Қазақстан • 27 Маусым, 2018

Қ. Тоқаев Халықаралық Қызыл Крест комитеті Аймақтық өкілдігінің басшысымен кездесті

423 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық Қызыл Крест комитеті Аймақтық өкілдігінің басшысы Жан-Жером Касабьянканы қабылдады. Ол Төрағаны бірлескен гуманитарлық жобаларды іске асыру туралы хабардар етті.

Қ. Тоқаев Халықаралық Қызыл Крест комитеті Аймақтық өкілдігінің басшысымен кездесті

Қ. Тоқаев Халықаралық Қызыл Крест комитетінің қызметін қолдайтыны туралы айта келіп, ұйымның түрлі елдерге бітімгершілік күш-жігер қосудағы үлесін жоғары бағалады. Оның айтуынша, Қазақстан осы ауқымды бағыт бойынша өзара іс-қимылды ұлғайтуға әзір.

Ж. Касабьянка ядролық қарусыздануға, текетірестерді болдырмау және Ауғанстан мен Сириядағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған Қазақстанның сыртқы саяси бастамаларына жоғары баға берді. Халықаралық Қызыл Крест комитеті Аймақтық өкілдігінің басшысы Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі белсенді қызметін атап өтті.

Ж. Касабьянка сонымен қатар Таяу Шығыстағы гуманитарлық жағдайлар жөнінде Астанада қорғаныс және сыртқы істер министрліктерінің өкілдеріне арналған брифинг өтіп жатқаны туралы да хабардар етті. Бұл тақырып БҰҰ миссиясына қатысу үшін Қазақстанның бітімгершілік күштерін Ливанға жіберуіне байланысты шешімі тұрғысында аса маңызды болып отыр. Қ.Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан әскери бөлімшелерді тек БҰҰ аясында ғана шетелге жіберу жөніндегі ұстанымды қолдайды.

Жүздесушілер Халықаралық Қызыл Крест комитеті мен Қазақстан Республикасының бұдан былайғы ынтымақтастығының келешегін талқылады.