Қазақстан • 21 Маусым, 2018

Әйелдер кәсіпкерлігін қолдау қорын құру ұсынылды

391 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанада «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының V съезі аясында «Әйелдер бизнесі – болашақ кепілі» тақырыбында Іскер әйелдер кеңесінің конгресі өтті.

Әйелдер кәсіпкерлігін қолдау қорын құру ұсынылды

Іс-шараға «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Рамазанова қатысты.

Жиында сөз сөйлеген Т.Құлыбаев әйелдердің мемлекет дамуына қосқан үлесін, сонымен қатар кооперация құрудың маңыздылығын атап өтті.

«Жаппай кәсіпкерлікті дамыту мен әлеуметтік интеграцияға мультипликативтік әсер ете отырып әр кооперация жанында бизнес экожүйе қалыптасты. Осы бастамаға біздің кәсіпкер әйелдер – Іскер әйелдер кеңесінің мүшелері белсенді қолдау білдірді. Қазіргі таңда еліміздегі шағын және орта бизнес компанияларының 60 пайызына жуығын әйелдер басқарады екен. Бізде әйелдердің кәсіпкерліктегі белсенділігі жоғары деп айтуға толық негіз бар», деді Т.Құлыбаев.

Өз кезегінде Л.Рамазанова әйелдер кәсіпкерлігі дамуына арналған бірқатар бағдарламалардың іске асыралатыны туралы жеткізді. Сонымен қатар әйелдер кәсіпкерлігін қолдау қорын құру бастамасы жайында хабарлады.

«Мұндай қорды құру шағын несиелеу механизмі арқылы қаржы көздеріне қолжетімділікті арттырады. Бұған қоса Қор инвестициялық әрі тиімді шешімдер қабылданатын, қажетті оқу курстары мен бизнесті сүйемелдеу жүргізілетін әйелдер кеңесінің ой-талқы орталығына айналмақ», деді Л.Рамазанова.

Конгресс барысында Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген іскер әйелдер өз тәжірибелерімен бөлісіп, білгендерін ортаға салып, түрлі тақырыптарда баяндама жасады.

Конгрестің қорытындысы бойынша «Атамекен» ҰКП және ERG Еуразиялық тобы өзара түсіністік пен әйел кәсіпкерлігін дамыту мен қолдау мәселелері бойынша әріптeстік жөніндегі меморандумға қол қойды. Аталған құжатқа сәйкес, Еуразиялық топ «Атамекенге» қайтарымсыз негізде қаржылық қолдау көрсетеді.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»