– Елбасының Жарлыққа қол қоюымен қасиетті Түркістанның оңтүстік өңірдің орталығына айналып, облысқа да бүкіл түркі жұртына мәлім қаланың аты берілуі жұртшылықты қуантқан оқиға болды. Қазақстанның қай шалғайы да қасиетті Түркістанды ертеден пір тұтқан. Қостанай – Торғай өңірінде ХVІІІ ғасырда өмір сүрген бірнеше батырдың сүйегі Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жерленген. Соның бірі – ел мен жер үшін жоңғарларға қасқайып қарсы тұрған Айтбай батыр болатын, – дейді облыстық тарихи-өлкетану музейіндегі тарихи-мәдени мұраларды қорғау және пайдалану бөлімінің меңгерушісі Эльмира Алшымова. Батырдың тікелей ұрпағы Әбіт Шалдықов ақсақалдың бабасы туралы жинаған мәліметтерін сараптаған Түркістан қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік-тарихи қорық музейінің ғылыми сараптама кеңесінен 2009 жылы қарашада Айтбай батырдың Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жерленгені туралы анықтама келеді.
Айтбай батырдың музейде тұрған дулығасын келушілер көп айналшықтайды. Сарыкөл өңірін мекендеген батыр замандастары Қабанбай, Бөгенбайлармен бірге жоңғарлармен болған шайқастарға қатысады. Жергілікті өлкетанушылардың зерттеуінде, Айтбай батырдың 1740 жылдары Еділ қалмақтарымен Харбалы бекінісі үшін кескілескен қантөгіс шайқасқа қатысып, жерді азат еткені туралы айтылады. Дулығаны батыр ұрпақтарының бірі, Сарыкөл ауданының орталығында тұратын Мұрат Жанұзақов музейге 2011 жылы тапсырыпты. Батыр бабасынан қалған қадірлі бұйымды оның ұрпақтары осы кезге дейін қастерлеп, атадан балаға аманаттап отырған.
Дулыға жартылай күмбез тәрізденіп, металдан тұтас құйылған. Жиегінде мойынқорғағышты бекітіп ұстап тұратын қайырма шегелердің орындары, майда тесіктер қалған. Төбесінде 2,5 см болатындай түтігі бар.
– Осы түтігіне төбелдірік салынатын болған. Бірақ темірі жеміріле бастаған дулығаның ондай элементтері мен басқа да өрнектері сақталмаған. Негізі жаугершілікте батырлар киген дулығаның бірнеше түрі болады. Олардың төбесі конус, күмбез секілді жасалады. Қазақ ерлері киген бөрік, қалпақ секілді алты, сегіз сайдан құралады. Құрама дулыға үлгілерінің алдыңғы жағында «қаруқағары», батырдың қабағын жауып тұратын «қасы» болады. Артқы жиегіне мойынжапқышы ілінген. Дулыға батырды жау оғынан қорғап қана қоймаған, оның әлеуметтік мәртебесін де белгілеген, – дейді Эльмира Алшымова.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ