Қазақстан • 22 Маусым, 2018

Астана шежіресі: 1998 жыл

4525 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылы жарық көрген «Тәуелсіздік дәуірі» атты еңбе­гінде: «Жас мемлекетке міндетті түрде жаңа, заманауи астана қажет екенін тәуелсіздіктің бірінші күнінен-ақ ойладым. Осы ойымның дұрыстығына нық сенімді едім. 1992 жылдың өзінде-ақ Ақмолаға жұмыс сапарымен келгенде, астананы осында ауыстыру туралы ойға келдім» деп, жаңа дәуірге қадам басқан еліміздің баянды болашағы жайлы тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап, ойға алғаны жайлы жазыпты. 

Астана шежіресі: 1998 жыл

Нақты шешім ретінде 1997 жылғы 20 қазанда Қазақстан Республикасының Президентінің «Ақмола қаласын Қазақ­стан Республикасының астанасы деп жариялау туралы» аса маңызды Жарлығы шықты.

Осы бір тарихқа толы 1997 жылдың 7 қарашасында Президент Әкімшілігі мен Үкіметі Алматыдан Арқаға қоныс аударса, 10 желтоқсан күні Президент Жарлығымен «Ақмола қаласы Қазақстан Республикасының жаңа астанасы» деп танылды.

Осылай басталған жаңа дәуір жылнамасына биыл 20 жыл толып отыр. Бір ғана дерек: 1998 жылы бар-жоғы 300 мыңға жуық тұрғыны бар шағын қалада қазір бір миллионнан астам адам өмір сүруде. Яғни 20 жыл – 20 дәуір. Осындағы әрбір жылдың қойнауында жаңа дәуірге бет алған Қазақ елінің тарихы жатыр. Атап айтқанда: 

1998 жыл

6 мамыр – «Қазақстан Респуб­ликасының астанасы Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы Астана қаласы деп қайта атау туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы шығып, дәл осы күні «Қазақстан Республикасының астанасы Астана қаласында Сарыарқа және Алматы аудан­дарын құру туралы» Жарлығы жарияланды. 

6 мамыр – Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Ұлы Отан соғысындағы неміс-фашист басқыншы­ларына қарсы күресте көрсеткен ерлігі мен қаһармандығы үшін кіші сержант Бақтыораз Бейсекбаевқа «Халық Қаһарманы» атағы беріліп, кешікпей қаладағы Жуковский көшесі Бақтыораз Бейсекбаев болып өзгерді. 

7 мамыр – Президент Н.Назарбаевтың Жарлығымен Әділбек Рыскелдіұлы Жақсыбеков Астана қаласының тұңғыш әкімі болып тағайындалды.
9 мамыр – Астанада түркі тілдес мемлекеттер басшыларының алғашқы саммиті өтті. Оған Әзербайжан Респуб­ликасының Президенті Гейдар Әлиев, Өзбекстан Президенті Ислам Каримов, Қырғызстан Президенті Асқар Ақаев, Түркия президенті Сүлеймен Демирел, Түрікменстанның Мәжіліс төрағасы Сахат Мұрадов және Қазақстан Пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. 

20 мамыр – Президент Н.Назарбаев «Қа­зақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» заңға қол қойды. Заң ел астанасының құқықтық мәртебесін, саяси және экономикалық негіздерін айқындап берді. 

9 маусым – Қазақстан Республи­ка­сының астанасы – Астана қаласында Отан қор­ғаушылар ескерткіші іргета­сы­ның қалану рәсімі болды. Оған Түр­кияның президенті Сүлеймен Демирел, Қырғыз­станның президенті Асқар Ақаев және басқа да жоғары мәртебелі меймандар қатысты. 

10 маусым – Астананың халық­аралық тұсаукесер тойы болып өтті. Тұ­саукесерге жоспарлы түрде әзірлену үшін арнайы қысқа мерзімді бағдарлама қабылданды. Мұны іске асыруға 217 қазақстандық және шетелдік компания қатысты. Құрылыс-монтаж бен жөндеу жұмыстарына бар­лығы 13,8 мың адам қатысып, қаланың 248 мың шаршы метр аумағы түбегейлі жаңғыртылды. 

12 маусым – Қазақ қоғамындағы билер институтының үлгісі ретінде белгілі халқымыздың қадірлі тұлғалары: Төле, Қазыбек, Әйтеке билерге арналған ес­керткіш Жоғарғы сот ғимаратының жа­нында ашылды. Бұл шараға Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. 
18 маусым – Астана қаласының тұ­саукесер рәсімін әлем қазақтарына таныту мақсатында осы күні елорда төрінде дүние жүзі қазақтарының кіші құрылтайы өтті. Оған әлемнің 20 елінен 100-ге тарта қонақ келіп қатысты. 

7 қазан – Президент Н.Назарбаев Астананың жаңа орталығын дамытудың бас жоспарының жоба-идеясына жария­ланған халықаралық конкурстың қоры­тындысын шығарып, жапон сәулетшісі Кисе Курокаваның жұмысын жеңімпаз деп жариялады.

15 желтоқсан – Қазақстан Республи­касының Президенті Н.Ә.Назарбаевқа Астана қаласын елордасы ретінде қайта салуға, қалыптасуына және перспекти­валық дамуына қосқан зор үлесі үшін «Астана қаласының құрметті азаматы» атағы берілді.

Дайындаған 
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, 
«Егемен Қазақстан»