Өткен бір жылда рухани жаңғыруымызға қатысты көптеген мәдени шаралар өтті, ғылыми жобалар жүзеге асырылды, ағарту саласында жаңа мектептер, спорт алаңдары, кітапханалар, музейлер ашылып, пайдалануға берілді. Адамзаттың интеллектуалдық дамуындағы үздік шығармалары – 100 оқулық қазақшаға аударыла бастады. Бұл жұмыстар алда да жалғасады.
Рухани жаңғыруымыздың басты факторы сапалы білімнің іргетасы мектепте қаланады. Соған қарамастан, жаңа типті инновациялық мектептерді, соның ішінде әлемдік дәрежеде сапалы білім беріп жүрген мамандандырылған дарынды балалар мектебін одан әрі қолдау, дамытуға қатысты жобалар бүгінге дейін нақты жүзеге асырылмай келеді. Айталық Батыс Қазақстан облысындағы мамандандырылған дарынды балалар мектебі білім сапасына қойылған бүгінгі талап деңгейіне көтеріліп, ондаған жылдар бойы республикада жоғары көрсеткішке жеткен оқу орны болатын. Бұл «Болашақ» бағдарламасы бойынша жүзден астам дарынды жастың әлемнің озық университеттерінде білім алуын қамтамасыз етті.
Бірақ осы дарынды балалар мектебінің өзі бүгінгі таңда «білімді бәрінен биік қоятын ұлтқа айналу» кезеңінде білім кеңістігінен орнын таба алмай тұр. Тіпті мәртебесі орта арнаулы техникалық білім беретін оқу орнына дейін төмендеп, IТ лицей-интернатына айналмақшы.
Біздіңше бұл жерде Ы.Алтынсарин атындағы Білім академиясы ұлтымыздың ең басты интеллектуалдық байлығы – дарынды жастарға көмекке келуде дәрменсіздік көрсетіп отыр.
Жалпы білім беруде соңғы жылдардағы ең үлкен жетістігіміз – ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) моделінің жүзеге асырылуы болатын. Бұл біріншіден, білім берудің күнделікті сапалық деңгейін, білім стандартының орындалу барысын жүйелі көріп отыруға мүмкіндік беретін бірыңғай педагогикалық мониторинг болса, екіншіден, оқушының он бір жыл алған білімін, мемлекеттік стандарттың орындау деңгейін нақты анықтайтын таразы. Демек мектептеріміздің мемлекеттік білім стандартын қалай орындап отырғанын қатаң қадағалап, білім сапасының деңгейін нақты көріп отыруға толық мүмкіндік туды.
Әлемдегі ең үздік мектептер өз жұмысының нәтижесін үнемі бақылап, бағалап отыру арқылы ғана сапалы білім беруді қамтамасыз етеді. Қазірдің өзінде бізде көптеген жаңа типті мектептер өз жұмысының нәтижесін тұрақты бақылап, сол арқылы жоғары сапалы білім беріп отыр. Бірақ осыған қарамастан ҰБТ-ның мәнін төмендету, тіпті жоққа шығару бағытындағы әңгіме әлі де айтылып қалады.
Ұлттық бірыңғай тестілеу жобасына сын айтушылардың кейбірі өткен оқу жылы жүзеге асырылған, мектеп бітірген түлектердің екі форматта мемлекеттік емтихан тапсыруын дұрыс көретінін айтады. Бұл тәсіл «оқушының бар мүмкіндігін толық көрсетуге ыңғайлы» көрінеді.
Ең алдымен айтарымыз, түлектердің екі форматта мемлекеттік аттестаттан өтуі біздің мектептер үшін жаңалық емес. ҰБТ қолданысқа енгенге дейін оқушылар бітіру емтиханын мектепте, қабылдау емтиханын оқу орнының өзінде тапсырып келді. Мұндай жүйе өзін ақтамады. Оның тиімсіз, субъективті жағы басым болғандығын жұртшылық әлі ұмыта қойған жоқ. Сондықтан мектептің, мұғалімдердің өз еңбегінің нәтижесін өздері бағалауынан толық бас тартып, еуропалық тестілік бағалау моделіне көшкен болатынбыз.
Өткен жылы баяғы кемшіліктер қайталанды. Мектептің емтиханды өзі алуы, мұғалімдердің өз еңбегін өздері бағалауы оқушы білімін жасанды көтеріп бағалау деңгейін мүлде өсіріп жіберді.
Тестілік сынақ Еуропа елдерінде бұдан бірнеше ғасыр бұрын енгізілген, білімді бағалаудың объективті әдістерінің бірі. Оның басты артықшылығы – білім беруші мекемеге тәуелсіз бақылау жүйесі, субъективті ықпал болмауы, бақылауға адамдық фактордың қатыспауы, мемлекеттік стандарт талабына сәйкес жалпыға бірдей білімді бағалау шкаласының қолданылуы, әр оқушының білімі мен біліктілік деңгейін айқындап, оларға уақтылы талап қою арқылы сапалы білім беруге қолайлы жағдайдың жасалуы.
Мемлекеттік тест сынағы тұңғыш рет жалпы білім берудегі күнделікті, аралық, тоқсандық, жылдық сан-алуан білімді мониторингілік бақылау әдістерінің мектепте қатаң дидактикалық талаптарға сай жүзеге асуына тікелей ықпал етті. Онсыз бағдарламалық материалды әр оқушы жан-жақты, терең меңгеруі мүмкін емес-ті. Оқушының, не мұғалімнің жауапсыздығынан қанша бағдарламалық білім меңгерілмеді, қаншасы тайыз меңгеріліп ұмытылды, оны мемлекеттік тестілі сынақ нақты көрсетіп беріп отырады. Сөйтіп оқушы да, мұғалім де, жалпы мектеп мемлекеттік тестілік сынақта өз жұмысының нәтижесін нақты көре алады. Оқушы мектеп бағдарламасын қаншалықты толық меңгерсе, соншалықты жоғары балл жинайды. Демек жоғары не төмен тестілік балл жинаудың деңгейі ең алдымен оқушының, одан әрі мұғалімнің еңбегіне тікелей тәуелді. Тестілік балл – оқушының да, мұғалімнің де еңбегінің өлшемі. Теориялық жағынан дидактика ғылымы үшін бұл жерде үлкен жаңалық жоқ. Әңгіме бұл жерде – мектеп практикасында бүгінге дейін біртұтас бақылаудың тестілік, мониторингілік мүмкіндіктерін тиісті дәрежеде жүзеге асыра алмай отырғанымызда.
Былтыр қалай болды? Мемлекеттік емтиханды мектептің өзі алуы мектептің жұртшылық, ата-ана алдындағы тікелей атқаруға тиіс міндеттерін асыра көрсетуге өте ыңғайлы болды. Тіпті жұрт былтырғы емтихандарды «жанға жайлы жалған баға» деп атап кетті. Өйткені бұл мектеп үшін өте тиімді болатын. Бір-ақ мысал айтайық. Бұрын тестілік бақылаудың қорытындысы бойынша мектеп бітіруші түлектердің мыңға жуығы ғана «Алтын белгіні» әрең алатын. Өткен жылы мектеп емтиханының нәтижелерінде алты мыңға жуық түлек «Алтын белгіге» ие болды. Бірақ көпшілігі ЖОО-ға тапсырып, тестілік бақылауда өте төмен балл жинады. Сонда қалай? Егер биыл да түлектер екі форматта емтихан тапсырып, бірінші емтиханды тағы да мектептің өзі алатын болса, білімді жасанды көтеріп бағалау өткен жылғыдан да жоғары болатынына күмән келтіру қиын.
ҰБТ-ның білімді объективті бақылаудағы білімдік мәніне кері әсер етіп отырған бірден-бір жағдай оқушылардың ҰБТ-ға, мемлекеттік емтиханға әзірленуі үшін мектептен тыс репетитор жалдауы, шпаргалка әзірлеуі және тестінің әзір жауаптарын сырттан көшіріп алу үшін түрлі байланыс құралдарын жаппай қолдануы болып тұр. Бұл барлық жерде әдеттегі жағдайға айналған.
Республикалық тест орталығы директорының айтуына қарағанда, өткен жылы тестілік сынаққа қатысқан 88583 түлек тестілеу барысында 84 мыңнан астам тыйым салынған зат, оның ішінде 40 мыңнан астам электронды құрылғы мен 44 мыңнан астам қағаз түріндегі шпаргалка қолданған («ЕҚ». 4 шілде, 2017 жыл). Бұл тек ресми деректер. Сонда біздің түлектеріміз ҰБТ-ны толыққа жуық шпаргалка көмегімен тапсырды деген сөз. Ал мұның өзі мектептің бірінші кезекте атқаруы тиіс сапалы білім беруіне кері әсерін тигізіп отыр.
Сонымен қатар ҰБТ-ға қарсы жағымсыз пікір туғызып, жұртшылықтың «нашар оқитын оқушылар да тестіден жоғары балл жинай алады. «Алтын белгі» алған түлектер де оқи алмай, жоғары оқу орнынан шығып кетіп жатыр» деуінің де бір себебі аудандық тест орталықтарында жатыр. Аудандық тест орталықтары тестілік бақылауда небір дау-дамайға негіз болып, түлектердің білім алуына қолайлы ықпал ете алмай отыр. Аудандық тест орталықтарын жабу – көптен айтылып келе жатқан, уақыты жеткен мәселе.
О баста, 2004 жылы елімізде тұңғыш рет ҰБТ моделі енгізілгенде белгілі ғалым, педагогика ғылымдарының докторы, профессор А.Құсайынов «...ол талапкер мен түлектердің білім сапасын әділ бағалауды және білім беру жүйесіндегі сыбайлас жемқорлықты жоюды қамтамасыз етуі керек» («Әлемдегі және Қазақстандағы білім берудің сапасы»: Алматы-2013, 131-бет) десе, сол кездегі еліміздің Білім және ғылым министрі Ж.Күлекеев: «ҰБТ-ның мақсаты – мұғалімдердің бағаны көтеріп қоюына қарсы күресу» («Цель ЕНТ – бороться с необъективным оценками учителей», «Время» газеті, 24.06.2004 жыл) деген болатын.
Осы жылдары білімді бағалаудың мемлекеттік ұлттық бірыңғай тестілеу моделі (ҰБТ) түлектердің білім стандартын қандай дәрежеде меңгергендігін, мұғалімдердің білім берудегі кәсіптік шеберлігін анықтауда мол тәжірибе жинақтады. ҰБТ одағының жылдар бойы атқарған тарихи миссиясы – білім сапасының өсуіне қолайлы жағдай жасады. Мұғалімдер бағаны көтеріп қоюдан арыла бастады. Жоғары оқу орнына түлектерді қабылдау олардың білім дәрежесіне қарай шынайы жүрді. Осы бағыттағы жұмысты одан әрі жетілдіруде ҰБТ-ның мүмкіндігі әлі де мол, оны біз толық пайдалана алмай отырмыз.
Тестілік бақылаудың мүмкіндігін барған сайын жете пайдалануға кедергі болып отырған жағдай – оны ұйымдастыруға қатысты мәселелер болса, оны жоюға ұсынылып отырған озық тәжірибе – түлектердің тестілеуді тікелей республикалық тестілеу орталықтарымен байланысты онлайн жүйе арқылы тапсыруы. Бұл қазіргі қойылып отырған талапқа сәйкес білім сапасын жетілдіруге одан әрі оңтайлы жағдай жасаған болар еді.
Толықтай алғанда, рухани жаңғыру кезеңінде білім сапасына қойылып отырған талаптарды жүзеге асыруға қолбайлау болып отырған кемшіліктерді батыл жойып, қол жеткен бар инновациялық тәжірибені алға дамыта білуіміз қажет-ақ.
Нәсіпқали ДӘУЛЕТОВ,
Орал гуманитарлық колледжінің директоры,
педагогика ғылымдарының кандидаты
Батыс Қазақстан облысы