Тегінде, тәртіп сақшыларының жұмысы өте қауырт. Сәйкесінше қызметтік көліктерге, оның ішінде патрульдік автомашиналарға күні-түні тыным жоқ. Сол себепті олардың ғұмыры да қысқа болып келеді. Қанша жерден жамап-жасқап, жөндегенмен темірдің де тозбай тұрмайтыны белгілі.
Ал полиция қызметкері Жолаушы Аханов бұл мәселеге басқа қырынан келіп, жоқтан бар жасап жүр. Алғаш рет ол «УАЗ» автомашинасын осыдан үш жыл бұрын қалпына келтірген болатын. Бүгінге дейін ол санаттан сызылып қалған үш қызметтік автокөлікті жөндеп, іске жарамды еткен.
Полиция қызметкеріне мұны істе деп жатқан ешкім жоқ, бұл – оның қолы боста өз қалауымен айналысатын сүйікті ісі. Осы үшін Жолаушы Аханов ақы алған емес. Дегенмен полиция басшылығы старшинаның бұл пайдалы ісіне мүмкіндігінше қолдау көрсетіп отырады. Мысалы, ол Қарағанды облыстық ІІД басшылығы тарапынан бірнеше рет марапатталған.
Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы,
Жезқазған қаласы