Білім • 26 Маусым, 2018

Алматыдағы №123 мектеп-гимназия түлегі ҰБТ-дан 140 балл жинады

126 реткөрсетілді

«Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйінерге жарар ол» деп хәкім Абай айтқандай, міне, ұлттық бірыңғай тестілеу науқанының бел ортасына келгенде ең жоғары балл жинаған оқушының есімі де белгілі болды. Биыл максималды 140 балды алғаш рет Алматы қаласындағы 123 мектеп-гимназиясының түлегі Шиара Құдайбергенова жинап отыр.

Біз алматылық оқушы Шиара Әбдірахымқызымен телефон арқылы сөйлесіп, еліміздегі ең жоғары көрсеткішке қол жеткізуімен оқырмандар атынан құттықтаған едік. Шиара тестілеу сынағын Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің базасында 25 маусымда тапсырғанын айтты.

Үздік білім нәтижесін көрсеткен түлек 2000 жылы Тараз қаласында дүниеге келгенін, алайда ата-анасының Алматыға көшіп келуіне байланысты мектеп табалдырығын алып мегаполисте аттағанын, биыл бітірген №123 мектеп-гимназиясында 5-сыныптан бастап оқығанын жеткізді.

– Отбасымызда әкем – кәсіпкер, анам – үй шаруашылығында. Інімнің де сабақ үлгерімі жақсы. Мен 10 сыныпта бір-екі төрттік баға алып қалып, «Алтын белгі» иегері бола алмадым. Ал інім «Алтын белгі» алады деп ойлаймын. Тестілеу сынағына жан-жақты, кешенді түрде әзірлендім. Қосымша курстарға да бардым. Соның нәтижесінде жоғары балға қол жеткіздім деп ойлаймын. Бурабайда өткен фестивальда би өнерінен жүлдегер болдым, былтыр «Инабат» атты сұлулық сайысында жеңімпаз атандым. Бұл сайысқа Әуезов ауданының үздік мектептерінің арулары қатысқан болатын. Жалпы әдеби кітаптарды оқығанды ұнатамын. Поэзиядан Мұқағалидың жырларын жақсы көремін, – дейді Шиара.

Ол келешек мамандығын таңдап та қойған екен. Талапкер Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Алматыдағы Сүлеймен Демирел университетінің бірінде «Логистика» мамандығына оқуды жоспарлап отырғанын айтты.

«Мемлекет басшысына еліміздің жастары мен біліміне айрықша қолдау көрсетіп отырғаны үшін рахмет айтамын. Сондай-ақ өзімнің және ата-анамның атынан 11 жыл бойы білім нәрімен сусындатқан мұғалімдерге, соның ішінде мектеп директоры Бағила Әшімбаеваға, сынып жетекшісі Салтанат Жангелдинаға және математика пәнінің мұғалімі Гүлбаршын Мамытоваға, «Арай-тест» орталығының ұстаздарына ризашылығымды білдіремін», дейді жас түлек.

Шиара Құдайбергенова өзін шаһар басшысы Бауыржан Байбектің қабылдағанын, Елбасының бастамасымен қазақ тіліне аударылып, жарық көрген Давостағы Дүниежүзілік экономикалық форумның негізін салушы, белгілі экономист Клаус Швабтың «Төртінші өнеркәсіптік революция» атты кітабын сыйға тартқанын да жеткізді.

Біз еліміздегі ең жоғары балды жинаған жас түлекке сәттілік тіледік.

Айта кету керек, биыл алматылық оқушылар орташа балл көрсеткіші бойынша (101,2) елімізде алғашқы орында тұр. Ал жоғары балға жетеғабыл 139 балды №162 мектеп-гимназиядан Дәулет Хамзин мен №104 жалпы білім беретін мектептен Әйгерім Ибағалиева есімді түлектер жинады. Алматылық 314 мектеп бітірушінің 130 бен 140 балл арасында жинауы да жақсы көрсеткіш екені анық.

Думан АНАШ,

«Егемен Қазақстан»

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар