Футбол • 27 Маусым, 2018

Жаһан жаңалықтары: Мессиді құрамадан шеттету керек

299 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Аргентина бірінші дивизионының жаттықтырушысы Карусо Ломбарди құрама капитаны Лионел Мессиді құрамадан шеттетуді ұсынды, деп жазады «Marca» басылымы.

Жаһан жаңалықтары: Мессиді құрамадан шеттету керек

«Месси құрамадағы жетінші жаттықтырушының «түбіне жетті». Меніңше, ол Сампаолиді шеттету үшін әдейі сүреңсіз ойнады. Мессиді құрамадан шығарып жіберу керек. Ол үшін құрама тағдыры бес тиын, тек бас жаттықтырушымен арадағы тартыста жеңіске жетсе болды. Лионель әрдайым ең жақсы ойынымен емес, өзіне ұнайтын футболшылармен ойнағанды қалайды», дейді Ломбарди.

Мәлімет үшін айта кетейік, Месси Аргентина құрамасына келген 2005 жылдан бері 7 бас жаттықтырушы ауысқан.

Домрачева спортпен қоштасты

Биатлон бойынша төрт дүркін Олимпиада чемпионы Дарья Домрачева карьерасын аяқтады. Бұл туралы спортшының өзі баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Домрачева Беларусь мемлекеті тарихында Олимпия ойындарында ең көп жүлде жеңіп алған спортшы саналады. Оның Олимпиадада алған төрт алтын, бір күміс және бір қола медалі бар. Сондай-ақ әлем чемпионатында екі алтын, төрт күміс және бір қола жүлде иеленген.

2014 жылы Домрачева Сочи Олимпиадасында үш алтын медаль алып, ел президенті «Беларусь қаһарманы» атағымен мара­патталды. 2018 жылы Пхенчханда өткен Олимпия ойындарында масс-стартта күміс, эстафета бәсекесінде алтын жүлде иеленген-ді. 

Айта кетейік, ол 2016 жылы норвегиялық атақты биатлоншы Уле-Эйнар Бьерндаленмен отбасын құрған. Осы жылдың сәуір айында Бьерндален карьерасын аяқтағанын мәлімдесе, араға екі ай салып Домрачева да үлкен спортпен қош айтысты. 

Хэмилтон – Гран-при жеңімпазы 

«Формула-1» автожарысына қатысушы «Мерседес» клу­бы­ның пилоты Льюис Хэмилтон Францияның Поль-Рикар қа­ласында өткен кезекті Гран-при кезеңінде жеңімпаз атанды. 

«Формула-1» автожарысының сегізінші кезеңінен кейін 145 ұпай жинаған Хэмилтон жалпы есепте көш бастады. Екінші орында «Феррари» пилоты Себастьян Феттель (131), үшінші сатыда «Ред Булл» өкілі Даниэль Риккардо (96) келеді. Автожарыстың келесі кезеңі 1 шілде күні Аустрияда өтеді.

Айта кетейік, бұл Льюис Хэмилтонның биылғы Гран-при жарысындағы үшінші жеңісі. Ол бұған дейін Қытай және Испанияда өткен кезеңде топ жарған.

Дайындаған Әли БИТӨРЕ,

«Егемен Қазақстан»