Балалық шағы таршылыққа тап келсе де, жас талаптың оқуға ынтасы зор болып, орта мектепті жақсы аяқтады. Қызылорда педагогикалық институтының жаратылыстану факультетіне оқуға түсті. Институт қабырғасында болашақ зайыбы Кенішкүлмен танысып отбасын құрды. Берекелі отбасында 60 жылға жуық бірге өмір сүріп Ғалымжан, Шынаркүл, Тоты, Майра, Айгүл, Үмітжан, Алмасбек, Кәмшаттай ұрпақтарды дүниеге әкеліп, олардың жоғары білім алуы мен белгілі азамат болып қалыптасуына жағдай жасай білді. Қазір сүйкімді де тәтті немерелер мен шөберелер сүйіп, олардың тілеуін тілеп, батасын беріп отырған өнегелі отбасының егесі.
Ат жалын тартып мінгеннен бастап ел ісіне белсене араласты. Заман талабын сезіне білген, ойы ұшқыр, құлашын кеңінен сермей алатын жас екенін көрсете білді. Еңбекқорлығымен ауыл мектебінің мұғалімдігінен кеңшар партия ұйымының хатшылығына сайланды. Партия ұйымына жетекшілігі кезінде ізденімпаздығы мен ұйымдастырушылық қабілетінің жоғары екендігін байқаған аудан басшылығы оны Қармақшы кеңшарының басшылығына тағайындады.
Исағалидың тынымсыз еңбегінің нәтижесінде шаруашылық одақ бойынша 7 рет, республика бойынша 10 рет еңбек жарыстарының жеңімпазы атанды.
Исекең өскен ауылдың өткеніне көз салсақ тарихи оқиғаларға бай. Бұл қазақ халқына белгілі Ислам дінінің рухани көсемі Марал баба жатқан топырақ. Оның талай көріпкел ұрпақтары дүниеге келіп, жергілікті халыққа діни, адамгершілік тәрбие беріп, мешіттер салып, елдің сауатын ашқан, елді отырықшылыққа, егіншілікке үйреткен. Сол сияқты бұл ауылда аты аңызға айналып, елді аузына қаратқан Әлібай, Елібай, Тобжан билер және олардың ұрпақтары өмір сүріп, әдепті өмір салтын, дәстүрлерін насихаттаған. Сейтжан ақын елін-жерін, ерлерін жырға қосқан. Қожбанхандай ханы, елін жаудан қорғаған Жанай, Есеке сияқты батырлары да болған.
Исағали жоғарыда айтқан Марал бабаның ұрпағы. Замандастарымен жылы шырайлы қарым-қатынаста, кеңінен араласып оларға орнымен ерекше құрмет жасай да білді.
Халқымыздың ат қою үрдісінде қасиетті Құраннан есімдер қою көбірек кездеседі. Бұл асыл дінімізге деген құрмет, әрі баланың болашағына деген ырым және Ұлы Жаратушыға деген шексіз махаббаттың белгісі болса керек. Сол дәстүр үзілмей бүгінге дейін ата-бабалар салған сара жолмен есім беру мәселесінде бабалар жолын ұстанып келеді.
Исағали 1996 жылдың жаз айында жолы түсіп үйге келе қалды. Зайыбым Қалдыгүл жүкті еді. Исекең дастарқан басында шай ішіп отырып, ұлды боласың, ұлыңның атын тарихта алар орны ерекше, аса көрнекті мемлекет қайраткері, қолбасшы, дипломат, тарихта аты алтын әріппен жазылған киелі есімдердің бірі Абылайхан болсын деп бата берді. Расында да санаулы айдан соң зайыбым Қалдыгүл босанып, нәрестенің есімін алдындағы Дәулетхан ағасына ұқсатып Абылайхан қойдық. Абылайхан қазір Астана қаласындағы С.Сейфуллин атындағы Аграрлық-техникалық университетінің сәулет-құрылыс факультетінің 4-курсында оқиды.
Исағали туралы жазған кезде ол кісінің жары, мейірімді ана, әже, ұстаз – Кеніш Смайылқызының өнегелі істері туралы тоқталып өткен дұрыс болар.
«Мен қазақ қыздарына қайран қалам», деген жыр жолдары тап осы апамызға қарап айтылғандай. Кеніштің жібектей мінезі, сабырлылығы, кез келген ортада өзін ұстауы, кімді болса да сүйіндіргендей. Бәзбіреулер елуінде қартайып, олпы-солпы киініп, жасы ұлғайған сайын мінезі де өзгеріп шыға келеді. Сондайларды көргенде, Кеніш Смайылқызы сынды әйелдердің қадір-қасиетін тереңнен ұққандай боласың. Иә, Исағали екеуінің шаңырақ көтергеніне бүгінде 60 жыл толады. Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейтіні рас екен, апамыздың әлі де ажары таймаған. Тұла бойы жастарға үлгі-өнеге етуге лайық апамызға қарап, тәрбие аламыз, жақсылыққа ұмтыламыз.
Әйелдің ең үлкен міндеті – жақсы жар болу. Ерінің сенімді серігіне айналып, алаңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасау, қолдан келгенше көмектесу. Тірлік болғасын түйткілі де көп. Жан-жарың бірде көңілсіз, бірде жадырап келеді. Оны кім түсінеді, әрине ең алдымен әйелі. Отбасы, ошақ қасында кездесетін нәзік жайттарды ұғынуда Кеніш апамыздан үйренетініміз жетерлік. Бала бағу, немере өсіру, ағайын-туған, жолдас-жора, жегжат күтудің жөн-жобасын, көпшілікпен қарым-қатынас мәдениетін әлі де үйренудеміз. Кеніш Смайылқызымен әр кездесу мереке іспеттес. Іс-әрекетімен, жан дүниесінің байлығымен айналасына шуақ шашып жүреді. Сол шуақтан нәр алатын жалғыз мен емес, бұл үйдің табалдырығын аттаған жұрттың бәрі телегей-теңіз таза пейілді сезінетіні анық. Бір байқайтыным, қашан барсаң да алдыңнан жайылған кең дастарқанның басындағы әр адамға жүрегінің жылуы құйылып жатады.
Ардақты аға-апамыздың өмірлері кілең қызықпен өтіп келеді дей алмаймын. Жұрт сияқты басқа қиындықты да өз бастарынан өткерді. Алайда қандай да сыннан сүрінбей өтті. Әркім еңбегіне, біліміне сенетін. Әйтсе де етектен тарту, алалау кездеспей қалған емес. Толып жатқан сондай кедергілерден байсалдылығының, іскерлігінің арқасында ағамыз биік дәрежеге жетті. Бұл тұрғыда Кеніш апамыздың атқарған рөлінің зор екені анық.
Халықтың алақанындағы азаматтың жаманын жасырып, жақсысын асырып, сыртқа сыр шашпау қазақ әйеліне тән мінез ғой. Жұмағұловтар отбасын Сыр елінде білмейтіндер кем де кем. Ел ағасы, қазақтың қазыналы ақсақалы Исағали Жұмағұловтың отбасы бүгінде шуағы мол шаңырақ. Осыны мойындаған көпшілік құрмет көрсетуге әрдайым бейім тұрады.
Мұсахан БАСШЫБАЕВ,
Қазақстан білім беру ісінің үздігі