Әлі күнге дейін есімде. 1995 жылдың қыркүйек айының 15 жұлдызында ел Президентінің «Қазақстан Республикасының астанасы туралы» Жарлығымен министрлер кабинетіне жыл соңына дейін астананың қоныс аударуының уақыты мен соған байланысты шығыс көлемін анықтау тапсырылды. Сонымен қатар жоғары және орталық билік жүйелерінің көшіп-қонуын ұйымдастыру мәселесін қамтамасыз ету үшін Мемлекеттік комиссия құрылып, оған орталық және жергілікті билік ұйымдарының жұмыстарын үйлестіру құқығы жүктелді. Үкіметке «Жаңа астана» бюджеттен тыс қорын құрып, елорданы лайықты абаттандыру ісіне қаржы жинақтау ісі де тапсырылды.
1996 жылдың қазан айында сол кездегі Ақмола қаласында Президент кеңейтілген кеңес өткізіп, онда әуежай, темір жол вокзалын ретке келтіру, жол жөндеу, салу, көгалдандыру, жарықтандыру жайы талқыланып, бас қаланың инфрақұрылымын жақсарту ісі жан-жақты сарапқа салынды. Аэропорт, вокзалдар және жолдар Көлік және коммуникация министрлігінің құзырында болғандықтан, бірінші болып көш бастау осы министрлікке жүктелді. Сол уақыттарда бұл саланы Ю.И.Лавриненко басқарды. Мен министрдің бірінші орынбасары болғандықтан, көшуге байланысты жұмыстарды ұйымдастыру ісімен айналыстым.
Арқаның алғашқы қысы бәрімізге үлкен сынақ болды. Қызылшұнақ аяз, алай-түлей боран, уақытша жатақханадағы лекерленген пәтерлер, жұпыны дүкен сөрелері, тамақтанатын орындардың тапшылығы біраз адамның сағын сындырардай әсер етіп, кейбіреулер тіпті Алматыға қайта оралып жатты. Алайда көпшілік азаматтар бұл маңызды іс ел болашағына аса керек екенін түсініп, қандай қиындыққа болсын қарсы тұра білді.
1997 жылдың шілде айында министрлік толықтай көшіп, кадрлармен қамтамасыз етілгеннен кейін тамыз айынан бастап өзінің жұмысына толыққанды кірісіп кетті. Сол жылдың өзінде аталған құрылым зор жұмыс атқарды деп айтуға болады. Қысқа мерзімде аэровокзал ғимаратының күрделі жөндеуден өтуі, ұшып-қону жолағы заманауи жарық белгі жүйесімен қамтылып, оның 3000 метрі іске қосылуы, жаңа ұшу жолақтары аралық бұрылыс жолдарының соғылуы, VIP зал ғимараты көлемінің ұлғайтылуы сынды елеулі жұмыстар атқарылды. Ең бастысы қалааралық жолдың кеңейтілу жұмыстары аяқталып, алғашқы айналмалы жол салынды.
Тың теміржол басқармасының күшімен қалалық теміржол вокзалының ғимараты жөнделіп, вокзал аумағы кеңейтілді, көптеген әкімшілік ғимараттар жөндеуден өтіп, жаңа әр алды, қызмет аумақтары өзгертілді. Теміржолшылар мәдениет сарайы да жаңғыртылып, «Күләш Байсейітова атындағы опера және балет театры» (кейін Жастар театры аталды) қала тұрғындары мен қонақтарына рухани азық беретін іргелі мәдениет ошағына айналды.
Осы жұмыстардың жүйелі жолға қойылуына көш-керуеннің басы болған Көлік және коммуникация министрлігі үлкен үлес қосты деп айта аламыз. Әсіресе Алматыдан көшірілген қыруар жүк пен халықты тасымалдауда автокөлікшілер мен теміржолшылардың орасан еңбегін айрықша атай кеткен жөн. Алғашқы жылдары байланыс мәселесі де айтарлықтай қиындық туғызды. Бар АТС-тердің құрал-жабдықтары ескі болғандықтан, барлық аудандармен тұрақты байланысты толықтай қамтамасыз ете алмады, телефон нөмірлерінің тапшылығы сезіліп тұрды. Жаңа құрылған «Қазақтелеком» мекемесінің күшімен кейіннен бұл мәселе оң шешімін тапқанын да көзіміз көрді.
Талай қиындық артта қалды. Қазақ елі тарих сахнасында биік белеске қайта шықты. Халық өз Президентін қолдап, ғасырлар бойы аңсаған тә-
уелсіздігінің айғағындай болған арайлы Астанасын мақтан етеді. Біз Көлік және коммуникация саласының ардагерлері ерен еңбектің нәтижелі болғанына шын жүректен қуаныштымыз және Елбасының Астанамыздың 20 жылдығын атап өту жөніндегі жарлығын қуанышпен қабылдадық.
Шын мәнінде тәуелсіз еліміздің Тұңғыш Президентінің тарихи шешімі өмір ағымын күрт өзгертіп, жаңа қуат әкелді, Елбасының өз бастауымен, қадағалауымен соғылған жаңа қала көне даланың көркіне, әлемдегі әсем шаһарлардың біріне айналды. Айбынды Астана – бейбітшілік пен берекенің құтты бесігі, тәуелсіздіктің жемісі.
Серік ӘЛІҒОЖА,
Қазақстан Республикасы Автокөлікшілер одағының басқарма төрағасы