Бокс • 22 Маусым, 2018

Бокстан жастар арасындағы әлем біріншілігіне 9 қазақстандық қатысады

53 реткөрсетілді

20-31 тамыз аралығында Венгрияның бас шаһары Будапеште бокстан жастар арасындағы әлем біріншілігінің жалауы желбірейді. Қазақстан құрамасының аға жаттықтырушысы Ғалым Кенжебаевтың айтуынша, осы жарыста ел намысын 9 былғары қолғап шебері қорғайды. Олар – Махмуд Сабырхан (49 кило), Бейбарс Жексен (56 кило), Рахат Сейітжанов (60 кило), Талғат Шәйкен (64 кило), Ермахан Жақпеков (69 кило), Нұрбек Оралбай (75 кило), Сағындық Туғамбаев (81 кило), Айбек Оралбай (91 кило) және Дамир Тойбай (+ 91 кило). 

Жастар буыны арасындағы жарыс­тардың талайында Қазақ­стан­­ның өрендері жасын­дай жар­қырап, толағай табыс­тар­ға қол жеткізді. Бүгінгі таңда мем­ле­кетіміздің мақтанышына айналып отырған гүрзі жұдырықты жі­­гіт­теріміздің дені дәл осы бә­се­­келерде ысылып, әр жылдары жеңіс тұғырына көтерілді. Алыс­қа бармай-ақ, соңғы бес әлем біріншілігінің нәтижелеріне зер салсақ та жеткілікті деген ойда­мыз. Мәселен, 2008 жылы Мехи­кода ұйымдастырылған жа­рыс­та Данияр Елеусінов (60 кило) пен Иван Дычко (91 кило) кү­міс ме­дальді мойындарын­да жар­қы­ратты. Данияр ирлан­дия­лық Рей Мойлетке, ал Иван куба­лық Эрис­ланди Савонға ұтыл­ды. Екі ре­тінде де бәсеке тағдырын екі ұпай ғана шешкен еді. 

2010 және 2012 жылдары Баку мен Ереванда өткен жарыс­тың нәтижесіне көңіліміз толма­ды. Әзербайжанда бірде-бір боксшымыз жүлдегерлер санатына қосыла алмаса, Арменияда Дәулет Байғабатовтың (75 кило) жалғыз қола медалін қанағат тұтуға тура келді. 

Есесіне 2014 жылы Болгария­ның бас шаһары Софияда төрт жер­лесіміз ақтық сында айқасып, төрткүл дүние жанкүйерлерінің назарын өздеріне аударды. Атап айтсақ, қарсы келгендердің бар­лығын қоғадай жапырған Шал­қар Ақшабай (49 кило) мен Абылайхан Жүсіпов (60 кило) ал­­тын тұғырдан қол бұлғады. Финалда Шалқар өзбекстандық Сулейман Латиповті жеңсе, Абы­лайхан румыниялық Арсен Мұстафадан айласын асырды. Шешуші сәтте ғана ұтылған Сұлтан Зәуірбек (56 кило) пен Вла­димир Казаков (81 кило) күміс жүлдеге қол жеткізді. Осы көрсеткіштің арқасында Қазақ­станның жастар құрамасы өз тарихында тұңғыш рет әлем біріншілігінің жалпы есебінде бас жүлдені олжалады. 

2016 жылғы доданы Ресейдің Санкт-Петербург қаласы қабыл­да­ды. Нева жағалауында асқан шеберлік танытқан Садриддин Ахмедов (69 кило) бас жүлдені қан­жығасына байлады. Финалда ол украиналық Павел Гулаға адым аштырған жоқ. Ақтық айқас­та қарсыластарына бір ғана ұпай айырмашылығымен есе жіберген Саматәлі Төлтаев (56 кило) пен Бек Нұрмағамбет (75 кило) күміс медальді мойындарында жарқыратты. Ал Бекзат Нұрдәулетов (81 кило) қо­лаға қол созды. Жарыстың жал­пы есебінде Куба мен АҚШ құра­маларын ғана алға жіберген Қазақстанның былғары қолғап шеберлері үшінші орынға тұрақтады. 

Міне, енді бізді Будапештегі әлем біріншілігі күтіп тұр. Бұл жарыста кімдердің бақ сынайтынын жоғарыда айттық. Бұл жігіттердің барлығының да түрлі ха­лықаралық додаларда жүлде алып жүргенін жанкүйерлер жақ­сы біледі. Оның үстіне үсті­міз­дегі жылдың сәуір айында Бангкокта жалауы желбіреген Азия біріншілігінде 6 алтын, 1 кү­міс және 1 қола медальді иеленген отандастарымыз командалық есеп­те бас жүлдені олжалаған еді. Ен­ді әлемдік додада да өзіміздің мықтылығымызды дәлелдеуге тиіспіз. 

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар