Аймақтар • 21 Маусым, 2018

Солтүстік Қазақстан атқарушы билігі ашық қоғамдық қабылдау өткізді

372 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Н. Погодин атындағы орыс драма театрында  облыс, қала басшылығы, басқармалар мен департамент жетекшілері және депутаттар тұрғындармен ашық қоғамдық қабылдау өткізді.

Солтүстік Қазақстан атқарушы билігі ашық қоғамдық қабылдау өткізді

Атқарушы билік өкілдеріне жұртшылық тарапынан 100-ден астам сауалдар қойылса, олардың 45-і облыс әкімі Құмар Ақсақаловқа жолданды. Қабылдауға келіп, ризашылықпен кеткендердің бірі – Елена Гуйван.  Ол Егемен Қазақстан көшесінде тұрады. 1983 жылы салынған ғимараттың шатыры әбден тозған. Жауын-шашынды күндері баспана іші суға толып кетеді екен. Қалалық әкімдікке қайрылған екен, қаражат жоқ деген жауап алыпты. Аймақ басшысы Құмар Ақсақалов кейуананың шағымын мұқият тыңдап алғаннан кейін баспананың шатыры қалыпқа келтірілетінін қадап айтты.

«Облыс орталығында көптеген үйлер күрделі жөндеуді қажет етеді. Осыға орай республикалық қазынадан қаржы бөлінетін болды. Жергілікті бюджеттен де мүмкіндіктер қарастырылады», деді Құмар Іргебайұлы.

Жұртшылықты ауылға сапалы ауызсу тарту, жолдарды  жөндеу мәселелері де толғандыратын болып шықты. Ал Наталья Емельянова баспана сұрай келіпті. Көктемде ол тұратын үйдің бір жақ қабырғасы опырылып түскен  болатын. Комиссия шешімімен апаттық жағдайда деп танылыпты.Мәселе бірден оң шешімін тапты.

Қ. Ақсақалов  БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында Елбасының жуырда жүктеген тапсырмасы бойынша өңірдің жаңа даму  бағдарламасы түзілетінін, онда әлеуметтік нысандар салу, ауызсу, жолдарды жөндеу,жалақыны көбейту, халық санын арттыру, тұрғын үй қорын жаңалау секілді өзекті мәселелер қамтылатынын, биылдан бастап жүзеге асыру міндеті қойылып отырғанын жеткізді. Үш жылдың ішінде инфрақұрылымдарды жаңғыртуға 5,5 миллиард теңге бағытталмақ.

Облыс әкімінің орынбасарларына, қала әкіміне, басқарма басшылары мен қалалық бөлімдердің жетекшілеріне де өтініш айтқандар көп болды. Мәселен Есіл ауданына қарасты Тауағаш ауылынан келген азаматтар әлі күнге дейін өздеріне тиесілі пайларын даулап жүр екен. Бастапқыда 493 адамның жері "Явленский МТС" серіктестігінде болыпты. Аталған компания ауылдықтардың келісімінсіз алқаптарды Ғ.Мүсірепов ауданындағы белгісіз фирмаға беріп жіберіпті. Қазіргі күні жерлестеріміз ол кәсіпорын директорының аты-жөнін да білмейді. Тоқжігіт Сәбитов Новоишим фирмасынан шыққылары келетінін алға тартты. Бірақ аудан әкімі тиісті құжаттарға қол қоймай отырған көрінеді. Бұл мәселені  облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров жауапты басқарма басшыларына жіті тексеріп, шешіп беруді тапсырды.

Білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімоваға ата-аналар балаларын балабақшаға орналастыруға қатысты сұрақтар  қойды. Оларға күз айларында 10 бөбекжай ашылатыны баяндалды.

Келесі ашық қоғамдық қабылдауды қазан айында ұйымдастыру жоспарланған.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»