Медицина • 26 Маусым, 2018

Қоғамдық денсаулық сақтау қызметі жанданды

3507 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жуырда Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы құрылды. Елбасы Жолдауындағы қоғамдық денсаулықты басқаруды күшейту ісіне байланысты орталықтың бас директорының міндетін атқарушы Уәлихан АХМЕТОВПЕН әңгімелескен едік.  

Қоғамдық денсаулық сақтау қызметі жанданды

– Уәлихан Исаұлы, әңгіме­міз­ді жаңа орталықтың жұмы­сы­нан бастасақ?

– Қазақстанда қоғамдық денсаулық сақтау қызметі саламатты өмір салтын қалып­тастыру, санитарлық-эпи­демио­логиялық қадағалау қыз­мет­терінің функция­ларын бірік­тіреді. Бұл жұқпалы және әлеу­меттік маңызы бар жұқ­палы емес ауруларға, пси­хи­калық денсаулықтың бұзы­луына, тұрақты санитарлық-эпи­демиологиялық қадағалау және мониторинг жасауға бағыт­талған. Елімізде ұлттық скрининг бағдарламасы арқылы ерте анықталған қауіп-қатер факторлары мен ауруларға мониторинг жасау, сауықтыру, кәсіби және өндірістік ауруларды емдеуге көмектесу, халықтың саламатты өмір салтын ұстану қа­ғидасын күшейту, сапалы та­мақтануды ұйымдастыру, жалпы жұртшылықтың белсенділігін арттыруға атсалысу жұмыстарын қамтиды. Орталық Елбасының квазимемлекеттік сектор субъек­тілерін оңтайландыру бойынша тапсырмасын жүзеге асыру аясында үш мемлекеттік мекемені – Саламатты өмір салтын қалып­тастыру проблемаларының ұлт­тық орталығы, Х.Жұматов атындағы гигиена және эпидемио­логия ғылыми орталығы және Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-тәжірибелік орта­лы­­­ғын біріктіру арқылы құ­рыл­ды. Осының есебінен бас­қа­рушы құрамның саны қысқа­рып, босатылған қаржы бізге жүктелген функцияларға бағыт­тал­ды.

– Қоғамдық денсаулық сақ­тау қызметінің алдында қандай мақсат-міндеттер тұрғанына тоқ­талсаңыз?

– Еліміз Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қолдауымен қоғамдық ден­саулық сақтаудың 10 негізгі жедел қызметіне баға­лау жүр­гізді. Бұлар қадалағау, нор­мативті реттеу, бағалау, әлеу­меттік жағынан қызықтыру, са­уықтыру, ауруға қарсы кү­ресу ісінде маман даярлау сияқ­ты шараларды қамтиды. Еуро­падағы қоғамдық денсаулық сақ­таудың артықшылығы – ха­лық денсаулығын қорғауда құ­қықтық механизмдерді толық пайдалана біледі. Соң­ғы уақытта алкогольдік өнім­дерге жарнама жасауға, зиян­ды майлы және тұз­ды тағамдарға тыйым салу, те­мекіге қарсы іс-шараларды кү­шейту, те­мекі түтінінен таза ортаны қа­лыптастыру оң нәтиже бере бас­тады. Елімізде де шылым шегу көрсеткішінің азайғаны байқалады. Оны 2015 жылы жүргізілген VI әлеуметтік зерттеу мәліметтері растайды. Шылым шегушілер үлесі 2015 жылы 18,3%-ды көрсетсе, 2012 жылы бұл көрсеткіш 26,5% болатын. Өңір­лерде қоғамдық денсаулық сақтау сая­саты жүргізілуде. Денсаулық сақтау басқармаларын екпемен қамтамасыз ету, жас­тар орталықтарының жұмы­сын үйлестіру, басқа да бөлім­дер құрылды. Қоғамдық ден­сау­лық сақтау комитетінің де­пар­таменттері жұқпалы ауру­ларға эпидемиологиялық бақы­лау жүргізеді, тағам өнім­де­рі­нің қауіпсіздігін қамтама­сыз етеді. Биологиялық қос­па­­лар қауіпсіздігінің ғылыми негіздемесін жасайды. Шикі­зат­тың жаңа түрлерін өнді­ру ісінде адам өміріне, денсау­лығына қауіпті деп танылған өнім­дер мен химиялық заттар­ға, технологиялық құрал-жабдық­тарға өндірісте пайдалануға тыйым салынды. Облыс әкімдері жанындағы денсаулық сақтау ісі бойынша үйлестіру кеңесі жал­пы жетекшілікті жүзеге асы­рады. Мысалы, Маңғыстау облысының үйлестіру кеңе­сіне салалық басқармалар ғана емес, «ҚазАзот», «Қа­ра­­­жан­басМұнай», «Қара­құ­дық­Мұнай» сияқты ірі кәсіп­орын басшылары да еніп отыр. Бұл еңбек қауіпсіз­дігі мә­селелерін шешуге бағыт­талған экологиялық ахуалды жақсартуға, инфрақұрылымды дамытуға мол мүмкіндік береді. Орталық халық денсаулығы туралы мониторинг жүргізеді, төтенше жағдай кезінде ден­саулыққа төнетін қауіп-қа­терді бағамдайды, ғылыми зерттеулерді дамытуға және емдеу ісінде қолданысқа енгізуге ықпал етеді. 

– 2016-2019 жылдарға ар­налған «Денсаулық» мем­ле­кет­тік бағдарламасы аясында қандай жұмыстар жүр­гізілуде?

– Бүгінде азаматтардың өз­ денсаулығын күту және сауат­тылық деңгейін арттыру қа­жет­тілігі байқалады. Біздің тіре­гіміз және серіктесіміз ре­тінде аймақтардан денсаулық құн­дылығын дәріптеуші, іс жү­зінде көмектесуші, креативті ден­саулық орталықтары жұмыс істеуде. Мұндай орталықтар Қызылордада және Таразда бар. Кім болса да супермаркеттен себет толы азық-түлік алып тұрады. Отбасында дұ­рыс тамақтану мәдениеті үл­кен рөл атқарады. Мысалы, әйелдердің «Шаңырақ» қоғам­дық бірлестігінің қызметі отба­сындағы денсаулық мәселе­лерін шешуге бағытталған. Онда денсаулық сақтаудың өзекті сауалдары бойынша кеңес, семинар-тренинг ұйымдастырылады.

Көптеген елде азаматтардың алаңсыз өмір сүру дағдысы медицина мамандары мен парамедиктерге ғана жүктелмеген, әр адамның міндеті саналады. Төтенше жағдай қызметкерлеріне де міндеттелген мұндай істер аз емес. Оны мінсіз орындау­ үшін ұйымдастырылған курс бағдарламасын полиция қыз­мет­­керлеріне, педагогтерге, кү­зет­шілер мен қоғамдық көлік жүргізушілеріне қатысты өткі­зуді қатаң қадағалау керек. Сақ­тық шараларын іске асыруда алғашқы көмек көрсетудің өмірлік маңызы өлшеусіз. ДДСҰ мәліметтері бойынша, балалардың 90 пайызының жарақаттануы жазатайым жағ­дайдан болады екен. Жыл са­йын әлемде 830 мың бала осындай оқиғалардан мерт болады. Ша­мамен әрбір оқыс оқиғаның алтыншысы оқу орындарының қабырғасында болады. Әсіресе үзілістер мен дене шынықтыру сабақтарында ондай олқылықтар жиі орын алады. Осыған байланысты, 2017 жылы Алматы қаласы білім беру басқармасында денешынықтыру пәнінің мұға­лімдері оқыс жағ­дайларда жү­­рек тоқтап қалу, қан кету, жа­рақат­тану кезін­де не істеу керек­тігі бойын­ша курстан өтті. Полиция қызмет­кері, пойыз жол­серігі және оқи­ға орнында бірін­ші болуы тиіс­ барлық мамандар осындай әзірлік­тен өтсе дейміз.

Әңгімелескен
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан»
 

Соңғы жаңалықтар

От қалам

Тұлға • Бүгін, 08:40

Өнер қайраткерін ардақтасақ

Руханият • Бүгін, 08:37

Мемориалды кабинет ашылды

Тағзым • Бүгін, 08:32

Аязби хақында әпсана

Руханият • Бүгін, 08:28