Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз бүгінгі бейбіт тірлігіміз үшін, Қазақстан деп аталатын Республиканың жер бетінде барлығы үшін тарихтың әр тұсында осы елді, осы жерді қорғаған қайсар жандардың аруағының алдында қашанда қарыздармыз» деген еді. Шынында, тәуелсіздігін атап өтіп жатқан ел азаматтары осы күнді көру үшін небір жанкешті күрестерге барған бабалардың, оларға тірек болған аналардың алдында қарыз екені рас. Осындай мәртебелі күні елордада қалалық Тілдерді дамыту басқармасының ұйытқы болуымен «Жаса мәңгі, Қазақстан!» атты әдеби-музыкалық кеш Конгресс-Холл сарайында өтті.
Алғашқы сөзді Парламент Сенатының депутаты Әділ Ахметов алып, ұлттық мерекені ұлықтап жатқан зал толы жұртты құттықтап, Президенттің сындарлы ішкі, көп векторлы сыртқы саясаты туралы ой тербеп, 20 жыл ішіндегі табысымызға жан-жақты тоқталып, Ұлыбритания саясаткерінің соңғы он жыл ішінде Қазақстанды әлемдегі қарқынды дамыған үш елдің бірі деп бағалағанын алға тартты. Елдік – бірлікте, ырыс – ынтымақта екенін, қазақ үшін мұңды шақ, шерлі кезең артта қалғанын да атап өтті. Бұдан кейін Д.Мұқанов Біржан салдың «Айтбай» әнін әуелетсе, Қ.Ахметов «Туған елім» әнін шырқады. Жыраулық дәстүрдің үзілмей келе жатқан үлгісін А.Елшібаева «Наурызбектің термесі» арқылы дәйектеді. Ал белгілі әнші М.Арапбаева К,Дүйсекеевтің «Сәлем саған, туған ел!» деген әнін келістіре айтты.
Бір сәт сахна төріне данышпан Абай, ойшыл Шәкәрім, отаншыл Ғұмар Қараш шығып, санаңа сәуле түсірер сөздерді төгіп-төгіп жібергенде ұлтымыздың ұлы да ұлық екеніне көз жеткендей болды. Кеңестік саясат ойыңды шырмап, басыңды құрсаулап тұрғанның өзінде ұлттың тілі, рухы деп жар салған Ғабит Мүсірепов, Бауыржан Момышұлы, Шона Смаханұлы сияқты алыптардың да аты аталып, Шоң Шөкең мен Әбиірбек Тінәлиевтің «Анамның тілі» әні орындалғанда өн бойыңдағы қазақтың асыл қасиеттері қырандай түлегені анық. Сол секілді М.Мақатаевтың сөзіне жазған Т.Рахимовтың «Қазағым-ай!» әні де әсерлі естілді. Сондай-ақ ақын А.Асылбеков пен композитор Ә.Тінәлиевтің «Желтоқсан желі» атты әні де жұрт көңілін бір серпілтіп өтті.
Қазақтың осы заманғы хас батыры, тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров сахнаға шыққанда көрермен жұрт оған өзінің ерекше ілтипатын көрсетті. Сарай ішінің тең жартысынан көбін алып отырған жігерлі ұл мен қайратты қыз өздеріне үлгі тұтқанынан болар, дуылдата қол соғып жатты. Ғарышкер оларға намыс бар жерде бәрін жеңуге болатынын айта келіп, біз бақытты адамдармыз. Тәуелсіздікті көріп, жемісін жеп отырмыз. Елдіктің туы қолымызда берік тұр. Осы күнге жеткенге дейін қаншама алдыңғы толқын азап шекті. Соларды құрметтеп жатқанымыз, бұл – қазақтың ұлылығын көрсетеді. Қазақстан 20 жыл ішінде алға өрлеп келеді. Үлкен елде, үлкен жерде байлықты көбейтетін, жас ұрпақ сендерсіңдер! Қазақтың мәңгілігі де сендердің қолдарыңда, деді. Батыр аға құрметіне ақын әрі сазгер Ерғожа Тілепбердиевтің «Асыл аға» әнін Н.Тұрлыбеков, Н.Балапанов, Г.Мырзабекова, М.Хайролда, Д.Ілияшевтер асқақ рухпен орындады.
Кештің ажарын кіргізген Ұлықбек Есдәулеттің «Қазақ тілі», Серік Ақсұңқарұлының «Азаттық», Серік Тұрғынбекұлының «Жасасын, қазақ, жасасын!» өлеңдерін Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ драма театрының әртістері орындаса, қазақ өлеңінің ақиығы Фариза Оңғарсынова елдігіміздің ерекше қырларын айтып, қала әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің жас дарын Әйгерім Ибадуллаға алғыс хатын тапсырды.
Алаш баласының рухын асырған тәуелсіздікке арналған кеш Жанат Шыбықбайдың орындауындағы жыр жампозы Қадыр Мырза Әлі мен белгілі композитор Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнін бүкіл жұрт қосылып айтып, ерекше көңіл-күймен тарады.
Сүлеймен МӘМЕТ.