Үкімет • 28 Маусым, 2018

Ауыл шаруашылығы саласында өсім бар -Арман Евниев

450 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Орталық коммуникациялар қызметінде Ауыл шаруашылығы министрлігінің халыққа есеп беру қорытындысына арналған баспасөз конференциясы өтті.

Ауыл шаруашылығы саласында өсім бар -Арман Евниев

Жиынға қатысқан бірінші вице-министр Арман Евниев Қазақстанның қол жеткізген бәсекеге қабілеттілік деңгейін қолдау және оның одан әрі кеңеюі үшін агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік реттеудің тәсілдері қайта қаралып, ішкі нарықтың қорғалуына, сыртқы сауда нарығын кеңейтуге, сауда-логистикалық инфра­құрылымды дамыту мен агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін қаржылан­дырудың қолжетімділігін арт­т­ыруға баса назар аударыл­ғанын атап өтті.

«Шығарылған жалпы ауыл шаруашылығы өнімдері 3,9 пайызға, өндірілген тамақ өнімдері 6,3 пайызға артты. Ауыл шаруашылығы өнім­дерінің экспорты 3 айда 47 пайызға, оның ішінде өңдел­ген өнімдер экспорты 26 па­йызға ұлғайды. Ауыл шаруа­шылығына салынған инвестициялар көлемі 1,4 пайызға өсіп, 88 млрд теңгені құрады. 2018 жылы егістік жерлер көлемін 50,2 пайызға (11,4 млн га) қысқарту жос­парланып отыр. Қазіргі уақытта азық-түліктің негізгі 30 түрінің 25-і бойынша қамтамасыз етілуі 80 пайыз, ал кейбір түрлері бойынша 100 пайызды құрайды. Ішкі нарық осы өнім түрлерімен қамтамасыз етілуде. Импортқа тәуелді құс еті, алма, ірімшік және сүзбе, шұжық, қант, балық бұл тізімге кірмейді. Елбасы халыққа Жолдауында агроөнеркәсіптік кешен алдында еңбек өнімділігін түбегейлі ұлғайту және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімі экспортының өсімін 5 жыл ішінде кемінде 2,5 есеге арттыру міндетін қойды. Бұл міндетті шешу саланы дамытуда мүлде жаңа көзқарасты талап етеді», деді ол.

Жиын барысында ол жоға­рыда аталған міндеттер­ді ескере отырып, Ауыл шаруа­шы­лығы министрлігі агробизнес және үкіметтік емес ұйымдар­дың өкілдерін тарта отырып, 2017-2021 жылдарға арнал­ған Қазақ­стан Республика­сы агроөнеркәсіптік кешенін дамы­­тудың мемлекеттік бағ­дар­ламасына түзетулер енгізу бо­йынша жұмыс жүргізіп жатқанын жеткізді.

Рауан ҚАЙДАР,

«Егемен Қазақстан»