Футбол • 26 Маусым, 2018

Әлем чемпионаты-2018. Үш құрлықтың тартысы қызып тұр

525 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жексенбі күні футболдан әлем чемпионатының топтық кезеңіндегі екінші тур ойындары аяқталды. Екі тур қорытындысы бойынша, Сауд Арабиясы, Египет, Марокко, Перу, Коста-Рика, Оңтүстік Корея, Панама, Тунис және Польша құрамалары мундиалмен қош айтысатыны белгілі болды. Ал «H» тобындағы үш бірдей құраманың яғни, Сенегал, Жапония және Колумбияның плей-офф сатысына жолдама алуға әлі де болса мүмкіндіктері бар.    

Әлем чемпионаты-2018. Үш құрлықтың тартысы қызып тұр

«Самурайлардың» сәтті жорығы

Екі ойынның бірінде жеңіске жетіп, екіншісінде тең түскен Азия құрлығының өкілі Жапония үшінші тур ойындары алдында «H» тобында көш бастап тұр. Енді Жапония бейсенбі күні соңғы турда Польша құра­масымен ойнайды. Бұл мачта Күншығыс елінің футболшыларына тең нәтиже де жеткілікті. Ал Польша үшін бұл кездесудің ешқандай маңызы жоқ. Жеңсе де, жеңілсе де елдеріне қайтуға қамданады. Жапония футболшылары 2002 жылы өз елдерінде өткен біріншіліктегі және 2010 жылы ОАР-дағы нәтижесін қай­талауға жақын тұр. Сол екі чемпионатта «самурайлар» елі 1/8 финалға дейін жеткен болатын.

Жалпы, Жапония құрамасы биылғы әлем бірінші­лігіне жақсы дайындықпен келді. Наурыз айында Күншығыс елінің футболшылары екі жолдастық кездесуін өткізді. Қарсыластары әлем біріншілігіне шыға алмаған құрамалар болса да, екі ойында да жеңіске жете алмады. Мали құрамасына қарсы өткен ойында соңғы минутта жеңілістен аман қалса (1:1), Украинадан 1:2 есебі­мен жеңіліп қалды. Аталған ойындарда жапониялықтардың бірқатар негізгі футболшылары қатыспаса да, құраманы мун­­диал­ға алып шыққан бас жат­тықтырушы Вахид Халил­ходжичтің отставкаға кетуіне себеп болды. Жапония әлем чемпионатына екі ай қалғанда бапкер ауыстырып, төрт жылдықтың негізгі ойынына тың серпіліспен келді.

Қазіргі таңда құрамада доп тебетін ойыншылардың кейбіреуі Еуропа жасыл алаңдарында ойнап жүр. Мысалы, ағылшын премьер-лигасындағы Мая Есида және Шинджи Оказаки жеке таныстыруды қажет етпейтін футболшылар. Синдзи Кагава жарақатына байланысты біраз уақыт алаңға шықпаса да, «Боруссия» клу­бының жетекші футболшысы са­налады. Йошинори Муто («Майнц»), Хироки Сакаи («Мар­­сель»), Такаси Инуи («Эй­­бар») секілді футболшылар осы маусымда өздерінің жар­қын ойындарын өткізуде. Кэй­сукэ Хонда Мексикаға, Юто Нагатомо «Галатасарайға» ауысып, карьерасын аяқтайтын тұсқа жақындаса да, әлі күнге дейін құраманың негізгі тірегі саналады. Жалпы, Жапония биылғы біріншілікке тәжірибелі құрамын алып келді. Құрамындағы 10 футболшының жасы 30-дан асса, 7 футболшысы құрама сапында 80-нен аса ойын өткізген. 

Сенегал тағы да сенсация жасауға жақын

2002 жылы Оңтүстік Корея мен Жапонияда өткен XVII әлем чемпионатындағы Сене­гал құрамасының сенсация­сын футбол жанкүйерлері әлі ұмыта қоймаған болар. Азия құрлығында өткен біріншілікте Сенегал «А» тобында ұпай жағынан Данияға есе жіберіп, бір жеңіс, екі тең ойынмен доп додасының 1/8 кезеңіне жолдама алды. Плей-офф сатысында Шве­ция құрамасын 1:2 есебімен жеңіп, турнирдің ширек фина­лына шықты. Бұл Африка құр­лығынан келіп, ала доп аламанына тұңғыш рет қатысып жатқан құрама үшін сенсациялық нәтиже еді. Бірақ 1/8 финалда Түркия құрамасына тап келіп, 0:1 нәтижесімен жеңіліп қалды. 

Араға 16 жыл салып Сенегал құрамасы футболдан әлем чем­пио­­натына қайта оралды. Дәл қазір Сенегал 2002 жыл­ғы жетістігін қайталауына мүм­кіндігі туып тұр. Бір қызығы, чемпионат басталмай тұрып футбол мамандары бұл топтан Колумбия мен Польша құрамасы плей-офф сатысына еш қиындықсыз шығады деп болжаған. Алайда бірінші турда үздік саналған екі құрама да жеңіліп қалды. «H» тобында сынға түсіп жат­қан Африка құрлығының өкілі алғашқы турда Польша құрамасынан 2:1 нәтижесімен басым түссе, дәл осындай есеппен Жапония Колумбия футболшыларын жеңді. Екінші тур ойындарында Сенегал мен Жапония құрамалары тартысты өткен кездесуде 2:2 есебімен тең тарқасты. Сенегал соңғы турда Колумбия футболшыларымен жолығады. 

Сенегал сапында да өзге африкалық құрамалар сияқ­ты жұлдыз футболшыла­ры бар. Мысалы, «Ливерпуль» клубын­дағы үздік шабуылшылардың бірі Садио Мане, Мусса Соу («Бурсаспор»), Маме Диуф («Сток Сити»), Кейта Балде («Мо­нако»), Диафра Сако («Ренн»), Мбай Нянг («Торино») бар. Қорғаныстағы Калиду Кули­балиге қазір әлемнің үздік клубтары көз тігіп отыр. «Наполи» қорғаушысына Англияның барлық ТОП командалары, сондай-ақ «Барселона» клубы да «құда түсіп» отыр. «Наполи» болса футболшының бағасын 100 миллион еуродан көп деп ба­ғалауда. Жуырда Кулибали Сене­гал тарихындағы ең қымбат фут­­болшы атануы мүмкін. Ол үшін құрамасы топтық кезеңнен өтіп, плей-оффқа жолдама алу керек.

Колумбияға енді жеңіс керек

Осыдан төрт жыл бұрын Бразилияда өткен әлем чемпио­натының ширек финалына дейін жеткен Колумбия құрамасы үшін биылғы біріншілік сәтсіз басталды. Алғашқы турда-ақ Жапониядан жеңіліп, көш соңына түсіп қалды. Ал екінші турда Польша құрамасын 3:0 есебімен жеңіп, плей-офф кезе­ңіне жолдама алу үмітін қайта жақты. Енді 1/8 финалға шығу үшін Колумбия соңғы турда Сенегал құрамасын жеңу керек. 

Колумбияның шабуыл шебін­де әлі күнге дейін Фалькао мен Бакка секілді тәжірибелі футбол­шылар доп тебеді. Сонымен қатар «Севилья» сапында өзінің үздік маусымын өткізген Луис Муриэльді ерекше атап өтуге болады. Жартылай қорғаныстағы Хамес Родригес соңғы төрт жыл­­да екі команда ауыстырса да, оның тәжірибесі команданы алға сүйрейтіні анық. Мысалы, жек­сенбі күні Польшаға қарсы өткен ойында Хамес Родригес матч­тың үздік ойыншысы атанды. 

Колумбия құрамасы туралы сөз қозғалғанда бас жаттық­тырушы Хосе Пекерманды айтпай кетуге болмас. 2012 жылы құрама тізімін өз қолына алған маман 2014 жылы Колумбияны тарихта алғаш рет ширек фи­налға шығарды. Әлем чемпио­натында тәжірибесі бар бас жаттықтырушы 2006 жылы Аргентина құрамасымен келіп, ширек финалда алаң иелері Германиядан ойын соңыдағы пенальти сериясында ғана жеңілген еді. Пекерман биыл ширек финалдан өтіп, Колумбиямен финалға дейін жетуді көздеп отыр.

«Алтын буын» мундиалмен қоштасты

Биылғы әлем чемпионатына іріктеу кезеңде Қазақстан құрамасымен бір топқа түскен Польша 2002 жылдан бері жаһан­дық доп додасының топтық кезеңінен өте алмай жүр. Финал­дық кезеңдегі топтық ойынның екеуінде де жеңілген поляктар биылғы чемпионатты да ерте аяқтауға мәжбүр болды. 
Буын алмасу дәуірі Польша құрамасына да келіп жеткен сыңайлы. Өйткені екі жыл бұрын осы құраммен Еуропа чемпионатына қатысқан поляктар ширек финалдан ары аса алмаған еді. Қазіргі таңда құрамадағы 10-нан аса футболшы соңғы бес жылдан бері құрамада үздіксіз ойнап келеді.

Кезінде «Дортмунд үш­тігі» аталып кеткен футболшылар қазір басқа клубтарда ойнаға­нымен, құрамада бұл трио сақталып қалған. Қор­ғаныста Пишчек, жартылай қор­ғаныста Блашчиковски жә­не шабуылдағы Левандовски құра­маның негізін құрайды. Левандовскидің ша­буыл­дағы сенімді серігі Арка­диуш Милик Еуро-2016 тур­ниріне «Аякс» шабуылшы рет­ін­де келіп, көпшіліктің назарын өзіне аударта алған-ды. Бірақ қазіргі уақытта оның жағдайы да аса мәз емес. Осылайша Польшаның «алтын буыны» саналған бұл құрамға әлем және Еуропа чемпионатының алтыны бұйыр­май кететін түрі бар.

Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»