Білмегендіктен болар, бәлкім кешегі кеңестік кезеңнің саяси әсері шығар еліміз үшін маңызы зор, ұмытыла жаздаған, археологиялық зерттеуді қажет ететін тарихи төбе баурайына кейбіреулер баспана салып алған. Осы бір олқылықты түзетуге Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы негіз болып отыр. «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» екенін айтқан Елбасы бұл бағытта жүзеге асырылуы тиіс міндеттерді айқындап берген де болатын.
Мамыражай мамыр айында Халықаралық Түркі академиясының өкілдері Түркістан облысының Төлеби ауданында болды. Тау бөктеріндегі Төрткүлтөбе – Есім хан ордасына арнайы ат басын бұрған. Кеңесарық ауылының іргесінде, Шымкент қаласынан шығысқа қарай 55 шақырым жерде, Сайрамсу, Қасқасу, Қарасора өзендерінің тоғысқан тұсындағы төбенің тарихын жақсы білетін академия өкілдері жергілікті халықпен сұхбаттасқан. Жергілікті халық «Төрткүлтөбе», «Есімхан ордасы», «Дәуіттөбе» қамал-қалашық орны деп атайтын тарихи орынға қатысты аңыз-әңгімелер көп. Ақсақалдарының айтуына қарағанда, осы ауылдың құймақұлақ қариялары Пошатай Бишымырұлы, Бейсенбай Байәліұлы бұл жерлерге қатысты көп әңгіме айтқан. Бірақ сол кездегі саясаттың кесірінен жазып немесе есіне сол күйінде сақтап қалған адам болмаған. Дегенмен, бұл өңірдің, әңгімемізге арқау болып отырған төбенің тарихын жіті зерттеп, құнды деректерді халыққа ұсынып отырған азаматтар бар. «Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі бастаған топ ауылымызда болып, тарихи орындардың кешегісі және бүгінгі ахуалымен жіті танысып қайтқаны осының айғағы. Арада көп уақыт өтпей «Егемен Қазақстан» газетінің 12 маусым күнгі санында Дархан Қыдырәлінің «Түркістанды түгел билеген Еңсегей бойлы ер Есім ел жадында» атты көлемді мақаласы жарық көрді. Міне осы еңбекте тарихи деректер көптеп келтірілген. Мен де көпшіліктің жанайқайы ретінде көптен бері көтеріп жүрген мәселеде бар, туған жер тарихынан мол мағлұмат беретін мақалада келтірілген деректерді қайталамай-ақ қояйын. Мақала авторы сөзінің соңында «Ер Есім қаһарлы билеуші ғана емес, қазақ елдігіне оң реформа жасап, даналықтың мұзарт шыңынан алыс болашаққа сәуле түсірген көреген көсем, тұтас Түркістанның түгел билігіне қол жеткізген құдіретті хан болғанын» айтады. Оның жорықтағы сұрапыл ерліктері мен алып бейнесі ел жадында мәңгі жаңғырып, аңыз-жырлардың алтын арқауына айналғанын да еске сала келе автор еңсегей бойлы Есімнің ордасы қонған «Төрткүлтөбенің» «Рухани жаңғыру» бағдарламасы арқылы мемлекет қарауына арнайы алынып, тиісті археологиялық жұмыстар жүргізілетін уақыт жеткенін айтқан болатын. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев бұл мәселені айрықша назарға алатынына да сенім білдірді. Күні кеше Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев «Төрткүлтөбеге» арнайы келді. Яғни, тарихи орынның қайта жаңғырып, оған қатысты игі істердің қолға алынуына ел газеті «Егемен Қазақстан» бастамашы болып отыр», − дейді өлке тарихын терең зерттеп, осы бағытта оқырмандарына бірнеше жинақтарын ұсынған тарихшы-ұстаз Өмір Шыныбекұлы.

Иә, Түркістан болып қайта құрылған облыстың тұңғыш әкімі, түрколог ғалым Жансейіт Түймебаев аудандарға жасаған алғашқы сапарын да Төлеби ауданындағы тарихи орыннан бастады. Қасқасу ауылдық округі, Кеңесарық елді мекеніндегі «Есімхан төбе» (Дәуіттөбе қалашығы) тарихи орнында ауыл азаматтарымен кездескен облыс әкімі Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы шеңберінде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқтала келе, «Есімхан төбеге» көңіл бөлінетінін айтты. Тарихшылардың дерегіне сүйенсек, «Есімхан төбе» археологиялық ескерткіш Сайрамсу өзенінің оң жағасында орналасқан. «Дәуіттөбе» қалашығына 2006 жылы Түркістан облысы әкімдігінің «Тарихи мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі орталығы» МКҚК зерттеу жүргізген. Көне қалашық туралы деректер Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтында сақтаулы. Ғалымдардың болжамы бойынша «Есімхан төбе» XIV-XVIII ғғ. салынған. «Есімхан төбені» насихаттап, ғалымдар мен тарихшылардың көмегімен зерттеу жұмыстарын жүргізген жөн. Ол жұмыстарға қолдау көрсетуге дайынбыз. Өңірімізде тарихи орындар көп. Бірақ соны дұрыс пайдалана алмай отырмыз. Мысалы, осы жерге келген саяхатшылар ауылдың тұрғындары әзірлеген ұлттық тағамдарды тұтынып, этнографиясымен танысуы тиіс. Осы арқылы туризм дамиды. Біз тарихи орындарды насихаттап жаңғырту арқылы жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелейміз», − деген облыс әкімі Жансейіт Түймебаев осы маңнан табылған тарихи жәдігерлермен танысып, ауыл ақсақалдарымен пікір алмасты.
Сөзіміздің басында айтып өткеніміздей, тарихи орынның аумағында баспана салып алғандар бар. Бұл орайда облыс әкімі аудан әкіміне нақты тапсырмалар берді. Яғни, барлық жұмыс заң шеңберінде атқарылып, ауыл тұрғындарына басқа жерден жер телімдері берілетін болады. Сондай-ақ жергілікті әкімдікке «Есімхан төбені» зерттеп-зерделеуге қатысты археологиялық жұмыстар жүргізуге, туризмді дамыту бойынша атқарылар істерге жүйелі жоспар жасау тапсырылды. Осылайша ел газеті «Егемен Қазақстан» көтерген мәселе облыс әкімі тарапынан нақты істерге ұласып отыр.
Айта кетелік, облыс әкімі Төлеби ауданындағы жұмыс сапарында тау етегінде қазақтың билері туралы 10 сериялы көркем фильмінің түсірілім барысын көрді. Облыс әкімдігінің қолдауымен «Сақ» киностудиясы қолға алған бұл фильмде Төле би және өзге де би-шешендеріміздің қайраткерлігі бейнеленбек. «Осындай көрікті мекендерде этноауылдарды көбейту керек. Табиғаты керемет жерде жұрт демалып қана қоймай, тарихымен танысады. Жақында араб тарихшыларының бірі жазған деректі оқыдым. Онда түркі әскерлері өте айбынды әрі батыр екені айтылады. Біз өз тұлғаларымызды, батырларымызды, билерімізді жас ұрпаққа дәріптеуіміз керек. Өз тарихы туралы әсерлі фильмдерді көріп өскен ұрпақ ұлтын мақтан тұтатын болады. Түсіріліп жатқан фильмде ұлтымыздың ұлағатты тұлғалары, халқымыздың салт-дәстүрі, батырлығы, шешендік өнері, жауынгерлігі көрсетіледі. Міне, бұл Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен үйлеседі», − деп Ж.Түймебаев түсірілім тобының жұмысына сәттілік тіледі.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»