Қазақстан • 22 Маусым, 2018

«Ақылды кеніш» жобасы «Алтын Гефест» байқауында үздік атанды

389 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еуразиялық топ (ERG) құрамындағы Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігі (ССКӨБ) «Алтын Гефест» республикалық байқауының лауреаты атанды. Байқау қорытындысы Астана мерейтойының құрметіне 25-ші Дүниежүзілік тау-кен конгресі аясында шығарылған болатын.  

«Ақылды кеніш» жобасы «Алтын Гефест» байқауында үздік атанды

«Жыл жобасы» аталымында «Қашар кенішінің тау-кен көлігі кешенін басқару­дың ав­то­мат­тандырылған жүйесі» ат­ты жұмыс үздік деп танылды. «Ақыл­ды кеніш» жобасы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан телекөпірде салтанатты түрде іске қосылған еді.

Жыл сайын «Алтын гефест» ұлт­тық салалық бай­қауына 100-ден астам үміткер өтінім біл­діреді. Биыл ССКӨБ солардың қа­тарынан көрінді. «Жыл жобасы» аталымында экономикалық және әлеуметтік әл-ауқатты арт­тыру мен өндірістік қайта құ­ру­ды көбейтуге бағытталған әзір­лемелер не­гізге алынады. Бұл орайда «ССКӨБ» АҚ мамандары енгізген инновация – «Қашар ке­нішінің тау-кен көлігі кешенін бас­қарудың автоматтандырылған жүйесі» жо­басы еш шүбә тудырмады, сол себепті де 2018 жылдың ең үздік жобасы деп танылды.

Жаңа енгізілім Қашар кенішін 4.0 Ин­дус­триясы тұ­­жырым­да­масына сай да­мы­туға мүмкіндік береді. Жобаның эле­менттері тау-кен көлігі кешенін нақ­­ты уақытта автоматтандырылған бас­қару мен диспетчерлендіруді, ГИС, MES және ERP (SAP) жүйелерінің базасында жос­парлаудың бі­рік­тірілген орталықтарын, жерсе­ріктік дәл жайғас­тыру мен бұр­ғы­лау-жару жұмыс­тарын бас­қаруды енгізумен байланыс­ты. Нә­тижесінде тиімділік көр­сеткіштерінің айқын­дығы мен ба­қылауы қамтамасыз етіл­ді, қыз­­меткерлер жедел есепке алу, жабдықты қолдану жөніндегі шынайы және толық ақпаратқа 100 пайыз қол жет­кізеді.

«Ақылды кеніш» жобасын енгізудің нәтижесінде кәсіпорын өндіретін өнім­нің экономикалық тиімділігі артты. Еу­разиялық топ бұл технологияны өзінің бар­лық кен өндіруші кәсіп­орын­дарына ен­гізетін болады.

– ССКӨБ 4.0 Индустриясы технологияларын енгізуге кі­ріс­ті. Кәсіпорын тех­никалық қай­­та жарақтандыруды бел­сен­ді жүргізуде. Бұл ретте эконо­микалық тиім­ді жобаларды та­бы­сты дамытуға мүм­кін­дік бере­тін, осылайша еліміздің тау-кен металлургиялық ке­шені­нің бәсе­кеге қабі­лет­тілігін нығай­татын ең заманауи технологиялар пайдаланылып жатыр, –деді Соколов-Сарыбай кен-байыту өнді­рістік бір­лестігінің басшысы Береке Мұха­мет­қалиев. 

Цифрландыру бағдар­ламасы негізінде жүзеге ас­қан «Ақылды ке­ніш» жобасы кен алыбындағы еңбекті жеңілдете түсе­ді. Өнді­ріс­тің бәсекеге қабілеттігі артады. 

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»

Қостанай облысы,
Рудный қаласы