Технология • 21 Маусым, 2018

Астанада мини роботтар байқауының финалы өтті

446 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

2018 жылдың 21 маусымында «KazRoboProject-2018» 10-21 жас аралығындағы балалар мен жастар арасында білім беру робототехникасы бойынша ғылыми-зерттеу және шығармашылық жобалар байқауының финалы өтті.

Астанада мини роботтар байқауының финалы өтті

Байқаудың мақсаты: Қазақстанда балалар мен жасөспірімдер арасында білім беру және спорт робототехникасын дамыту және дәріптеу. Іс-шараның ұйымдастырушылары алдына қойған міндеттері - өңірлердегі үздік жобаларды анықтау және республикалық конкурсқа қатысу үшін үздік командаларды қалыптастыру, сондай-ақ дарынды мектеп оқушыларына профильдік университеттер мен компаниялардың назарын аудару болып табылады.

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының атқарушы директорының орынбасары Сұлтан Айтжанов: «Бүгінгі кездесуіміз үздік технологиялар мекені болып табылатын Назарбаев орталығында өткізіліп отырғанына қуаныштымын. ҚР Тұңғыш Президенті Қоры қызметінің негізгі бағыттарының бірі дарынды балаларды қолдау болып табылады. Қор серіктестерімен бірге көптеген жылдар бойы жастарға арналған әр түрлі жобаларды жүзеге асырып, балалар мен жасөспірімдердің интеллектуалды және шығармашылық әлеуетін ашуға үлес қосып келеді. Жас дарындарды қолдау - бұл жалпыұлттық маңызы бар іс-шара.Бүгін біздің жас өнертапқыштарымыз қазылар алқасына өзінің үздік роботтарын ұсынады. Балаларға сәттілік тілеймін!»

Айта кетейік, 29 мамыр - 9 маусым аралығында еліміздің барлық облыстарында байқаудың іріктеу кезеңдері өтті, онда 200-ге жуық жоба ұсынылды. Чемпионат екі жас категориясында өтті: бірінші топ: 10-15 жасар балалар, екінші топ - 16-21 жас арасындағы жастар. Байқауға қатысушылар - 2 адамнан тұратын топтар. Жобалар еркін тақырыпта болды,  бірақ басты шарт - жобаның қоғам үшін пайдалы болуы тиіс.

Барлық жобалардың тұсау кесері өткеннен кейін әділ қазылар алқасы жеңімпаздарды анықтады.

10 – 15 жас аралығындағы топта:

- 1 орын - Малых Артем мен Сыздықова Айпара «Pancakebot» құймақтарды жасайтын роботы үшін (Павлодар облысы);

- 2 орын – Құнанбаев Бекболат пен Тоқберген Нұрали «Робот арба» жобасы үшін (Алматы қ.)

- 3 орын – Сергеев Марк пен Панфилов Валерий нейро-интерфейсі бар универсалды протезі үшін («жасанды қол») (Маңғыстау облысы). 

16 - 21 жас аралығындағы топта:

- 1 орын - Дудченко Любовь «Oqyp ko’r» жобасы үшін (көру қабілеті төмен адамдарға арналған кез-келген мәтінді жедел түрде Брайль шрифтіне аударатын құрылғы) (Алматы қ.);

- 2 орын - Дикин Александр мен Максутов Михаил электроэнергияны есептеу құралдарын автоматизациялау жобасы үшін (Астана қ.);

- 3 орын -  Сәбитов Олжас пен Хафизова Алина «Aeroponic» өсімдіктерді топырақсыз өсіру технологиясы үшін (Солтүстік - Қазақстан облысы).

Байқауды қазақстандық білім беру және спорттық робототехника «Казроботикс» федерациясы ұйымдастырды. Іс-шараның бас серіктесі – ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының Қоры.

Байқаудың финалдық кезеңінің ресми серіктесі – «Инфокоммуникациялық технологияларды дамыту қоры» КҚ.

Өңірлер бойынша іріктеу кезеңдері барысында «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» жастар қанаты, «Қазпошта» АҚ, ««Зерде» ұлттық инфокоммуникация холдингі» АҚ, ««Астана EXPO-2017» ұлттық компаниясы» АҚ қолдау білдірді