Парламент • 25 Маусым, 2018

Сенат комитетінде білім беру мәселелері туралы заң жобалары қаралды

424 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Парламент Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жоғары оқу орындарының академиялық және басқару дербестігін кеңейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралды, деп хабарлайды Сенаттың баспасөз қызметі.

Сенат комитетінде білім беру мәселелері туралы заң жобалары қаралды

Заң жобасы Мемлекет басшысының 2014 жылғы 17 қаңтардағы «Қазақстан жолы - 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауын, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 78-қадамын орындау, сондай-ақ Мемлекет басшысының Бес әлеуметтік бастамасын іске асыру үшін әзірленді.

Құжат жоғары оқу орындарының академиялық, басқару және қаржылық дербестігін кеңейтуге, Назарбаев университетінің тәжірибесін ескере отырып, олардың бәсекеге қабілеттігін арттыруға, сондай-ақ жоғары білім берудің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға және студент жастардың күнелту жағдайларын жақсартуға бағытталған.

Академиялық дербестікті кеңейту үшін жоғары оқу орындарына білім беру бағдарламаларының мазмұны, білім алушылардың ауысуы мен қайта қабылдануы мәселелерін, білім беру қызметтерін көрсету және кәсіптік практиканы өткізу шартының нысандарын айқындау өкілеттіктерін беру бойынша құзыреттер көзделген.

Басқару және қаржылық дербестік мәселелері бойынша заң жобасында жұмысқа жалдау, жоғары оқу орнының құрылымын айқындау, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің коммерциялық ұйымдарын коммерциялық емес ұйымдар етіп қайта құру, жоғары оқу орындарының коммерциялық қызметті жүзеге асыруы, сондай-ақ жоғары оқу орындарындағы директорлар кеңесінің айрықша құзыреті мәселелерін реттейтін ережелер көзделіп отыр.

Заң жобасының негізгі ережелерін тиімді іске асыру үшін:

- кадрларды даярлау бағыттары бойынша жаңа сыныптауышқа сәйкес жоғары оқу орындарының білім беру қызметін лицензиялаудың жаңа түріне көшуі;

- жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің білім бағдарламалары бойынша оқытуды тек қана күндізгі оқыту нысандарында жүзеге асыру;

- өмір бойы оқыту қағидатын іске асыру мақсатында формальды және формальды емес білім беру арқылы оқытудың нәтижелерін тану;

- жоғары оқу орындарының түрлері – «академия», «институт», «университет» ұғымдарын нақтылау;

- жоғары оқу орындарының аккредиттеу органдары көрсететін қызметтерді сатып алуын мемлекеттік сатып алудың жалпы рәсімдерінен шығару;

- заң жобасының жекелеген нормаларын нақтылау және мазмұнын жақсарту бөлігінде бірқатар түзетулер көзделеді.

Мемлекет басшысының үшінші әлеуметтік бастамасын іске асыру шеңберінде жаңа студенттік жатақханалар салуға қатысты:

- студент жастардың күнелту жағдайларын жақсартуды;

- екінші деңгейдегі банктердің мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттарын сенімді кепіл ретінде тануын;

- инвестициялық шығындар өтемақысын есепке жатқызуға арналған шоттардың сақталуын көздейтін түзетулер енгізілді.

Сенаторлар сондай-ақ «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын да бірінші оқылымда қарады.

Бұл заң жобасында көзделген түзетулер Еңбек кодексіне, «Білім туралы» және «Ең төмен әлеуметтік стандарттар және олардың кепілдіктері туралы» заңдарға енгізіледі.

Атап айтқанда, ол ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар негізінде қазақстандық жастардың дүниетанымын қалыптастыру жөніндегі тәрбие жұмыстарын жүргізу аясында адамгершілік-рухани білім беру тұрғысында «Өзін-өзі тану» бағдарламасына анықтама енгізу ұсынылады.

Дуалды оқытуды енгізуге байланысты заң жобасында өндірістік оқытуға, тәлімгер мен тыңдаушыға, тірек мектебіне (ресурстық орталық) ұғымдарды бекіту туралы ережелер бар.

Сонымен қатар, заңнамалық деңгейде ұсынылатын түзетулер Республикалық оқу-әдістемелік кеңесінің, техникалық және кәсіптік, орта бiлiмнен кейiнгi бiлiм беру ұйымдарының қызметі мәселелері бойынша әдістемелік жұмысты күшейтуге мүмкіндік беретін салалық оқу-әдістемелік бірлестіктердің мәртебесін заң жүзінде бекітеді. Бір-бірін қайталайтын және ескірген ережелер алынып тасталады, заңдардағы техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы олқылықтар мен қайшы ережелер жойылады.

Заң жобасы Палатаның қарауына жіберілді.