Парламент • 26 Маусым, 2018

Қасым-Жомарт Тоқаев: Елбасы ұлттық мүддені әрдайым биік ұстап келеді

455 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев журналистерді Байланыс және ақпарат саласы қызметкерлерінің күні мерекесімен құттықтады. Сенат Төрағасы кіріспе сөзінде сенаторлар да, өзі де ақпарат саласының мамандарына құрметпен қарайтынын, олардың кәсіби шеберліктері, патриоттық,  адам­гер­ші­лік қасиеттерін жоғары баға­лай­тынын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев: Елбасы ұлттық мүддені әрдайым биік ұстап келеді

– Бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі тұрақты түрде өсіп келеді. Тіпті әлеуметтік желілер пайда болса да, дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі бәсеңдемейді. Керісінше олар озық технологияларды жұмыс құралына айналдырып отыр. Біздің елдегі журналистика ауқымды реформалардың ұдайы алдыңғы сапында. Баспа және электрондық басылымдар миллиондаған адамдардың көңіл түкпірінен берік орын алды. «Көп сөз ұтпайды, дөп сөз ұтады» демекші, отандық бұқаралық ақпарат құралдары кәсіби түрде шебер, шынайы және жедел жұмыс жүргізуде, – деді Қ.Тоқаев.

Сенат Төрағасының айтуынша, халық­тың шынайы сеніміне ие әрі шет елдерде беделі зор біздің еліміздің Мемлекет бас­шысы Қазақстанның халықаралық арена­дағ­ы ұлттық мүддесін әрдайым биік ұстап келеді. Елбасының Көшбасшылық әрі Тұңғыш Президент мәртебесі еліміздің саяси жүйесіндегі тұрақтылықтың сенімді кепілі. «Тұңғыш Президент – Елбасы туралы», «Қауіпсіздік Кеңесі туралы» заңдар елдегі ішкі және сыртқы саясатты жүргізуде Елбасының жетекші рөліне құқықтық кепілдіктерді қамтамасыз етеді. Бұл қазіргі әлемдегі дүрбелеңге толы жағдайларда маңызды рөл атқарады. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстанның негізін салушы ретіндегі сіңірген еңбегі аса ауқымды, тарихи маңызы зор.

Төртінші өнеркәсіптік революция дәуірі қоғам мен бұқаралық ақпарат құралдарының алдына биік міндет­тер қойып отыр. Технологиялық, экономикалық және әлеуметтік ауқымды өзгерістер бұрынғы әдеттер мен таптаурын көзқарастардан арылып, жаңаша ойлауды талап етеді. Президент Жолдауында цифрлық технологиялардың дендеп енуіне байланысты қазақстандықтарды жаһандық өзгерістер мен қатерлерге дайын болуға шақырды. Бұл міндет тек қоғамның қолдауымен табысты шеші­летіндіктен,   цифрландыру идеясының мән-маңызын қалың бұқараға жеткізуде журналистерге аса жауапты міндет жүктеліп отыр. 

Технологиялық тұрғыдан жаңару бұқаралық ақпарат құралдарына да әсер етуде. Бүгінгі күні «дәстүрлі» бұқаралық ақпарат құралдарын әлеуметтік желілерден бөліп тастайтын шекаралар да азайып барады. Қазіргі кезде газеттерді, телеарналар мен радиостанциялардың электронды нұсқасының болуы заңды. Олар тіпті дәстүрлі ақпарат құралдарынан да танымал болуда. Көптеген баспа және электронды басылымдар интерактивті кері байланыс, үнқатысу мен онлайн трансляция мүмкіндіктерін пайдалана отырып, әлеуметтік желілерге белсенді түрде араласа бастады.

Қазіргі кезде ақпарат ағындары үшін мемлекеттік шекара ұғымы жоқ. Жаңа жағдайда жағымсыз құбылыстарды айла-шарғымен жағымды етіп көрсетіп, қоғамдық оң пікір қалыптастыру қаупі күрт өсіп барады. Сарапшылар бақыланбайтын әлеуметтік желілерде жалған жаңалықтар мен теріс насихаттың дендеп кетуі туралы ескертіп отыр. Азғыру мен арбауға негізделген мұндай ақпарат саяси мақсаттар үшін жиі қолданылады.
– Дана халқымыз «Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайды» дейді. Бүгінгі әлеуметтік желілер арқылы тарайтын «ауыздықсыз» ақпарат заманында мұндай қауіпті құбылыстар ел ішінде белең алуы мүмкін.

Өкінішке қарай, зиянды ақпарат әсерінен, ең алдымен жастар зардап шегеді. Кейбір мүдделі бұқаралық ақпарат құралдарының және әлеуметтік желілердің көмегімен жастар күмәнді идеологиялық көзқарастарға ұрынады, бүлдіргіш, тіпті, заңға қарсы әрекеттерге де барады.Осыған байланысты қоғамды, әсіресе, жастар мен балаларды жалған ақпараттан заң арқылы қорғауға тура келеді. Жақында Парламент бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңнамаға енгізген түзетулер осы мақсатқа арналды, – деді Қ.Тоқаев.

Оның пікірінше, бұқаралық ақпарат құралдары жастардың күш-қуатын шығармашылық арнаға қарай бұруы тиіс. Жас ұрпақ барлық әлеуметтік маңызды іс-шараларға белсене араласуы қажет. Өскелең ұрпақтың білімі мен жаңа технологияларды қолдануы, шығармашылық тұрғысындағы тың көзқарасы, күш-жігері мен игі бастамалары бұрын болмаған жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.

Қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдары әлемдегі ең жоғары стандарттарды бағдарға алуы тиіс. Елбасы еліміздің дәстүрлі құндылықтарын сақтай және ұлықтай отырып, қоғамның рухани өмірінің жаңаруына бағытталған «Рухани жаңғыру» тұжырымдамасын жариялады. Осы тұжырымдаманы іске асыруда ақпарат құралдарының рөлі ерекше. Идеологиялық кеңістікті ұлт­тық әлемдерге бөлу үрдістері туын­дап тұрған кезде «Рухани жаңғыру» тұжы­рымдамасының Қазақстан үшін маңызы зор. 

Мемлекет басшысының «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген бағдарламалық мақаласынан кейін «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «100 жаңа есім», «100 жаңа оқулық» жобалары бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды. Бүгінде қазақ тілін латын жазуына көшіруге дайындық жұмыстары аяқталуда. Рухани жаңғыру қоғамда қызу қолдау тапты және оны белсенді түрде жалғастыру үшін ауқымды істерді атқаруымыз қажет. 

– Президент азаматтардың материалдық деңгейін көтеруге де баса назар аударып келеді. Бес әлеуметтік бастама үндеуі экономикалық тұрғыда жан-жақты есептелген әрі мұқият тексерілген қадамдарды жүзеге асыруға бағытталған бірегей құжат. Бірлескен күш-жігердің арқасында миллиондаған қазақстандықтың, әсіресе жастардың өмір сапасы мен тұрмысын жақсартуда басты мақсатқа қол жеткіземіз деп ойлаймын. Парламенттің заң шығару қызметіне қолдау көрсетуде бұқаралық ақпарат құралдары ерекше рөл атқарады. Жаңа заңдардың қабылдануы туралы ақпарат жеткізумен қатар қоғам мен биліктің арасындағы диалогтың маңызды құралы болып табылады, – деді Қ. Тоқаев.

Мерекелік жиын барысында Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің ақпарат саласында белсенді қызмет етіп жүрген бірқатар баспасөз өкілдерін Сенаттың Құрмет грамотасымен және Алғыс хаттарымен марапаттады. Олардың қатарында «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі  мен Басқарма төрағасының орынбасары – бас редактор Айбын Шағалақов Парламент Сенатының Құрмет грамотасына және Алғыс хатына ие болды.

Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар