Қазақстан • 28 Маусым, 2018

«Үркер» ұлттық премиясын табыстау рәсімі басталды

395 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Баспасөз, радио және интернет-журналистика саласындағы  «Үркер» ұлттық сыйлығы лауреаттарын марапаттау салтанаты 28 маусым байланыс және ақпарат саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі күні өтіп жатыр.

«Үркер» ұлттық премиясын табыстау рәсімі басталды

Ұлттық премия баспасөз, радио және интернет-журналистика саласында үздік жетістікке жеткен сондай-ақ өңірлерде мультимедиалық журналистиканы дамытуға үлес қосып жүрген, әрі журналистиканың беделін көтеруге атсалысқан, кәсіби стандарты мен талаптары бекітілген, оны насихаттан ерекшелеп тұрған сондай-ақ қоғамның азаматтық белсенділігін көтеруге үлес қосып жүрген мамандарға беріледі.

Сыйлықтың негізгі мақсаты – талантты журналистер мен үздік шығармашылық ұжымдарды анықтау, олардың кәсіби журналистиканы дамытуға қосқан үлестерін саралау және шығармашылық адамдарының елеулі еңбегіне қоғам назарын аудару.

Ұлттық «Үркер» сыйлығы келесі номинацияларға беріледі: 

•    Үздік фотосурет;
•    Үздік репортаж;
•    Үздік сараптамалық материал;
•    Үздік журналистік зерттеу;
•    Үздік сұхбат;
•    Қазақстан туралы үздік танымдық материал;
•    Үздік халықаралық талдамалы материал;
•    Астананың 20 жылдығына арналған материал
•    Үздік аймақтық радиостанция
•    Үздік аймақтық баспасөз басылымы
•    Қазақстанның үздік радиостанциясы
•    Үздік интернет БАҚ
•    Үздік республикалық мерзімді басылым;
•    Үздік вайн

Қазылар алқасы құрамына енген танымал қоғам қайраткерлері мен шығармашылық интеллигенция өкілдері әр номинация бойынша оза шапқан кіл мықтыларды анықтайды.  Байқаудың лауреаты атанған журналистерге естелік мүсін мен қаржылай жүлделер табысталады. Әрбір жеңімпаз 1 000 000 теңге көлемінде ақшалай сыйлық пен дәстүрлі естелік мүсінге ие болады.  

Баспасөз, радио және интернет-журналистика саласындағы  ең беделді «Үркер» ұлттық сыйлығының марапаттау рәсіміне белгілі журналистер мен тележүргізушілер, эстрада мен шоу-бизнес жұлдыздары сондай-ақ танымал вайнерлер қатысады. 
  
Баспасөз, радио және интернет-журналистика саласындағы  «Үркер» ұлттық сыйлығы былтыр ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің бастамасымен өткен болатын. Ұлттық сыйлықты ұйымдастырушы «Qazcontent» АҚ.