Қазақстан • 27 Маусым, 2018

Алматыда Мақтай Сағдиевке ескерткіш тақта ашылды

616 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыдағы Төлебаев көшесінің №162 үйінде белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Мақтай Сағдиевке орнатылған мемориалдық тақтаның салтанатты ашылу рәсімі өтті. 

Алматыда Мақтай Сағдиевке ескерткіш тақта ашылды

1929 жылы Солтүстік Қазақстан облысының Есіл ауданында туған Мақтай Сағдиев жастайынан қара жұмысқа араласып, кейіннен көптеген басшылық қызметте болды. Атап айтсақ, Соколов және Жамбыл аудандық партия комитеттерінің бірінші хатшысы, Торғай облысы атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары, Қазақ КСР балық шарушылық министрі, Қостанай облысы атқару комитетінің төрағасы, Көкшетау облысы партия комитетінің бірінші хатшысы, Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы, Қазақ КСР-і Президенттік кеңесінің мүшесі және Қазақ КСР-і Президенті жанындағы Азаматтық жөніндегі комиссияның төрағасы қызметтерін атқарды. 1991 жылдан бері Қазақстан Республикасы Ардагерлер ұйымы орталық кеңесін басқарды. Ал 1999-2004 жылдар аралғында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болды.  

Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері тұрған үйде орнатылған мемориалдық тақтаның салтанатты ашылу рәсімінде ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Владимир Божко мен Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев қатысты. Әр жылдары бірге қоян-қолтық еңбек еткен Марат Нуриев, Сұлтан Жиенбаев, Шәңгерей Жәнібеков, Вера Сидорова және Евгений Ежиков-Бабаханов сынды әріптестері, үзеңгілес достары мен шәкірттері Мақтай Сағдиевтің еңбек жолы, азаматтық болмысы, біліктілігі мен іскерлігі, ой-өресі мен парасаты жайында кеңінен баяндай келе, басқа да қызықты оқиғалар мен жайттар туралы тартымды әңгімелердің тиегін ағытты.

Сондай-ақ, осы рәсімде сөз алған Мақтай Рамазанұлының қызы Ғалия да әкесі жайында біраз естелік айтты.    

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ