Әлем • 21 Маусым, 2018

Шетел басылымдары. Түркістанды бауырлас халықтар да қолдайды

410 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев таяуда Шымкент қаласының миллионнан астам тұрғыны бар қалалар қатарына қосыл­ға­нын мәлімдеп, сол себепті жаңадан Түркістан облысын құрып, оның орталығын Түркістан қаласына көшіру ту­ралы Жарлыққа қол қой­ғаны белгілі.

Шетел басылымдары. Түркістанды бауырлас халықтар да қолдайды

«Түркістан – ер түріктің бесігі ғой» деп Мағжан ақын жыр­ла­ғандай, бұл тарихи шешімге барша түркі халықтары қуанып, бауыр­лас елдердің бұқаралық ақпарат құралдары ақжолтай жаңалықты жарыса жазды. Бұл ақпаратты TRT Avaz арнасы, Anadoly Agency агенттігі, Dünya Bülteni ақпар­ат порталы сүйінші сұрап, алғашқылардың бірі болып хабарлады.

*****

Бұдан бөлек, желі қолда­ну­шылары да бір-бірінен сүйінші сұрап, әлеуметтік желідегі парақ­ша­ларында жаңалықпен бөлісті. Мәселен, Чагдаш Байрактар есімді азамат былай дейді:

«Бірнеше жыл бұрын Нұрсұлтан Назарбаев туралы жазуды ойлап жүрген едім. Уақыт өте берді. Енді осы шешімнен кейін ол кісі туралы жа­зуым міндетті. Ол өз міндетін адал атқарып, қамқорлық таныта­ды».

Сонгүл Берк есімді азамат «Нұрсұлтан Назарбаев бүгін қол қой­ды. Бұдан былай Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан деп аталады. Түркі елдері мен ерлері, құтты болсын!», деп ағынан жарылыпты.

Тайфун Танжу Кара есімді фейсбук қолданушысы оқиғаны ғажайып оқиғаға балап отыр. «Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан болып өзгерді. Облыс ор­та­лығы Түркістан қаласына кө­ші­ріледі. Түп-тамырына құрмет көр­сеткен қазақтарды осынау тарихи шешіммен құттықтаймын. Түркістан мыңдаған жылдар бойы түркі әлемінің рухани және саяси тірегі болған еді. Мың жаса, Қазақстан! Түркі халықтарының бауырластығы мәңгілік болсын», дейді ол.

Осылайша, бауырлас ел­дер­дегі әлеуметтік желі қолда­ну­шылары ақжолтай хабарды жап­пай бөлісіп, бір-бірінен сүйі­н­ші сұрап жатыр.

Айтпақшы, осы оқиға қар­саңында Ресейдің Regnum ақпа­рат агенттігі бұдан былай өзде­рінің сайттарында Орталық Азия аймағын Түркістан деп атау жөнінде шешім қабылдапты. Бұл туралы агенттіктің бас редакторы Модест Колеров мәлімдеді.

*****

«Regnum Орталық/Орта Азия/Қазақстан түсінігінен арылып, Қазақстан, Өзбекстан, Түрік­менстан, Тәжікстан және Қырғызстанның дәстүрлі атауы Түркістанды қолданады», делінген М.Колеровтың фейсбуктегі парақ­шасында.

Әзірге басқа ресейлік бұқа­ралық ақпарат құралдары Regnum ақпарат агенттігінің баста­масын қолдап, өңір атауын өзгерткен жоқ. Әйтсе де, келешекте бұл мәселе де өз шешімін тауып, Орталық Азия өңірі тарихи атауын қайтарып, Түркістан атанып жатса нұр үстіне нұр емес пе?!

Дайындаған Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше