Қазақстан • 21 Маусым, 2018

Байқоңыр тұрғындары отандық медицинаның игілігін көреді

301 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен палатаның жалпы отырысында депутаттар бірқатар жаңа заң жобаларын мақұлдады. Оған қоса, депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру және сақтандыру қызметі, бағалы қағаздар нарығы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына Сенат енгізген өзгерістер мен толықтыруларды қарады.

Байқоңыр тұрғындары отандық медицинаның игілігін көреді

Медициналық қызметпен қамтылады

Қазақстан мен Ресей үкімет­терінің келісімі бойынша Бай­қоңыр қаласының, Төретам және Ақай кенттерінің 48 мың тұр­ғыны қазір медициналық көмекті тек ресейлік ұйымдардың тәр­ті­біне сай алуда. Олардың еліміз­дің заңнамаларына сәйкес тегін медициналық көмекті, дәрілік заттар мен медициналық мақ­саттағы бұйымдарды тегін алуы, профилактикалық медици­налық тексеруден өтуі заң жүзін­де қам­тамасыз етілмеген. Бұл ол­қы­лық­тың орнын толтыра­тын құжат Мәжілісте мақұл­дан­ды.

Атап айтқанда, палата депутат­тары «2009 жылғы 17 қара­ша­дағы Қазақстан Республи­ка­сының Үкіметі мен Ресей Феде­ра­циясының үкіметі арасын­дағы «Байқоңыр» кешенін жалға алу жағдайында Байқоңыр ғарыш айлағының персоналына, Байқоңыр қаласының, Төретам және Ақай кенттерінің тұрғын­дарына медициналық қызмет көрсету тәртібі туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын бірауыздан мақұлдады.

Аталған заң жобасын депутат­тарға таныстырған Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов бұл құжаттың артықшылықтары жайында баяндады.

– Қазір Байқоңыр қаласы тұрғындарының қолжетімді жоғары мамандандырылған медициналық көмек алуға мүмкін­дігі жоқ. Бұл мүгедек адам­дар­дың өмірінің және жалпы өмір сүру сапасының төмен­деу қаупін ұлғайтады. Қолда­ныс­тағы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттама жобасы Байқоңыр қаласында, Төретам және Ақай кенттерінде тұратын еліміздің азаматтарына ұлттық заңнамаға сәйкес, Қазақстан денсаулық сақтау мекемелерінің медициналық қызмет көрсетуіне мүмкіндік береді», – деді Денсау­лық сақтау министрі.

Е.Біртановтың айтуынша, Байқоңыр қаласында осыдан екі жыл бұрын Қызылорда облыстық медициналық орталығының филиалы ашылған. Бұл мекемеде тәуліктік 60 орындық және күндізгі стационарға 20 орындық палаталар ұйымдастырылған. Сонымен қатар филиал жанынан 30 мың адамға лайықталған ем­хана ашылған. Оған қоса алда­ғы жылы операциялық, реа­ни­мациялық, хирургиялық бөлім­дер ашу көзделген.

Сондай-ақ аталған хаттама қазір жетіспей отырған жалпы тәжі­ри­белік дәрігерлер санын көбей­тіп, аурухана мен емхананы салалық дәрігерлермен қамту­ға мүмкіндік бермек. Осы мақ­сат­та қазірдің өзінде еліміздің медици­на­лық жоғары оқу орындарын біті­ретін түлектермен келісімдер жаса­лып, Қызылорда қаласынан білік­ті дәрігерлерді ауысыммен ба­ғыт­тап отыру жоспары бекітілген.

Депутаттардың сауалдары­на орай Денсаулық сақтау министрі Қызылорда облыстық меди­циналық орталығының Байқоңыр қаласындағы филиалында осы аумаққа жақын орна­ласқан елді мекен тұрғындарының да емделе алатындығын жеткізді. Бірақ олар Байқоңыр қаласына кірудің жалпыға ортақ тәртібіне сай рұқсат қағаздарын алдын ала рәсімдеулері қажет.

Мәжіліс депутаттары аталған заң жобасын тұтастай мақұлдады.

Сенаттың түзетулері қаралды

Жалпы отырыста Мәжіліс депутаттары Үкіметтің азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және жою саласындағы ынтымақтастық туралы Иордан Хашимит Королдігімен жасалған келісімін ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдады.

Сонымен қатар Мәжіліс депутаттары Сенаттың кейбір конс­ти­туциялық заңдар, сайлау мәсе­лелері, сақтандыру және сақ­тан­дыру қызметі, бағалы қағаздар на­ры­ғы туралы түзетулерін қарады.

Мәселен бұған дейін Сенат депутаттары сайлау мәселелеріне байланысты заң жобасынан қала, ауыл, ауылдық округ әкімдерін жалпыға бірдей тең төте сайлау туралы норманы алып тастап, құжатты Мәжіліске жіберген болатын. Осы орайда Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті Сенат енгізген өзгертулерді қарастыра келе өз ұсынысын білдірді.

– Сенат ұсынған түзетулер аудан­дық маңыздағы қала, ауыл, ауыл­дық округ әкімі лауазымына сайлауда қолданыстағы тәртіпті сақтауға бағытталған. Осы орайда комитет Сенат ен­гіз­ген өзгерістермен келісуді ұсы­нады, – деді Мәжіліс депутаты Светлана Бычкова.

Осы отырыста Мәжіліс бірқа­тар заң жобалары бойынша бе­йін­ді комитеттерге қоры­тын­ды әзірлеу мерзімдерін бел­гіледі. Олар­дың қатарында «Қазақ­стан Республикасының кейбір заң­на­малық актілеріне мемле­кет­тік қызмет және сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы іс-қимыл мәсе­лелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы», «Тарихи-мәдени мұра объек­ті­л­ерін қорғау және пайдала­ну туралы», сондай-ақ көлік мәсе­ле­леріне байланысты және Еур­азия­­лық экономикалық одақта тауар­­ларды сәйкестендіру құрал­да­ры­мен таңбалау туралы келісім­ді ра­ти­фикациялау туралы заң жобалары бар.

Жалпы отырыс соңында халық қалаулылары бірқатар мем­­ле­кеттік органдардың бас­шы­­лары­на депутаттық сауалдар жолдады.

Серік ӘБДІБЕК,

«Егемен Қазақстан»