Дербес қарулы күштердің болмауы
Тәуелсіз мемлекеттің басты институттарының бірі дербес қарулы күштер болып табылады. Республиканы оның аумақтық тұтастығына қарулы қол сұғушылықтан қазақстандық армия қорғауға тиіс болатын. КСРО тарағаннан кейін елді жайлаған ыдыраушылық мен аласапыран республика аумағында орналасқан әскери бөлімдерде мейілінше тосын зардаптар туындатып, түзелместей қауіпті зардаптарға соқтыруы мүмкін еді. Сондықтан мемлекеттік егемендікке ие болғаннан кейін-ақ бірден біздің еліміз шұғыл түрде өзінің күшті де жауынгерлік қабілетті армиясын құруға кірісті.
***
Қазақстан Қарулы Күштері 1992 жылғы 7 мамырда Қазақстан Республикасы Президентінің №745 Жарлығымен құрылды. Оның құрамына ҚР аумағында орналасқан бөлімдер мен құрамалар кірді. Кеңес Одағынан егемен мемлекетке бұрынғы кеңестік Түркістан әскери округінің саны 200 мыңнан асатын әскери тобы мұраға қалды.
Дегенмен, іс жүзінде адамдар барлық жерде де жетіспеді. Офицерлер мен прапорщиктер не армиядан кетіп жатты, не бұрынғы КСРО-ның өзге армияларына ауысты. Офицер кадрлардың тапшылығынан Қазақстан кіші лейтенанттарды қысқа мерзімді әскери қызметтің бір жылынан ғана өткен солдаттар арасынан даярлады.
1990 жылдардың басында ақшалай қамтамасыз ету кешіктіріліп төленді. Бұл кезеңде әскери ведомствоға бюджет қаржыларының әскерлер қолындағы қару-жарақтар мен әскери техниканы жауынгерлік дайындықта ұстап тұруға ғана жететіндей аз ғана бөлігі бөлінді.
Осылайша, 1993 жылы ҚР әскери бюджеті, бүгінгі күнмен салыстырғанда, небәрі 8 млрд. теңгені құрады, тек 1994 жылы ғана 10 млрд., 2010 жылы – 170 млрд., 2011 жылы 202 млрд. теңге болды.
Іс жүзінде 1992 жыл ішінде дербес күштік құрылымдар – Қарулы Күштер, Республикалық гвардия, ішкі және шекара әскерлері құрылды. Өзіміздің ұлттық тарихымызда алғаш рет 1993 жылы біз дербес Әскери-теңіз күштерін құруға кірістік. Сол арқылы жас мемлекеттің қорғаныс және қауіпсіздік жүйесін құру аяқталды.
Мемлекет басшысының 1996 жылдың 16 желтоқсанында ҚР Тәуелсіздігінің 5 жылдығына орай сөйлеген сөзінен.
![141211-12](http://old.egemen.kz/2011img/141211-12.jpg)
Әскери қызметшілер қатарын жаңадан толықтырушылардың отанға адалдыққа ант беру қажеттілігіне байланысты 1992 жылдың 25 тамызында Қазақстан Республикасы Президентінің №870 Жарлығымен әскери ант мәтіні бекітілді. 1993 жылдың 13 және 19 қаңтарында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы туралы» және «Жалпыға ортақ әскери міндет және әскери қызмет туралы» заңдар қабылданды. Қазақстан Республикасы Президентінің 1993 жылғы 11 ақпандағы №1094 Жарлығымен Қазақстан Республикасының алғашқы Әскери доктринасы бекітілді, ол мемлекеттің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етудің, соғыстар мен қарулы жанжалдардың алдын алудың және әскери құрылыстың негіз қалаушы көзқарастарының жүйесін білдірді.
Тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстан Қарулы Күштерінің ұтымды үш түрлі құрылымы қалыптасты (Құрлықтағы әскерлер, Әуе қорғанысы күштері және Әскери-теңіз күштері). Құрлықтағы әскерлер мен Әскери-теңіз күштері бас командашыларының басқармасы құрылды. Құрлықтағы әскерлердің өңірлік командашыларының құрамына («Оңтүстік», «Шығыс», «Батыс», «Астана») Қарулы Күштердің әскер түрлері ретінде Аэроұтқыр, Ракета әскерлері мен артиллерия енгізілді.
Кадрлар даярлаудың отандық жүйесі құрылды. Елде ең қысқа мерзімде ҚК үшін әскери оқу орындары ашылды. 1992 жылы Қазақстанда әскери мамандарды тек бір әскери училище ғана (Алматы жоғары жалпыәскерлік командалық училище) даярлады. Бүгінде әскери мамандар даярлау төрт жоғары әскери оқу орындарында жүзеге асырылады (Ұлттық қорғаныс университеті, Құрлықтағы әскерлердің әскери институты, Әуе қорғанысы күштерінің әскери институты, Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты). ҚК-ге кәсіби сержанттар даярлау мақсатында 1996 жылы Кадет корпусы құрылды.
Қазақстанның аумақтық тұтастығы мен тәуелсіздігін сақтаудан маңызды міндет жоқ. Мемлекеттің аса күрделі жағдайда өзінің қорғаныстық құрылысын жүргізіп, қиындықтарға қарамастан осындай жұмыстарды жалғастыруы – әлдебіреулердің субъективті тілегі емес, ол мәніне біздің ұрпақтарымыз баға беретін қажеттілік.
Мемлекет басшысының
1996 жылғы 16 желтоқсанда ҚР Тәуелсіздігінің 5 жылдығына орай сөйлеген сөзінен.
Осы жылдарда жауынгерлік дайындықты арттыруға үлкен көңіл бөлінді. Әскери дайындыққа бөлінетін шығындардың артуы практикалық сабақтар мен ұшқыштардың ұшуларының үлесін көбейтуге жағдай жасады. Қазір ол ТМД армияларында ең жоғарылардың бірі (майдан авиациясында – 87 сағ., армиялық авиацияда – 72 сағ., әскери-көлік авиациясында – 138 сағ.), жүргізуші-механиктердің машықтануы жылына 160 км.-ға дейін ұлғайтылып, практикалық атулар жиілігі көбейтілді. Мобрезервті шақыру және даярлау жүйесі жетілдірілді. Жасақтау аралас принцип бойынша (шақыру және келісім-шарт бойынша) кәсіби әскерилер үлесіне басымдық беріле отырып (келісім-шарт бойынша әскери қызметшілердің шақырылған әскер қызметшілерге ара-қатынасы 35-ке 65 пайыз шамасында тұрақтандырылады) жүзеге асырылады.
Әскери қызметшілерді ақшалай қамтамасыз ету тұрақты түрде арттырылып келеді. Ол бүгінде ҰҚШҰ-ға қатысушы елдер ішінде ең жоғарылардың бірі. 2007 жылы әскери қызметшілерді ақшалай қамтамасыз ету 30 пайызға, 2009-2010 жылдары – 25 пайызға, 2011 жылы 30 пайызға ұлғайтылды, солдат және сержант лауазымында келісім-шарт бойынша жүрген әскери қызметшілердің кластық біліктілігіне үстеме өсірілді. Әскери шен үшін төленетін жалақыларға дифференцияландырылған көзқарас енгізілді. Осылайша, егер 1995 жылы лейтенант шеніндегі взвод командирі 7 мың теңге алса, 2011 жылы ол 114 мың теңге алады.
***
Әскери құрылыс саласында жүзеге асырылған іс-шаралар кешені құрамы мен құрылымы бойынша қазіргі заманғы соғыс қимылдарын жүргізу жағдайларына бейімделген ұтымды Қарулы Күштерді құруға жағдай жасады. Қазіргі заманғы қазақстандық армия Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын қорғаудың сенімді кепілі болып табылады.