Бизнес • 22 Маусым, 2018

Ұлттық палата кәсіпкерлер үшін тиімді алаңға айналды

41 реткөрсетілді

Астанада «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының V съезі өтті. Жиынға Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев, «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Тимур Құлы­баев, ҰКП басқарма төраға­сы Абылай Мырзахметов, мемле­кеттік органдар және бизнес қоғам­дастық өкілдері қатысты. 

Жиынның ашылу рәсімінде Премьер-Министр Б.Сағынтаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау хатын оқып берді. Мемлекет басшысының құттықтауында биыл құрылғанына бес жыл толған «Атамекен» палатасының осы уақыт ішінде бизнес қауымдастықтың мүддесін қорғайтын тәуелсіз институт ретінде қалыптасқаны аталып өтті. «Ұлттық палата кәсіпкерлер мен мем­лекеттік органдар арасындағы тиімді ынты­мақ­тастыққа дәнекер бола білді. «Атамекен» бірлестігі еліміздің тұрақты дамуына өз үлесін қоса береді деп сенемін», делінген құттықтау хатта. 

Сонымен қатар Елбасы елдегі бизнесті дамытудың нәтижесінде Doing Business рейтингінде Қазақстанның 36-орынға көтерілгенін, инвестициялық ахуалдың жақсарғанына тоқталды. Сондай-ақ ішкі жалпы өнімнің өсімі 4 пайызды құрап, әлемдік орташа көрсеткіштен асқанын атап өткен.
«Инвестициялық жағдайды жақсарту бойынша жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Салық және кедендік кодекс жөніндегі жаңа нормалар күшіне енді. Кәсіпкерлікті реттеуге қатысты өзгеріс­тер қабылданды. Онда елдегі бизнес өкіл­дерінің ұсыныстары барынша ескерілген. 

Біздің стратегиялық мақсатымыз – дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылу. Ол үшін ішкі жалпы өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесін 50 пайызға арттыру қажет. Сонымен қатар төртінші экономикалық революция жағдайында экономиканы жедел жаңғыртып, жаңа технологиялар мен инновацияларды енгізуге бет алдық. Әлеуметтік бастамалар аясында шағын несиелерді қаржыландыру көлемі артып, «Бастау» секілді маңызды жобалар қолға алынды. Осы жылдың өзінде 160 аудан мен 40 шағын қаланы қамтып, 30 мың ауыл тұрғынын кәсіпкерлік негіздеріне оқыту қарастырылған. Алға қойылған барлық мақсат пен міндеттерді жүзеге асыру үшін Үкімет пен «Атамекеннің» жүйелі күш салуы талап етіледі», делінген Елбасының Үндеуінде.

Сонымен қатар Н.Назарбаев «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өзін қазақстандық бизнес-қоғам­дастықтың шоғырлануының базалық негізі ретінде дәлелдеп үлгергенін де құттықтау хатында атап өткен. 

«Ұйым еліміздің дамуындағы стра­тегиялық реформаларды жүзеге асыру­дың тиімді механизмі. Бұл ТМД-дағы отандық кәсіпкерлердің барлығын біріктіретін және заңнамамен бекітілген ауқымды функция мен уәкілеттікке ие жалғыз құрылым. Бұл съезд «Атамекен­нің» бес жылдық жұмысын қорытын­дылауға арналған айтулы оқиғаға айналатынына сенімдімін», делінген Президенттің құттықтау хатында. 

Елбасының құттықтауынан кейін Т.Құлыбаев съезді ашық деп жариялады. Сондай-ақ осыдан бес жыл бұрын Мемлекет басшысының «Атамекен» палатасын құру туралы бастаманы қол­дағанын атап өтіп, еліміздің барша кәсіп­керлері Елбасына бизнес саласына көрсетіп отырған қолдауы үшін зор алғыс білдіретінін баяндады. 

«2012 жылы Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында алғаш рет мемлекет пен бизнестің серіктестік қарым-қатынасын берік орна­туға мүмкіндік беретін алаң құрудың қажеттілігі туралы айтқан еді. Бүгінде отандық бизнесті біріктіретін, кәсіпкерлік субъектілерінің құқығы мен заңды мүддесін республикалық және өңірлік деңгейде қорғайтын, азаматтық қоғамның маңызды институты ретінде қалыптасқан Ұлттық палата дәл сондай алаңға айналды», деді Т.Құлыбаев. 

Бұдан кейін ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов баяндама жасап, «Атамекен» атқарған жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, Ұлттық палатаға төленетін жарна көлемі жылдан-жылға ұлғайып келеді. Міндетті мүшелік жарналардың шектік мөлшері Үкімет тарапынан белгіленген.
«Біздің басты бағыттарымыздың бірі – бизнестің мүддесін қорғау. Бес жыл ішінде кәсіпкерлікті қорғау бойынша 23 мыңға жуық өтініш келіп түсті. Солардың 40 пайыздан астамы оң ше­шімін тапты. Соның нәтижесінде кәсіп­кер­лердің меншік құқығы 111,3 миллиард теңгеден астам сомаға қорғалды», деді А.Мырзахметов.

Басқарма төрағасының деректеріне сәйкес, Ұлттық палатаның Бас Прокура­тура, Мемлекеттік қызмет істері мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі агенттік, Жоғарғы сотпен бірлесе атқарылған жүйелі жұмысының нәтижесінде құқық қорғау органдары тарапынан кәсіпкерлерге жасалатын қысым айтарлықтай азайған. Заң­дық тұрғыда бірқатар жеңілдіктер жаса­лып, рақымшылық шаралары қарасты­рылған. Соның нәтижесінде 2016-2017 жылдары 400-ден астам кәсіпкер өз жұмысын қайта жалғастырған екен. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен дауларды сотқа дейін реттеу механизмі енгізілді. Қаржы министр­лігінің жанынан салық және кеден даулары бойынша апелляциялық комиссия құрылды. Бүгінге дейін салық және кеден тексерулеріне қатысты 157 шағым қаралып, шамамен 40 пайызы кәсіпкерлер пайдасына шешілген. 
А.Мырзахметовтің сөзіне сүйенсек, «Атамекен» палатасы ұстанған келесі бағыт – нормативтік актілерді сараптамадан өткізу. Палата құрылғаннан бастап 22 300 нормативті-құқықтық актінің жобасына сараптама жасалып, соның ішінде 434-тен астам заң жобасы қаралған. 

«Әрине, бес жыл ішінде біздің жұмы­­сы­мызда жетістіктермен қатар кем­шіліктер де кездескен шығар. Бірақ біз қолымыздан келгенше қамқор болуға тырыс­тық. Сондықтан сіздердің баға­лары­ңыз­ды алу, ұсыныстарыңызды есту – біз үшін үлкен мәртебе», деп сөзін қо­ры­тындылады ҰКП басқарма төрағасы.

Съездің күн тәртібінде Ұлттық кә­сіп­­керлер палатасының атқарған жұмы­­сы бойынша есептер, ҰКП өтпелі кезең­нің аяқталуы Басқарма мүшелерінің өкі­леттілігі мерзімін жалғастыру және басқа да мәселелер қаралады.

Сонымен қатар съезд барысында Үкімет пен «Атамекен» арасында өзара қарым-қатынас туралы келісімге қол қойылды. «Ұлттық кәсіпкерлік палатасы туралы» заңның 32-бабына сәйкес, 2018 жылғы 22 шілдеде бесжылдық кезең аяқталады. Осыған байланысты Үкімет «Атамекен» қатысушылары құрамы мен басқару органынан шығады. Соған сәйкес, Премьер-Министр Б.Сағынтаев пен «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Т.Құлыбаев өзара қарым-қатынас туралы келісімге қол қойды. 

Б.Сағынтаев «Атамекен» палатасы алғаш құрылғанда түрлі қиындықтар кездескенін, алайда, жүйелі жүргізілген жұмыстың нәтижесінде көптеген шаруа атқарылғанын айтты. Нәтижесінде бүгінде «Атамекен» Үкіметтің тірегі­н­е айналды. Премьер-Министр Үкі­мет палатаның басқару органынан шық­қанымен, әріптестік жалғаса беретінін мәлімдеді. 

Премьер-Министр Үкімет пен Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ортақ жоспарлары көп екенін айтты. Басымдыққа ие міндеттердің бірі – кәсіпорындарды цифрландыру және кәсіпкерлікке баулу арқылы халықты жұмыспен қамту.

Б.Сағынтаев «Атамекен» бастамасымен іске асқан «Бастау» жобасы­ның оң нәтижесін атап өтті. Жоба жеке кәсіп ашқысы келетіндер үшін нақты тірек болды, оны Мемлекет басшысы қолдап, шағын несиелеуге қосымша қара­жат бөлінді. Осы ретте Үкімет бас­шысы бақылау-қадаға­лау функ­ция­лары қысқарып, өзін-өзі реттеу ен­гізілгендіктен, бизнес­тің жауапкершілігін арттыру қажеттігін атап өтті. 

Өз кезегінде «Атамекен» ҰКП Төр­ал­қа төрағасы Т.Құлыбаев бірлесіп ат­қарыл­ған жемісті жұмыс үшін Үкімет басшылығына алғыс білдірді. Сондай-ақ өзара іс-қимылдың тетіктері белгіленіп, қыруар шаруа істелгенін атап көрсетті. 

«Бес жыл бұрын Мемлекет басшысы әріптестік қарым-қатынас орнату мақсатында бизнес пен билік органдары арасында тиімді диалог алаңын құру туралы тапсырма берген еді. Бүгінде «Атамекен» Қазақстандағы кәсіпкерлікті дамыту мен қолдау бойынша тиімді диалог және сараптамалық алаң ретінде қалыптасқанын нық сеніммен айта аламын. Біз Парламент және Үкіметпен белсенді жұмыс атқарып келеміз», деді Т.Құлыбаев. 

Сонымен қатар жиын барысында еліміздегі кәсіпкерлердің этика және іскерлік әдебі кодексі қабылданды. Құжат­қа бизнесмендер этикасының база­лық қағидалары енген. 

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан» 

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар