Көрнекі сурет
Бұған себеп те жоқ емес еді. Себебі Айса Сегізбайұлы ерлігі мен ырысы, дәулеті мен несібесі, шарапаты мен даңқы ойда орыс, қырда қытайға мәлім болған дарабоз Қабанбайдың шөбересі.
Батырдың кенже ұлы Қаракерей соқыр абыз атанған Әлі әулие – Құдайәліден Сәнік, Сәніктен Сегізбай өрбиді. Айса бабамыз Сәніктің ұлы Сегізбайдан туған немересі. Қожақұлдар қыстаған Жарбұлақ өңірі 1822 жылдан 1864 жылға дейін орысқа да, қытайға да бағынбаған, өзінше бір дербес өлке болған.
Айса бабамыз қожақұл елінен қажыға барғандардың алдыңғы тобына жатады. Айсадан бұрын осы елден Дәуік Сауытбай, Шаған Шалағыз Меккеге барған екен. Айса қажылық сапарға 1850 жылы 21 жасында барған. 1864 жылы 35 жасында әйгілі қытай-дүңген соғысында ағасы Әділбектің қосынымен бірге мыңбасы шенінде соғысқа қатысқан. Айса өз руының аса беделді адамы ретінде қажыдан келген соң халықтың ислам дінін ұстауын жолға қоя білді, жас балалардың діни сауатын ашып, Алланың бірлігіне шақырды. 1889 жылы Айса қажы қайтыс болған соң ұрпақтары осы күнгі Қабанбай ауылынан 28 шақырым жердегі Айсаның қыстауына сүйегін жерлеп сегіз дұрыс көпбұрышты, сегіз құлақты мазар орнатады. Сегіз қабырғаның математикалық дәлдікпен соғылғаны сондай, әр дуалы 5 метрден, жалпы периметрі – 70 метр. Айса бабамызға тұрғызылған мазар, міне, 130 жыл бойы бір кірпіші де кетілмей, жауын-шашынға, сан жыл бойы 60 м/сек жылдамдықпен ұдайы соғатын екпінді желіне шыдас беріп қасқайып тұр. Мұның құпиясы кірпішін ешкінің еріген майына, жылқының қылы қосылған батпақтан илеп құйғандығында жатса керек. Қабырға кірпішінің қалануындағы байланыстырылуы осы күнгі озық технологиялардан бір де кем емес. Ал кірпіштердің арасын байланыстырып тұрған балшықтың қандай құпиямен жасалғаны белгісіз.Ол қазіргі таңда тас сияқты қатып қалған.
Ардақ Абдуллаұлы осыдан 6 жыл бұрын, көктемде нағашы бабасы Айса қажы мазарының іргесінде мал атап сойып, құран-қатым берді. Шараға қатысқан ауыл ақсақалы Мұқаметкәрім Мұқаметқалиұлы Ардаққа зор алғыс айтып, келешекте бабамыздың жалаңаш тұрған мазарын қоршап, құлпытас орнатуға кеңес берді, бұл іске өзінің де көмектесетінін айтты. Қатым түсірген қожақұл руынан шыққан 4-ші қажы, Қабанбай мешітінің бас маманы Марат Омарұлы Ардаққа ақ батасын беріп, ісіне оң болсын айтты.
Әрине мазарды қоршау оңай емес, сапалы шыдас беретін металдан шарбағын жасау, көлік, жанар-жағар май шығындары, құм, тас, цемент сатып алу ең ақырында қоршау жұмысын жасау бірталай қаржыны талап ететіні өзінен-өзі түсінікті жайт. Ақыры, 5 жыл өткенде алды-артын жинақтап, дайындықтың денін тәмамдаған кезде Қабанбай ауылына дұғаға келген Алматыда тұратын Айса қажының шөбересі Қарапаұлы Кеңшілікке Мұқаметкәрім ақсақал мен Ардақ екеуі келесі 2018 жылы көктемнен қалдырмай, қажы бабамыздың дүниеден өткеніне 130 жыл толуына орай оның мазарын қоршап, құлпытас орнатып, Мақаншы – Жалаңашкөл республикалық тасжолының бойына көрсеткіш тақта орнату ойлары бар екенін айтты.
– Олай болса, – деді Кеңшілік, – Мен сол құлпытас пен көрсеткіш тақтаны жасауды өз мойныма алайын, ал қалған жұмысты сендер атқарыңдар. Амандық болса, алдағы сәуір айының ортасынан қалмай жасалған дүниелерді алып Қабанбай ауылына жетемін, – деді.
Міне, сол көптен күткен уақыт та үстіміздегі жылдың 18 сәуіріне тап келді. Кеңшілік жасап алып келген құлпытас пен көрсеткіш тақтаны алдын ала өзі дайындап қойған темір шарбақтар, цемент тиелген меншік «Камазына» қосымша тиеп алған Ардақ Айса бабамыздың мазарына жол тартты. Алдымен күре тас жолдың бойына «Айса қажы мазары 2 км» деген көрсеткіш тақташа орнатылды.
Бабамыздың қасиетінің кереметтілігі, сол күні жыл бойы үзілмейтін ебінің дауылы да сап тыйылып, күн ашық мамыражай болды. Периметрі 48 метр болатын қоршау жасалып, бабамыздың басына құлпытас орнатылды. Құлпытасқа бабамыздың ата тегі, өмір сүрген жылдары және Кеңшіліктің қажы атасына арналған бір ауыз өлеңі жазылды.
Ардақ тағы да бір мал атап сойып, бабамызға құран-қатым түсірді.
Арнайы келген Сүйінбай, Мұқаметкәрім ақсақалдар мен алтын алқалы көп балалы ана Тоқтыхан Анкежанова игі істі тындырған ауыл азаматтарына алғыстарын айтып, ақ батасын берді. Шараға қаржылай да, еңбегімен де атсалысқан Сүйінбай, Мұқаметкәрім, Орал ақсақалдар мен Марат қажының, Еркінбек төре мен Марданның қосқан көмектері бір төбе. Сондай-ақ тер төгіп жұмыс істеген Маден Хайранов, Қуанышбек Қиысбекұлы, Бақмырза мен Бауыржан Тұңғышбаевтарға, Марат Абыловқа, Әділқан мен Арқат Данабековтерге, Құдайберген Қойшыбайұлына және тағы басқаларға айтар алғысымыз шексіз. Міне, ағайын «Өлінің қабірін біл, жақсының қадірін біл» дегендегі айтпағым, әйгілі адамның бәрі – ұлағатты, жаны – шырақ екеніне жас ұрпақтың назарын аудару еді. Қазақтың кең даласында еркін өскен, сол елдің уызына жарыған, қайырымды ісімен ел-жұртына өнеге болған Абдулланың Ардағы мен Қарапаның Кеңшілігінің бабаларына қойған мәрмәр құлпытасы адамгершілік пен имандылық ұстанымының жалғасы деп білген жөн. Олар бізді тағы бір асыл құндылығымызбен қайта қауыштырды. Үзілген жіп жалғанды. «Құдайға – құл, адамға – ұл болу» дегеніміз осы шығар ағайын.
Мұқан ОМАРҒАЛИЕВ, зейнеткер
Шығыс Қазақстан облысы
Қабанбай ауылы