Қазақстан • 21 Маусым, 2018

Алматыда зейнетақы қорына келушілер саны рекордтық көрсеткішке жетті

206 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

БЖЗҚ-ның Алматы қалалық филиалында келушілер саны соңғы үш ай ішінде рекордтық көрсеткішке жеткен. Қор ұйымдастырған «Ашық есік күніне» 600-ден астам салымшылар, алушылар мен зейнетақы саласы туралы кеңірек білгісі келген басқа да азаматтар қатысты.

Алматыда зейнетақы қорына келушілер саны рекордтық көрсеткішке жетті

Қор жетекшілігі жұртшылықтың бұл шараға деген қызығушылын ескере отырып, Ашық есік күнін дәстүрлі шараға айналдыруды шешіп отыр. Бір жарым жыл ішінде Ашық есік күніне 20 мыңнан астам адам қатысты. Бұл жолы қор қызметкерлері шараға қатысушыларды зейнетақы жарналарының түрлерімен және жеке зейнетақы шотының жай-күйі туралы ақпарат алу әдістерімен таныстырды.

Қазіргі таңда Қазақстанда зейнетақы жарналарының 3 түрі бар. Міндетті зейнетақы жарналары азаматтардың, міндетті кәсіби зейнетақы жарналары жұмыс берушілер тарапынан зиянды жағдайда жұмыс істейтін жұмыскерлердің есебіне аударылса, үшінші- ерікті зейнетақы түрлері өзінің зейнет жасын жоспарлап, қарттық шақтағы қажеттіліктеріне қаражат жинауға ниетті азаматтарға арналған.

Салымшылар үшін өздерінің жеке зейнетақы шоттарының жай-күйі туралы біліп отыру да маңызды. Бүгінде бұл туралы білу үшін Қор кеңсесіне бару немесе дәстүрлі пошта байланысымен пайдалану міндетті емес. БЖЗҚ-да көптеген қызмет түрлерін электрондық сервистер арқылы алуға болады. Бұл бағытта жасалған алғашқы қадам электрондық пошта болса, қазір БЖЗҚ салымшылары мен алушылары- www.enpf.kz сайты жеке кабинет ашуына болады немесе «e-mail-ге ЖЗШ-дан үзінді –көшірме алу» қызметімен; Android, iOS (iPhone, iPad) операциялық жүйелеріне арналған ENPF мобильді қосымшасымен пайдалана алады. Ал «Цифрлы Қазақстан» ұлттық бағдарламасы электрондық қызмет мүмкіндіктерін кеңейте түсті. EGOV.KZ электрондық үкіметінің порталы арқылы да Қор қызметтерін қолдануға болады.

Ашық есік күні туралы пікірімен шараға зейнетақы шотының жай-күйін білгісі келген әжесін әкелген Нұрлан есімді жігіт: «Зейнетақы қорының жұмысын мен ескіше түсінетінмін. Ал бүгін мұнда заманауи технологиялар жан-жақты  енгізілгенін көріп, таңданып қалдым. Енді әжеме оларды қолдануға көмектесемін. Үйде шәй ішіп отырып-ақ қызмет алатын болады».

Айдарбек есімді тағы бір қатысушы жауапкершілігі шектеулі серіктестікте қызмет етеді екен. «Мен зейнетақы шотым туралы ақпаратты электрондық пошта арқылы алып отырамын. Соңғы үзінді-көшірме келгенде, жұмыс беруші жарнамды уақытылы аудармағанын, бірақ бұны бізден жасырғанын түсіндім. Бүкіл мекемедегі жағадй осындай болып шықты.  Біздің талабымыздан кейін жарна аударылды. Енді мен қор сайтында жеке кабинет ашып, жағдайды әрдайым қадағалап отырмақпын. Басқаларға да осындай кеңес берем. Интернет арқылы қызмет алудың еш қиындығы жоқ, әрі ыңғайлы».

2017 жылдың қорытындысы бойынша БЖЗҚ операцияларының 52 пайызы электрондық әдіспен көрсетілген. Қордың корпоративтік стратегиясына сай, 2021 жылы бұл көрсеткішті 60 пайызға жеткізу көзделген.

Дайындаған Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ