Осыдан жиырма жыл бұрын Қазақстанның жаңа астанасының тұсаукесеріне қатысу құрметіне ие болған едім. Астана – ол тәуелсіз елдің жаңа астанасы! Бұл – көреген Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың батыл саяси шешімі. Ол шын мәнінде Астананы құрушы және оның бас архитекторы болып табылады. Қала көп этносты елдің жарасым тапқан ынтымағы мен береке-бірлігінің нақты көрінісін бүкіл әлемге паш етіп тұр.
Маған, әсіресе астананың брендіне айналған «Бәйтерек» монументі ерекше ұнайды және қызықтырады. Мен оны жемісі мол алма ағашына балаймын. Өйткені «бай» деген сөз татарша да бай деген ұғымды білдіреді. Астана – Қазақстанның жаңа өмірінің шынайы кескін-келбеті, ал Алматы – тарихи мұраға аса бай мегаполис.
Уақыт өткен сайын бедел мен күш-қуат алып келе жатқан Қазақстан мемлекеті әлем картасында мықтап орнықты. Бұл бірегей де дара тұлға – Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасы деп білемін.
Ол қазіргі заман сын-тегеуріндеріне батыл үн қата білді, әлемде бейбітшілікті қамтамасыз етуге байланысты өміршең бастамалар көтеріп отырды. Ең бастысы, ол өз елінің болашағы үшін адал қызмет етті, алдағы уақытта да солай бола беретініне сенімдімін.
Нұрсұлтан Әбішұлы көптеген игі істің бастамашысы болды. Небір қиын шақтарда шыдамдылық танытты, одан шығудың жолдарын қарастырды. Елінің мол мүмкіндігін жүзеге асыруға белсене кірісумен болды. Бүгінде соның игілігін Қазақстан халқы көріп отыр. Қазақ елін қазіргі кезде бүкіл әлем таныды, халықаралық қоғамдастық мойындады.
Көптеген жылдар бойы мен Нұрсұлтан Әбішұлымен әңгімелесу бақытына ие болған жандардың бірімін. Біз онымен бірге бауырлас қазақ пен татар халықтарының арасындағы ежелгі тарихи достық қатынастарды нығайтудың, сондай-ақ біздің республикалар арасындағы көпжақты ынтымақтастықты дамытудың бастауында тұрдық. Шын ниетпен атап өтуім керек, Татарстан үшін саяси қиын жағдай туған кезде Нұрсұлтан Назарбаев түсіністік танытып, бізге беделді қолдау көрсетті. Бүгінде бауырлас халықтар арасындағы байланыстар нығайып келеді. Оған біздің Президент Рустам Минниханов ерекше назар аударып отыр. Ең бастысы – бұл біздің халқымызға ұнайды. Осындай достық қатынастар ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса беретін болады.
Осындай сәтті пайдалана отырып, жеке өз атымнан және татарстандықтар атынан әсем Астананың туған күнімен қазақстандықтарды және Нұрсұлтан Әбішұлын шын ниетпен құттықтаймын!
Минтимер ШАЙМИЕВ,
Татарстан Республикасының
экс-президенті