Футбол • 28 Маусым, 2018

ӘЧ-ның фавориттері Франция мен Аргентина 1/8 финалда кездеседі

470 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Командалардың плей-оффта бір-бірімен кездесуін көпшілік көп талқылап, біршама болжап еді. Алайда болжамдар бордай тозып, аузы дуалылардың айтқаны орындалмай жатыр. Мысалы, әлем чемпионатының фавориттері Франция мен Аргентина 1/8 финалда кездеседі деп кім ойлаған. Мундиальдың қызығы да осында. 

ӘЧ-ның фавориттері Франция мен Аргентина 1/8 финалда кездеседі

Франция өз тобында ешкімге ұтылмай, бірінші орын иеленді. Бұл қалыпты жағдай. Алайда Аргентинаның Хорватиядан ұты­­лып, жағдайын нашарлатып алғаны күтпеген оқиға еді. Күні кеше ғана олар ойынның соңына таман гол соғып, Нигериядан 3 ұпайды іліп әкетті. Енді плей-оффта екі ұжымның жолы түйі­сіп тұр. «Барселонаның» қорғау­шысы Самуэль Юмтити енді әріптесі Леонель Мессиді тұсап ұстауы керек. Бұл ойын 30 маусым күні өтеді.

Нигерия мен Аргентина арасындағы ойынның үздігі атан­ған Леонель үш әлем чемпионатында гол соқты. Өмірінің әрбір онжылдығында гол соғып келе жатқанын да ФИФА баспасөзі тілге тиек етті. 2006 жылғы чемпио­натта гол соққанда ол 18 жас­та болса, 2014 жылы 27-де еді. Енді міне 31-ге келген тұста тағы да көзге түсті. Мессидің Ни­герия қақпасына соққан голы «Бар­селонаның» да жеке тарихына енді. Себебі соңғы үш чемпио­нат қатарынан 100-голды испан клубының ойыншылары салып келеді. Мысалы, 2010 жылы Иньес­та, 2014 жылы Неймар, 2018 жылы Месси.

Ойын соңынан кейін Арген­тина келесі кезеңге шыққанын естіп, бөркін аспанға атты. Осы шақта Месси бас бапкер Хор­хе Сампаолиді құшақтап алды. Бұл жағдайды баспасөз әртүрлі талқылап, бапкер мен капитанның қайта достасқаны деп топшылады. Естеріңізде бол­са, Хорватиямен болған матч­тан кейін Лео Месси бапкерді сынап, «келесі ойында алаңға кімдер шығатынын бапкерсіз-ақ өзіміз ақылдасамыз» деп сұхбат берді. Енді, шамасы Мес­си мен Сампаоли қайта дос­тасқан секілді. Бұл жайында бас бапкер ойын жасырмай айтты. «Месси мені құшақтап алған кезде бақыттан басым айналды. Мен командамен үлкен жетістікке жеткім келеді. Ал ол үшін Мессидің көмегі керек. Футболшылар бүгінгідей оған көмек беріп отырса, біз алмайтын қамал қалмайды» деп ағынан жарылды Аргентина бапкері.

Айтпақшы осы ойынды трибунадан тамашалаған атақты аргентиналық Диего Мара­дона дәрігерлердің көмегіне жүгінді. Кейіннен тіпті Диего Арман­даның ауруханаға жатқызылғаны жайлы да ақпарат шықты. Бірақ Марадона өзін жақсы сезінетінін айтты.

Әлем чемпионатының ойындарын қалт жібермей тамашалап отырған «Барселона» басшылығы 2 ойыншыға қызығушылық танытты. Оның бірі Германияға гол соққан, мексикалық жартылай қорғаушы Ирвинг Лоссано. Антуан Гризманды сатып ала алмаған соң каталондық клуб ПСВ ұжымының басшылығына ресми түрде ұсыныс тастапты. Со­нымен бірге, «Барселона» чем­пио­натта жарқ еткен дания­лық Кристиан Эриксен мен Алек­сандр Головинге де құда түс­пекші.

Әлем чемпионаты кезінде көптеген ірі компаниялар жақсы жарнама жасап, істерін алға жылжытып жатқанда Германия экономикасы футболдан зардап шегіп жатыр. «Deutsche Welle» агенттігінің есептеуінше Германия-Оңтүстік Корея ара­сындағы ойын кезінде неміс жұмысшыларының 30 пайызы қызметтерін тоқтата тұрып, ойын тамашалаған. Соның кесірінен Германия экономикасына 200 миллион еуро көлемінде зиян келген. Егер Германия құра­ма­сы жеңіске жете беретін бол­са, бұл шығынның көлемі одан әрі арта береді. Бұл жерде ең басты ке­дергі Ресей мен Герма­ния­ның арасындағы уақыт айыр­ма­шылығы болып тұр.

Ермұхамед МӘУЛЕН,

«Егемен Қазақстан»