«Бұл – жалпы қатысушылардың 84,8 пайызы. Ал 50 балды алмағандардың саны – 2 102. Бұл жалпы тапсырушылардың 15,2 пайызы. Шекті балды жинай алмаған түлектер тамыз айында қайта тапсырады. Егер тамыз айындағы сынақтан да сүрінетін болса, онда оқу бітіруші түлектің қыркүйек айында ақылы түрде бір семестрге оқуға тапсыруына болады. Бір семестрден кейін қаңтар айында үшінші рет тапсыруға мүмкіншілігі бар. Және де айта кететін тағы бір жайт, қажетті балды жинай алмаған түлектермен, олардың ата-аналарымен біздің психолог мамандар жұмыс істеп, керекті кеңестерін беруде», деді ол.
Аталған жаңашылдықтың нәтижесінде 2017 жылы еліміз бойынша 30 мыңдай адам жоғары оқу орнына түсуге мүмкіндік алған.
«ҰБТ-ның алғашқы күнінде 33 тестілеу пункті жұмыс істеді. Жалпы, тест тапсыруға 14 250 түлек өтініш берді. Олардың нақты тапсырып шыққаны – 13 897. Бұл – өтініш берген түлектер санының 97,5 пайызы. Бір түлектің нәтижесі есепке алынбады. Оқиға еліміздің оңтүстік өңірінде тіркелді. Ол тест тапсыру ережелерін бұзған», деді Р.Әлімқұлов.
Бес пән бойынша республикадағы орташа балл 80,9 пайызды көрсеткен. «Бұл өткен жылғы ҰБТ-ның бірінші күнінің қорытындысымен салыстырғанда 4 балға артық. Еске сала кетейік, былтыр бірінші күннің қорытындысы бойынша республикадағы орташа балл 77,5-ті құраған еді. Тестілеудің алғашқы күні тіркелген ең жоғары балл – 138. Әзірше 140 ұпайдың бәрін жинаған оқушы тіркелмеді. Алдағы күндері ең жоғары балды жинайтын шәкірттеріміз шығады деп сенеміз», деді Р.Әлімқұлов.
Сонымен қатар Қазақстан бойынша 46 түлек тесті ағылшын тілінде тапсыруға өтініш бергенімен, олардың біреуі ғана өз таңдауын өзгертпеген. Ағылшын тілінде тапсырған түлек – Алматы қаласының өкілі екенін айта кетсек дейміз.
«Колл-орталыққа 105 қоңырау келіп түсті. Олардың көбі – ҰБТ-ны өткізу ережесіне қатысты шалынған қоңыраулар. Биылғы жаңашылдықтың бірі – тестілеу барысын онлайн-режімде бақылау. Осы орайда, аудиториялардың 85 пайызы бейнебақылау камераларымен жабдықталғанын атап өткен жөн. Алғашқы күннің қорытындысы бойынша апелляциялық органға өтініш бергендер болған жоқ», деді ұлттық тестілеу орталығының директоры.
Оның сөзінше, апелляциялық органға өтініш бергісі келген түлек тест тапсырған күннің ертеңінде түскі 13:00-ге дейін үлгеруі керек.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»