28 Маусым, 2018

Жаһан жаңалықтары: Пасторе – «Рома» футболшысы

249 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Жаһан жаңалықтары: Пасторе – «Рома» футболшысы

Пасторе – «Рома» футболшысы

ПСЖ клубының жартылай қорғаушысы Хавьер Пасторе жазғы трансфер кезеңінде «Рома» командасына ауысты. Италиялық клуб 29 жастағы ойыншымен 2023 жылдың 30 маусымына дейін келісімшартқа отырған.

Хавьер Пасторенің трансфері римдіктер үшін 24,7 миллион еуроға бағаланған. Аргентиналық футболшы «Рома» сапында 27-ші нөмірде ойнайтын болады. Пасторе 2009-2011 жылдар аралығында «Палермо» клубында ойнап, 42 миллион еуроға Париж командасына ауысқан болатын. Ол жеті жыл ішінде ПСЖ клубымен бірге 19 жүлде жеңіп алған.

Жаңа салмақ қосылды

Бүкіләлемдік бокс супер сериясының (WBSS) екінші маусымына жаңа салмақ қосылатын болды. Бұл туралы аталған турнирді ұйымдастырушылардың бірі Калле Зауэрлянд мәлімдеді

Оның айтуынша, супер серияның келесі маусымында бірінші жартылай орта салмақтағы (63,5 кг) боксшылар қатыса алады. «WBSS жобасының келесі маусымына жаңа салмақ қосылғанын қуанышпен хабарлағым келеді. Бұл салмақта кәсіпқой бокстің ең үздік боксшылары жиналған. Өте тартысты жекпе-жектер болады деп ойлаймыз. Жуырда сіздерге сенсациялы тізімді ұсынатын боламыз», дейді Зауэрлянд.

Қазіргі уақытта бұл салмақта қазақстандық боксшы Батыр Жүкембаев жұдырықтасып, жақсы нәтижелерге қол жеткізіп жүр. Бүгінге дейін 13 жекпе-жек өткізіп, оның барлығында жеңіске жеткен. 11 кездесуін мерзімінен бұрын аяқтаған. Сонымен қатар оның еншісінде IBO International мен WBC Continental Americas белдіктері бар. Алдағы уақытта үміткерлер тізімінен отандасымызды көріп қалуымыз мүмкін.

Алғашқы айналымда жеңілді

Ұлыбританияның Истбурн қаласында өтіп жатқан теннис­тен қыздар арасындағы «Premier» жарысына енетін «Nature Valley International» турнирінің бірінші айналымында отандасымыз Юлия Путинцева жеңіліп қалды.

Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда хорватиялық теннисші Донна Векичпен кездескен болатын. Екі сетке созылған ойында Путинцева қарсыласына 5:7, 3:6 нәтижесімен есе жіберді. Сондай-ақ турнирдің үздік теннисшілері саналған ресейлік Анастасия Павлюченкова румыниялық Сорана Кирстянді 2:6, 7:5, 6:4 есебімен жеңсе, украиналық теннисші Катерина Бондаренко франциялық Ализе Корнениден 4:6, 6:2, 6:4 нәтижесімен басым түсті.

Айта кетейік, Путинцева жуырда ғана аяқталған Франция ашық чемпионатының ширек финалына дейін жетіп, WTA рейтингінде 56-орынға дейін көтерілген-ді.

Дайындаған  Әли БИТӨРЕ,

«Егемен Қазақстан»