Кеше Астанада «Самұрық- Қазына» ҰӘҚ» АҚ басшысы Т.Құлыбаев пен Deutsche Bank AG Орталық және Шығыс Еуропа бойынша атқарушы директоры П.Тильстің тең төрағалығымен әрекет жасайтын Стратегиялық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Германия іскерлік кеңесінің үшінші отырысы болып өтті. Онда инвестициялар мен оларды дамыту саласындағы өзекті ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Ұлттық экономиканы ойдағыдай дамыту өндірісті әртараптандыруға, инновацияларды енгізуге және бір мезгілде қоршаған ортаны қорғаудың қатаң стандарттарын сақтауға тығыз байланысты. Германияда бар «төмен көмірсутекті жасыл экономиканы» енгізу мен экономикалық проблемаларды шешу, сонымен қатар, қалдықтарды кешенді түрде өңдеу тәжірибесіне Қазақстан да мүдделі. Осыны ескере отырып, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ металлургия, химия және фармацевтика, көлік және телекоммуникациялар, инжиниринг және мәшине жасау секторларында ынтымақтастыққа германиялық компанияларды шақыруда.
«Бірлескен химия компаниясы» ЖШС басқарма төрағасы Дәурен Ердебай өз сөзінде дүниежүзілік үлесі 6 пайыз болатын Германия химия өнеркәсібінің әлемдік көшбасшы болып табылатындығын атап өтті. Бұл ретте еліміз тарапы неміс химия индустриясын дамыту мен техникалық пакеттерін салу тәжірибесіне мүдделі. Осы орайда Д.Ердебай консалтинг, персоналды оқыту және бірлескен жобаларды құру саласында немістер тарапынан қазақстандық компаниялармен ықтимал ынтымақтастығын көріп отырғанын да тілге тиек етті.
Сондай-ақ өз кезегінде «Сименс Орталық Азия» ЖШС президенті Кай Цвингенбергер Қазақстанда жылдам өсіп келе жатқан энергия тұтынысына назар аударды. Оның деректері бойынша жыл сайынғы өсім 5-6 пайызды құрайды екен. К.Цвингенбергер Қазақстанның энергия инфрақұрылымына инновациялар мен инвестициялар қажет деп санайды. Ол электр стансаларының 65 пайыз жабдығы жиырма жылдан астам, ал 31 пайызы отыз жылдан астам уақыт қолданылып келе жатқанына тоқталды.
Басқосу барысында Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Альберт Рау, Германия Экономикалық клубының басшысы, BASF AG компаниясының инновациялар жөніндегі басқарушы директоры Ф.Крюкль, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарушы директоры П.Бхамре және «Атамекен» ҚҰЭП төрағасы А.Мырзахметов өзара пайдалы ынтымақтастықтың ықтимал бағыттары жайында әңгімеледі.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.