– Нәсімжан Жамбекқызы, қазіргі таңда көптеген жастар жұмыс таба алмай жүр, ал жұмыс берушілер білікті кадрлардың тапшылығын айтады. Бұл қайшылықты «Тегін кәсіптік-техникалық білім – барлығына» жобасы жоя ала ма?
– Президент «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы жаңа мүмкіндіктер» Жолдауында адам капиталын дамытуға ерекше мән берді. Оның сапасын жақсартудағы маңызды бағыттардың бірі – Елбасының бастамасымен құрылған «Тегін кәсіптік-техникалық білім – барлығына» жобасы. Бұл жоба 2017-2021 жылдарға арналған Тиімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлік бағдарламасымен біріктірілді. Ол жастарға мамандық алып, ата-анасына масыл болмай өз бетінше өмір сүруге көмектеседі. Бұл жұмыс берушілерге де тиімді. Заманауи бағдарламамен оқудан өткен маман өндіріске пайда алып келеді, оны қайта даярлаудың қажеті жоқ. Себебі теорияны оқу міндетті түрде тәжірибелік машықтарды үйренуді қарастырады.
Жобаны қаржыландыру жергілікті және республикалық бюджеттен де жүзеге асырыла береді. ТжКБ ұйымдарында оқи отыра жұмыс кәсіптерін меңгеруге, қысқа мерзімді курстардан өтуге де болады. Жалпы 2021 жылға дейін ТжКБ тегін біліктілігін 720 мыңға жуық азамат алады. Өткен оқу жылымен салыстырғанда ТжКБ ұйымдарында кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысының көлемі 24,8 мың орынға дейін ұлғайтылды. Бірінші шығарылым 2019 жылы жоспарланып отыр.
– Жобаға қатысушыларды іріктеу қалай өтеді, жұмыспен қамту орталығында міндетті түрде тіркелу қажет пе?
– Оқудан өтуге мұқтаж жастардың санын анағұрлым көбірек қамту үшін 1850 мобильді топ құрылды. Олар бір жылдан үш жылға дейін оқу үшін 9-11 сынып түлектері, аз қамтылған отбасылардан шыққан жастар, сондай-ақ жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған жастардың тізімін жасады. Оқуға түскен жастардың 60%-ы әлеуметтік әлсіз тұрғындар қатарына жатады. ТжКБ ұйымдарына жастарды белсенді түрде жұмылдыру бойынша жұмыстар Қарағанды (7600), Оңтүстік Қазақстан (11458), Атырау (3604) облыстарында және Алматы қаласында (8600) өтті. Жас мөлшері, жынысы, тұрғын орны және тағы басқа ерекшеліктеріне қатысты шектеулер жоқ. Бағдарламада қатысушылардың санаттары анықталған. Олар – 9 және 11 сынып түлектері, оқу орындарына түспей қалғандар, жұмыс іздеушілер, өмірлік қиын жағдайға тап болған жандар мен аз қамтылған отбасынан шыққан азаматтар, 29 жасқа дейінгі жастар. Жұмыспен қамту орталығында тіркелгеніне немесе тіркелмегеніне қарамастан, жұмыссыз жүргендер, сондай-ақ өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандар да бұл мүмкіндікті пайдалана алады.
– Тегін білім беру бағдарламасына қатысушылар үшін жеңілдіктер қарастырылған ба?
– Мемлекет ТжКБ және қысқа мерзімді курстардағы оқудың төлемін өтейді. ТжКБ ұйымдарында оқудан өтіп жатқан бағдарламаға қатысушыларды бір реттік ыстық тамақпен және стипендиямен қамтамасыз етеді. Қажет болған жағдайда олардың оқу орнына дейінгі жол жүру өтемақылары да төленеді. Қысқа мерзімді курстарда жобаға қатысушылар да стипендия алады және жолақы төлеу мәселесі де қарастырылады. Басқа қалалардан келетіндер үшін тұрғын үй жалдауға кеткен қаражат та өтеледі.
– Қазіргі уақытта кәсіптердің жойылуы және жаңа кәсіптердің пайда болуы үрдіске айналып келеді. Бұл ретте ТжКБ ұйымдары осы ағымға қатысты өзгере ме?
– Күннен күнге жұмыскердің құралы қайла мен күрек емес, бағдарламалық жасақтамасы бар компьютерлер, роботтар, техникалық агрегаттар және механизмдер болып өзгеруде. IT-технологиялар өмірімізге, өндіріске және экономикамызға түбегейлі енді. Бағдарлама құру кезінде әрине қазіргі заманғы үрдістер ескеріледі. Жұмысшы кадрларын 1-ден 6 айға дейін қысқа мерзімді кәсіби оқытулар колледждер, оқу орталықтары, әскери-техникалық мектептер базасында жүзеге асырылады. Сервис және қызмет көрсету, технологиялық, техникалық, ІТ-білім беру, медицина және құрылыс секілді бағыттар бойынша курстар өткізіледі. ТжКБ ұйымдарында мемлекеттік тапсырыс бойынша кадрларды даярлау техникалық, ауыл шаруашылығы технологиялық мамандықтары бойынша жүзеге асырылады. Қазіргі күні сервис және қызмет көрсету саласындағы мамандар ерекше сұранысқа ие. Оқу ордалары еңбек нарығының жаңа сұраныстарына жауап береді. Мысалы, құрылыстағы дизайн, қайта жандандырылатын энергетика, ақпараттық қауіпсіздік, мехатроника сияқты жаңа мамандықтар пайда болды.
2017 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Білім және ғылым министрлігі 141 мамандық бойынша жаңа модульдік бағдарламаларды іске қосты. Мысалы, құрылыс саласы бойынша білім алып жатқан студент «тас қалаушы», «плита-қасбет салушы» біліктіліктерін ала алады. Қалаған жағдайда оқуын жалғастырып, орта деңгейлі маман – «техник-құрылысшы» бола алады.
– Курс тыңдаушылары мен ТжКБ түлектеріне жаңа шарттарға бейімделуге және жаңадан құрылуға тағы не көмектеседі? Жаңғырудың осы аспектілері туралы айтып беріңізші.
– Министрлік оқуды пайдалы және мерзімі бойынша оңтайлы ету үшін үлкен жұмыс атқарды. Сарапшылар курстардың бағдарламаларын зерттеп, пәндердің қайталанбауын қамтамасыз етті. Соның арқасында оқудың мерзімі қысқарды. Бағдарламалар «Атамекен» ҰКП-мен келісілді. Болжам бойынша, 2021 жылға қарай Қазақстанда оқып жатқандардың 40%-ға дейінгісі жұмысшы мамандықтарын таңдайтын болады. Бұл ретте білікті емес жұмыс күшінің саны 20%-ға дейін төмендейді. Құзырлы мемлекеттік ведомстволар қолданған шаралар кешені тұрғындардың жұмыспен қамтылуына оң әсерін тигізетін болады. Қазіргі таңда колледждерде қолданбалы бакалавриат енгізіліп жатыр. Бұл кәсіби білім жүйесінде жұмыспен қамтуға бағытталған кеңейтілген қолданбалы бөлігі бар мамандарды даярлау ретінде қарастырылады. Бұған министрлік сәйкесінше заңнамалық нормаларды құрып, бекітті.
2018 жылдың басынан бастап жоғары оқу орындарымен барлық мамандық бойынша біріктірілген білім бағдарламаларын құру жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда ТжКБ, орта білімнен соңғы ұйымдарға қабылдау үлгілік ережелерінің жобалары келісілуде. Онда коллеждерге қабылдау кезінде Ұлттық бірыңғай тестілеу сертификаттарындағы ұпайлар ескерілуі керек деген ереже алынып тасталды. Осылайша жаңа ережелер еліміздің «Білім туралы» заңына сәйкестендірілді. Сондай-ақ бұл ережелерде өтінімдерді қабылдау мерзімі жұмыс мамандықтары бойынша 1 қыркүйекке дейін ұзартылды. Бұл байқау бойынша ЖОО-ға өте алмай қалған талапкерлерге құжаттарын тапсырып, колледждерге түсуге мүмкіндік береді. Осылайша БҒМ жастарды ТжКБ ұйымдарына жұмылдыру үшін пайда болуы мүмкін кедергілерді жою бойынша барлық қажетті шараларды қолдануда. Сондай-ақ колледж түлектерінің кешенді тестілеуді тапсырмастан ЖОО-ға түсу мәселелері де шешіліп жатыр. Бұл үшін ТжКБ жүйесінде сәйкесінше алғышарттар құрылған.
ТжКБ жүйесіне және тәжірибелік бағытталған білімге модульді біліктілікті тәсіл енгізу кадрларды даярлау сапасын жоғарылатады. Осының арқасында колледж түлектерінде мектеп түлектеріне қарағанда ЖОО-ға түсу мүмкіндіктері көбірек болады. Орта жалпы білімнің 12 жылдық оқуға ауысуы мектеп түлектерінің басым бөлігін ТжКБ жүйесіне бағыттап, жалпы білім беру оқу орындарын сәл де болса босатуға жол береді.
Бір қызығы, колледжде оқыған ЖОО-ның түлектері кәсіби даярлық және тәжірибелік машық деңгейі бойынша жоғары оқу орындарына мектептен кейін түскен жас мамандардан басым болады. Бұл – жұмыс берушілердің пікірі. Тағы бір артықшылығы, колледж негізінде ЖОО-ның оқу мерзімі қысқарақ, яғни отбасылық бюджетке түсетін ауыртпалық та аздау болады.
Министрлік ТжКБ ұйымдарында білім алу шарттарын жақсартып, оған қызығушылық арту үшін жүйелі жұмыс атқарып жатыр. ТжКБ жүйесін дамытуда бизнес, мемлекет және колледждердің күшін шоғырландыру үшін дуалды білім беру енгізілді. Бұл білім ордасы мен өндіріс және жұмыс берушілердің арасын жақындастыруға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда білім мекемелері жұмыс берушілермен бірлесе отырып, білім беру бағдарламаларын қайта қарастырды, білім беру үдерісінің 80 пайызы өндірісте жүргізіледі. Өндіріске қайта оқытуды қажет етпейтін дайын кадрлар келгені өте маңызды.
– Еліміз Worldskills International қозғалысына қосылды. Әлемдік чемпионатқа қатысу бізге не береді, нәтижелер бар ма?
– Бұл қозғалысты «Жұмыс қолдарына арналған олимпиада» деп атайды. Оның мақсаты – дүние жүзі бойынша халықаралық сайыстар өткізе отырып, жұмысшы мамандықтарын танымал ету. Жаңа экономика талаптарын ескере келе кадрларды даярлау және қайта даярлауды жаңғырту шеңберінде министрлік WorldSkills International стандарттарына көшу туралы шешім қабылдады.
2017 жылдың қазан айында Абу-Даби қаласында (БАӘ) өткен WorldSkills Competition әлемдік чемпионатының нәтижесі бойынша қазақстандық команда 77 елдің өкілдері арасынан 24-орынды иеленді. 2015 жылы біз 55-орында болғанбыз. Сондықтан алға жылжу көрініп тұр. Бұл чемпионатта Қазақстан Орталық Азия елдерінің ішінен жалғыз ел болды. Әрине жақсы нәтижені бірден көрсете алмаймыз. Алайда алған тәжірибеміз ТжКБ ұйымдарына және студенттерге сайыстарға анағұрлым жақсырақ дайындалуға мүмкіндік береді.
Әңгімелескен
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»