватор мен үш бульдозер тың даланың төсін тіліп, болашақ қаланың «қан тамырларын» тартып жатыр. «Бұл жұмысты биылғы қазан айында аяқтаймыз», дейді мекеме басшысы О.Попова. Жаңа қалашықты сумен қамтамасыз ету жұмыстарына 370,025 млн теңге бөлінген. 11,4 км тұрба төселмек. Қазірдің өзінде 30 млн теңге игерілген.
Бүгінде кез келген нысанның жүйке жүйесі – электр қуаты. «Ақжайық» шағын ауданын электрмен қамту үшін 2 330,045 млн теңге қарастырылған. Жаңа аудандағы электр желілерінің ұзындығы 91,9 шақырымға созылмақ. Мердігер – «ЭЛМО» акционерлік қоғамы. Сондай-ақ жаңа ауданды газбен қамту ісіне – 329,225 млн теңге, кәріз жүйелерін салуға – 887,225 теңге бөлініп қойылған. Мердігерлер де анықталған.
– Жаңа құрылыс алаңында техникалық бақылауды «Оралстройград» ЖШС мамандары жүргізіп жатыр. Жоба бойынша мұнда 25,7 шақырым су құбырлары, 170 темірбетон құдық, 105 өрт гидранты, 6 сусақтағыш салынады, – дейді «Оралстройград» мекемесінің директоры Е.Бабаев.
– Жаңа шағын ауданда 70 мыңға дейін халық орналасатын болады. Бүгінде біздің мердігерлер құрылыс алаңында су, электр, газ, кәріз жүйелерін салып жатқанын көрдіңіздер. Биыл құрылыс жұмыстарына бөлінген 1,7 млрд теңге қазан айына дейін толық игерілетін болады. Құрылысқа, мысалы электр желісіне біз ең соңғы үлгідегі жерасты сымдарын қолдандық. Жаңа қалашықта жарық диодты электр шамдары орнатылады, цифрландыру бағдарламасы аясында біз мұнда ай жарығымен жұмыс істейтін жүйе орнатпақпыз. Инженерлік коммуникация желілері салынып бітісімен тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар құрылысы қолға алынады, – дейді Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев.
– Инфрақұрылым желілері құрылысын жауын-шашын маусымы басталғанға дейін аяқтау қажет. Жаңбыр мен еріген қар суы ағатын арықтардың салынуын басты назарда ұстаған жөн. Электр желілерін тарту кезінде цифрландыру аясындағы жұмыстарды да бірден қолға алу керек, – деп тапсырды өңір басшысы Алтай Көлгінов.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»