Қазақстан • 20 Маусым, 2018

Римде қазақстандық фильмдер көрсетілді

321 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астана қаласының 20 жылдық мерейтойын атап өту шеңберінде Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ қолдауымен Қазақстанның Италиядағы елшілігі Рим қаласында «Жұлдыздар тоғысқанда», «Қазақ хандығы. Алмас қылыш» және «Он алты қыз» фильмдерінің көрсетілімін ұйымдастырды. 

Римде қазақстандық фильмдер көрсетілді

Көрсетілім алдында кө­рер­­менге Қазақстан туралы әңгіме­леген елшілік өкіл­дері, сондай-ақ Италия­ның мәдениет және өнер қай­раткерлері Қазақстан мен Ас­тана қаласының дамуы дең­­гейіне және отандық кине­мато­графия саласына жоғары баға берді. 

Итальян тілінде субтитр­лері бар фильмді тамашалаған көрер­мен­дер қазақ халқының тари­хына қызығушылықтарын біл­дірді. Айта кетсек, Римнің тари­­хи аудандарының бірінде орна­­ласқан Casa del Cinema кино­театрын­да бұл күні бос орын болмады. Жиналған өнер­сүйер қауым отандық кинотуындыларды жылы қабыл­дап, бұдан кейін де қазақ мәдениеті және өнерімен етене танысқысы келетін ниетін білдірді. 

Қазақ хандығының 550 жыл­­ды­ғына орай түсірілген «Қа­зақ хандығы» сериалының кино­нұс­қасы – «Алмас қы­лыш» фильмі Қазақ­стан тәуел­сіздігінің 25 жыл­дығына орай ең алғаш Астана қаласында көр­се­тілген болатын. Ауқым­ды жобаның идеясы ел Пре­­зиденті Н.Назарбаевқа тиесілі. Та­­рихи фильмдер түсіруден тә­жі­рибесі толыса бастаған қазақ­стандық режиссерлердің ұлт­тық таным мен қазақы қай­нарға толы туын­дысымен танысқан соң ита­лиялықтар мемлекет құрған ай­бар­­лы халық­тың ерлігіне қуана қол соқты. 

Ағылшын жазушысы Дже­реми Вильсонның Қазақстан Пре­­зиденті Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірбаянын жазу үшін онымен кездесуге қол жеткізіп қана қой­май, бұл сұхбаттың соңы бү­кіл елді аралауға, тарихқа көз жү­гірт­кен ұзақ уақытқа созыл­ған қызыққа толы саяхатпен ұшт­ас­қанына италиялықтар «Жұл­дыз­дар тоғысқанда» филь­мі арқы­лы куә болып, тәуел­сіз жас мем­­ле­кет­тің қалып­­­тасуының көр­кем ше­жіре­сін аз уақытта шолып шықты. 

Ал романтикалық коме­дия­ны жоғары баға­лайтын италиялық­тар ұлттық дәс­түрге негіз­дел­ген, ізгілікке толы «Он алты қыз» филь­мінен өздері үшін соны жа­­ңалық тауып, ғажап әсерге бө­­лен­­гендерін жарыса жеткізіп жатты.

Көрсетілімнен кейін қонақ­­тар Қазақстан мен Астана қаласы ту­­ралы дайын­далған отандық имидж бейнематериалдарды тама­­шалады. 

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ