Қазақстан • 26 Маусым, 2018

Астана шежіресі: 2000 жыл

1206 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Астана шежіресі: 2000 жыл

2000 жыл

1 қаңтар – жаңа ғасырдың алғашқы күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жар­лы­ғы­мен «Мәдениетті қолдау жылы» деп жария-
ланып, аталмыш шараның беташар рәсімі ретінде бас қалада «Мыңжылдық – Думан – Астана» атты мерекелік бағдарлама қол­ға алынды. Жаңа мыңжылдықты қарсы алу салтанаты қаладағы «Алатау» спорт сарайында өтті. 

4 қаңтар – елорда мәртебесін көтеріп, халық­аралық мәдени-спорттық шаралар ұйымдастыру бағдарламасы аясында Қазақстан және Куба елінің бокстан ұлттық құрама мүшелері Астанада жолдастық жекпе-жек өткізді. Даңқты спортшы, олим­пия ойындарының 3 дүркін, әлем чемпионатының бес дүркін жеңімпазы Феликс Савон бастап келген кубалықтарды еліміз былғары қолғап шеберлері 6:4 есебімен ұтты. 

14 қаңтар – Арқа төсінде тұңғыш рет қазақ әндері фестивалі ұйымдастырылып, оған облыстардан танымал әншілер шақы­рылды. Үздік деп танылған өнерпаздар ел­орда­ның мәдени тынысына үлес қосуға ша­қы­рылды. 

18 қаңтар – ел орталығы Арқа төсіне ауысқан сәттен бастап, бұрынғы астана Алматы қаласымен барыс-келіс күшейді. Осы орайда қалааралық автомобиль жолын жақсарту жөнінде Елбасы атқарушы билікке арнайы тапсырма жүктеп, осы мәселе Үкімет мүшелерінің кезекті отырысында кеңінен талқыланып, нәтижесінде 1200 шақырымдық жолды аз ғана мерзімде толық жарақтап, құрылыс жұмыстарын жедел жүргізу жайлы шешім қабылданды. 

27 қаңтар – Қазақстан Президенті Н.Назарбаев Астананың бас жоспарымен жан-жақты танысты. Елбасына қала әкімі Ә.Жақсыбеков пен бас архитектор Б.Досмағанбетов жаңа жобаны жіктеп-жіліктеп түсіндіріп шықты. Бұл жобада – қазіргі Президент резиденциясы, «Нұр Астана» мешіті, сонымен қатар екі ортаны жалғап жатқан «Трансойл» компаниясының ғимараты қатарлы аса ауқымды нысандар қарастырылған-тын. Жоба мақұлданған соң Үкімет құрылыс жұмысын бастады. Бұл күнге Нұрсұлтан Әбішұлы «Астана қақпасы ашылған сәт» деп баға берді. 

12 ақпан – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елорда мәдени ошақтарын аралап, мемлекеттік опера және балет театры құрылысын тез арада бітіруді тапсырды. Сегіз айдан кейін Күләш Байсейітова атын­дағы опера және балет театры Мұқан Төлебаевтың «Біржан–Сара» операсымен шымылдығын ашты. 

22 ақпан – Елбасы бас қалада салынып жатқан Президенттік мәдениет орталығының құрылысымен (қазіргі Әскери-тарихи музей) танысып, «Байырғы көшпенділер мәдениеті» атты залға өзіне маңғыстаулықтар сыйлаған киіз үйді орналастыруды тапсырды. Орталық сегіз айдан кейін 28 қазан күні Президенттің қатысуымен ашылды. 

30 наурыз – төрт жылдың (1996 жыл) алдында «Шанхай бестігі» деген атпен құрылып, кейін «Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы» атауына ие болған беделді халық­аралық ұйым мүшелері Астанада бас қосты. 

29 сәуір – елорда басшысы Ә.Жақсыбеков Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында 18 майдангерге «Таврия» жеңіл автокөлігінің кілті мен 26 соғыс ардагеріне пәтер кілтін табыс етті.

13 маусым – Елбасының қатысуымен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық уни­верситетінің жаңа ғимараты ашылды.

20 шілде – Премьер-министр Қ.Тоқаевтың төрағалық етуімен Үкімет мүшелері қа­тыс­­қан кең көлемде мәжіліс өтіп, онда «Астана қа­ласын дамыту тұжырымдамасы» тал­қы­ланды. 

12 тамыз – Астананың рухани сұранысын қанағаттандыру үшін қазақ тілінде әдеби шығармалар саудалайтын «Абай» кітап дүкені ашылды.
15 тамыз – Есіл өзенінің қала орналасқан өн бойын шарлай жүзіп, қонақтарға шаһар көркін таныстыратын «Ақбұлақ» саяхат кемесі жүре бастады.
22 тамыз – қаланың іргесіндегі елді мекендер «Күйгенжар», «Мичурин», «Пригородное», «Интернациональный», «Учхоз», «Көктал» ауылдары бас шаһар құ­ра­­мына еніп, елорда аумағы ұлғайды.

4 қараша – Астанадан 30 шақырым жердегі Рождественка ауылының маңында Қаракерей Қабанбай батыр кесенесінің салтанатты ашылуы болды.
10 желтоқсан – Ақмола қаласы үш жыл бұрын (1997 жылы) еліміздің жаңа астанасы деп танылған тарихи күнге орай Конгресс-холда салтанатты жиын өтті. Мерекелік шара үстінде қала басшысы Ә.Жақсыбеков Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі Әзірбайжан Мәмбетовке «Астана қаласының құрметті азаматы» атағын тапсырды. 

16 желтоқсан – Тәуелсіздік тойына тарту ретінде елорданы «Алатау» спорт сарайының тұңғыш рет қазақша күрестен алғашқы ұлттық чемпионат ұйымдастырылды. Түйе балуанға Қазақша күрес федерациясының президенті Мұхтар Құл-Мұхаммед жеңіл көлік тігіп, ол балуан Елдос Ықсанғаливке бұйырды. 

Дайындаған
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, 
«Егемен Қазақстан»