Қазақстан • 29 Маусым, 2018

Пендешілік немесе кешігіп ұлыған жад (элегия)

669 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

Жастық шақтағы қимас дос – өзегіңді өртеп өте шыққан бір бейне –  марқұм Бәделдің аруағына бағыштадым. Қазақтың өжет те өр, намысқой қызы – Бәдел! Жатқан жерің жайлы, жаның жәннат төрінде бола бергей. Автор

 

Пендешілік немесе кешігіп ұлыған жад (элегия)

…қайдан – қайдан қайдан ғана біліппін! Сенің… бұ жалған да опасыз дүниеден мен пақыр тіптен де ойламағандай, ешбір күтпегендей де жағдаятта өтіп кете барарыңды. Осы ғұмырымда, сені әйтеуір бір көреріме, көкейімдегі сол бір түйткілді-түйінді ағым­нан жарыла ақтарарыма өзімді әбден сендіріп алғандығымның, сол берік сенімімнің, адами пендешілігімнің күндердің күнінде осылайша оп-оңай ақ күйреп шығарын, мен бейбақ біліп жатыппын ба.

Сен екеуміз хат арқылы танысқан едік-қой. «Қызыл советтің» қызып тұр­ған кезі еді-ау. Институттан кейін, «кіндік-оңтүстігімнің қырмызы қыз­ғылықтарына» әбден тойған басым, «сор­маңдай-солтүстіктің де қып-қызыл шыжғылықтарын» байқап көрмекке Теміртауға жолдамамен сұранып келіп, үш айдан соң бір жылдық «қызыл сәбеттік әскери міндеттің хикаяттарына» тағы да өзім тіленіп кетіп, сол жақта сарылып сарсылып жүргенімде – менімен әскери қызметтес болған, сенімен көршілес тұратын балаң – жігіттен адресіңді өтіне қалап сұрап алдым. Жекеулік әңгіме үстінде сыр – суыртпақтата отырып, өзің жайлы біршама мазмұнды мағлұматтарға құныға қанығып та алған едім.

Екеуміз бүтін жыл бойы үзбестен хат жазысып, – сен орысша, мен қазақша, – бірте-бірте сырласып-мұңдасып, жүз көріспегендік демесе – бұрын-бұрын­дар­дан таныс-білістердей боп кеткен едік. Замандарынан – замандастарынан алабөтен, жандары жұмбақ-ты жа­ра­тылған дүниеәуи шайырлардың «мәңгілік сезім» жайындағы жалынды да жасын жырларынан әрдайым пікір алмасып, бір-бірлерімізді қуаттап-қолдап, қанаттандырып тұратынбыз. (Сол хаттардың бір де біреуінің бүгін­дері сақталмағанына қайранмын!?. – өзіме-өзім қапалыдаймын). Біздердің достығымыз – сырттайлық десе де – достық сыйластықтан тіптен де өзгеше өрбіп, түсінікті де түсініксіздеу, тылсымды сезімдер әлеміне қарай ұласып кете барған-ды. Асау сезімдердің, іңкәр жүректердің табысуы – жүзбе жүз көрісуі – һақиқи жарасуы ғана қалып тұрғандай-ды...

* * *

1976. Қаңтар. Целиноград. Вокзал. Әппақ, ару әлем. Көгілдір көгершін аспан. Жүзіңді өпкен шыңылтыр, кәусар аяз. Бір жылдық әскери қу міндетімді әзер дегенде тәмамдап, аз ғана елде аялдап, Теміртаудағы «бөлмелес» болған – «Құдай жан-дүниелерімізді үйлестірген» – қимас дос-ағам Серігімді серік етіп саған келдім.

Пойыз тоқтар-тоқтамас, тамбурда тықыршып тұрған біздер, ашық есіктен – перрондағы сабылысқандардың ара арасынан – қасиетті де киелі Сарыарқаның арқыраған қысқы шілдесінде талшы­бықша майыса қолтықтасып, тағатсыз­дана көз талдырған сендерді – дос-құр­бың екеуіңді жазбай таныдық…

Сол бір уақыттардағы үздіге де үзіле дабыл қаққан жан-бейбағыңның іштей шарбысуы, атқақтай аптыққан жүрек байғұсыңның жәйімен отыға бастауы… кейін-кейіндері ойлап-тексеріп бақсам – бүгіндері де: өкінішің мен қуанышың қырық қырқысқан бұ ғұмырыңдағы еш­нәрсеге айырбастамастай ең бір жаныңа жақын дүниелерің – қимас асылдарың, «мән-мағыналарың мен бар болмысың» да екен ғой.

Гастрольде жүрген «Челябинск эстрада ансамбліне» билет алып қойыпсыңдар. Біздер – Серік екеуіміз екі билетті енші­леп, кешкі жолығысарымызды егжейлеп, оның туыстарының үйінің тұсынан трол­лейбустан түсіп қалдық; сендер, ары – сол жағалаудағы оқуларыңа жүріп кет­тіңдер.
Серіктің туыстары ақжарқын, кең­пейіл кісілер екен. Асты-үстімізге тү­сіп бақты. Мол етке, үлкен ағаш тегене толы сарымейіз құрт езілген сорпаға бөгіп, кешқұрым буымыз бұрқырап, «Целин­ник» сарайына бет алдық...

* * *

…Көрісуіміздің бір күні өтті. Таңер­тесімен, жұмысына жетуге тиіс Серігімді автовокзалдан Теміртауға аттандырып салдым. Айналып кетейін, «құлың боп кетейін» Серігім! – тәптіштеп түсіндіріп, жақсылап тұрып, мені екі інісіне «аманаттап» кетті ғой. (Сөйткендегі... мені­кі?..)
Троллейбуспен «ЦУМ»ға дейін же­тіп, автобусқа ауысып отырып, сол жаға­лаудағы – сол кездергі жалғыз-жарым жаңа құрылыс – сендердің инс­титуттарыңа келдім. Сылаңдаған оқу орынының дәліздерінің геометриялық әр­қалай бұрыштармен айқыш-ұй­қыш өрнектелген төбелері есімде қалып­ты… Екінші қабатта, улыған-шулыған дә­лізде, шай қайнатымдай ғана уақыт бір-бірлеріміздің жүздерімізді аялай бағысып тұрдық та – кешке «Целинниктің» алдында сұғанақ көздерден аулақ-аулақ жо­лығысарға сөз байластық.

…Шыдамымды шырқырата шідер­леп, елең-алаң, ұшарға әзер тұрғанымда – қазақы қоңырқай қыз маған қарай жымия жақындай берді. Сен жіберіпсің, – аз-з-з-дап қана кешеуілдеріңді сұрана ескертіпсің.

Целиноградтың со күнгі тымықты, тылсымды кеші – «Победа» даңғылын­дағы, универмагтың арқасындағы «Ро­дина» кинотеатрына бардық. Бірінші дүние­жүзілік соғыс жайындағы кино екен – біздерді онша еліттіре қоймады-ау…

Түнгі Целиноград. Күні бойғы ақкөз аяз – біршама демін қайырып алған соң – кештете көккөзденіп-көкбеттеніп, сақұр-сұқыр қайнай бастаған. Құдайға шүкір, Арқаның кеші әдеттегі айқай-бұрқасынына баса қоймады. Сонадайдан табалағандай боп көрініп тұрған «Есіл» қонақ үйіне ішім қыжылдай қайта-қайта қарайлай бердім. Ресторанына кіріп, дем басып, бой да ой жылытарға қу қалта жұқанақ. Орталық алаңда ар­лы-берлі қыдырыстағансып, аяз қы­сып, сендер тұратын қазақы шағын аудан­ға қатынайтын автобусқа отырдық. Аялдамадан түсіп, көшелеріңе бұрылар бұрыш­та, қалқиған электр бағанының қалқасында кідірістеп қалдық… Құр­қыл­тайдың ұя-қалтасындай – мап-ма­мық, оймақтай биялай киген аялы ала­қандарыңды ебедейсіз қолдарыммен кү­рей алып, қалтырай-дірілдей құшағыма құшырлана тарта бердім… Қол ұстасып, көшелеріңе түсіп, жүз-жарты қадамдай жүргенімізде – сен қос алақаныңды кеу­деме қойып, үстінен алаулай бөрткен үлпі бетіңді басып, қоянның көжегінше үркектей де тұрып: «Енді қашан келесің?.. Енді қашан көрісеміз?!» дедің, менің ертең-бүрсүгіні қайтарыма байланысты. Мен: «Күнде-күнде келемін! К­үніге көрісеміз!» дедім… Сен: «Үйге жа­қындап қалдық, жеңгем шығып қа­лады» дедің үздіккендей, жарықшақ та жалтақ үнмен. Мен: «Кім шықса да жібермеймін!» дедім... Пенденің амалы қай­сы, қимастық ыстық лебіңді бұрқ шығарып, құшағымнан тыпырлай босанып, аяқтарыңның ұшынан тездете қалқи басқан күйі, «аққу-әлем – аққу-құс – аққу-арман» – түн түндігін түре де төңкере, мені есімнен тандыра, қол бұл­ғай ұзай бердің.

Мен шегіншектей жылжысам да, патша көңілденіп, автобустың аялдамасына келіп, есі-басымды түгелдегенсіп біршама тұрдым ау. Сосын, автобус күт­кенді өзіме ерсі санадым да, еліре бастаған Арқаның ақ түтегін қақ жара, Серіктің кіші інісі тұратын жатақханаға қарай қыран құсша самғадым!
Келесі күні, кешкілік – сен, дос-құрбың, мен – үшеуіміз – Серіктің мединститутта оқитын екінші інісінің келіншегінің туған күніне бардық. Орыс қожайынның жартылай жертөлесінде пәтер жалдап тұрады екен. Оншақты ғана жастар болдық. Ойнап-күліп, шер­­лерімізді тарқатысып, көңілді өткіз­дік. Түн жарымында шуылдасып-дуылда­сып тарқастық. Сен, дос-құрбың, мен, Серіктің кіші інісі – төртеуіміз «Це­лин­сельмаштың» Құдай бұйыртқан жатақханасы қайдасың!» деп тартып кеп бердік. Өйткеніміз, ертесіне ертелеп, менің – Теміртауға, одан әрі елге оралуым керек-тін. Серіктің інісінің «служебныйымен» үшеулеп – «эскорттап!» тұрып шығарып салатын болдыңдар.

Төтелеп жүргендіктен, түтей баста­ған ойсан омбы қарды күрпілдете кеш­тік. Серіктің інісі алда, қолтықтасып ал­ған бақытты үшеу (анығында... «екеу» шығар) арқасында, оқтын-оқтын бұр­қасын беттен қарпып, – тылсымдана жар­қыраған «Ғылмани» мешітіне жал­тақ-жалтақ көз тастай, Аллаға іштей құл­шылығымызды айтып, – аршындай басып жүрдік…

Төрт адамдық, тап-тұйнақтай – жұ­мыртқа-бөлме. Біз үшін босатылып, жинастырылып қойған екен ғой. Серіктің інісі жоғарғы өз жайына жайғасты. Сенің дос-құрбың тө­менгі – екеумізге қарсы жайға орналас­ты… Жыр-сырымызды түн баласынан қыз­ғана да қорына сыб­дырласқан біздер таң сыз бере айқаса жантайыстық…

Сол бір кезінде, сенің «соншалықты намысқой!» екендігіңді де қайдан біліп түсініппін. Сен… ызаланып, қапаланып, бірақ та оныңды «екеуге» білдірместен, «тарс!» жабылып қалдың.

Таң да атып, ендігі «эскортталынып-әспет­телініп» жатпасақ та, уағдаласқан «слу­жебныйымызбен» автовокзалға жеттік. Серіктің інісі екеуміз үрпиіскен сен­дерді (турасында... сені болар) өз­дік­теріңе бес он минутке қалдыра тұ­рып, сонадайдағы қалқиған қара­уыл киосканың арқасына барып, – «жол­ашар­ға» деген сылтау-салдармен, – бір «орысбайдың» аруағын разы етіп, қыл­ғытып салдық. Әлем-тапырық ішкі дүниеме ол жарықтықтың шипасы қан­шалықты тиіп-тимегенін білмедім-ау... «Арқаның кең құшақ ауасының да шалабұлттана тарылып, кілегей шұ­нақтың қылқындыра шаққылап-сор­ғылап тұрғанын тағы да қайтерсің!?.» 

Мен, қоштасып тұрып, дос-құрбың екеуіңе мыстан жасалынған жүрекше цепочка-сувенирлер ұсындым. Сен, маған, сол жабылған қалпыңда қалсаң да – жаралы күйіңді екі досымызға білдірмеуге барынша тырысып бақтың. «Тектілігіңді байқаттың…» Әрине, сен: «Енді қашан келесің, қашан көрісеміз» деген жоқсың бұл жолы...

* * *

…Ананың өтініші, әсіресе тілен­гендей болғаны – «орыс боп кетесің, құрып та кетермісің, елге кел» деген – үкім!.. Теміртауға жете салысымен медучилище директоры Дзюба деген аюдай ақырған мырзаға кіріп, бәрі-бәрін езбелеп түсіндіргенсіп, «қымбаттым-ау... баспанаң бүгін-ертең дайын еді ғой!?» деген аса зор қамқорлық ние­тіне қайрылмастан (бәрі-бәріне ішім күйіп-жанып тұрса да), «жолдамамды» бұздырып, құжаттарымды түгел жиыс­тырып қолыма алдым. Үш ай жол­дас­тығы – үш жүз жылдық достықтай бол­ған, адамилығы – асқақ, ниет-көңілі – дархан, алақаны – ашық, жүзі – жарқын Серік дос-ағам мені көздеріне жас алып тұрып аэропорттан шығарып салды. (Сон­дай жанды да жадымнан жырақ қал­дырдым-ау ә...)
Езбесін езгілеген туған елімнің ортасына қайта оралған күннен бастап, бір де біреуіне соқыр тиын жауап болмаса да, саған – ұзақты жыл бойына қан­дары сорғалаған ақталу жеделхаттарымды жолдап жаттым. (Сол... тағдыры тәл­кекті ойланбастық тірлігімнің астарында титімдейін де жаманшылық ой-пи­ғылдың болмағандығын дәлелдеп бақ­қан бейкүнә хаттарымды).

Өзіңе қайтара барып, түбірінен түсі­нісіп жатарға... шешіле алмадым. Оның үстіне, бұ жалғандағы маң­дайыма жазылған «мәңгілік цейтнот» та болар – «жігіттің жолын жоқшылық байлар» – қол-аяғымды құрсаулады да тұрды емес пе (Бұл, әрине, «ұлы мәртебелі сылтау-сал­дар» да ғана болар бәлкім). 

Саған шер-шеменді бейкүнә хаттарымды жолдаған сайын, дос-құрбыңа да жарыстыра үшбу-хаттар жөнелтіп отырдым. Шетін жағдайдың шет-жағасын білдіріп, ара-орта – араша тү­суін өтіндім де. Ол бейбаққа рахым-рахмет бір Алла­дан әрине, қолынан келгенін жасап бақты...
Ендігі, айтқан-айтпағаныңда не: түп­т­ің-түбінде, бар­лық тірі әрекеттер бекер­шілікке айналып, тәлейлі тағдыр шырмауындағы асыл сезімдеріңнің тағы-тағы... арыны басылып, бірте-бірте сөнген әулие-шоқтай боп шықты.

Имандай шындығым сол – сені... бір сені ешуақытта да көңіл-қуысымның төрінен шығармадым. Әрдайым... бәрі-бә­рін көз алдымнан жіпке тізбелегендей елес­тете қайырып отырдым. Бірақ бірақта... бір нәрсені – менің: «әйтеуір бір жолығысармын, түсінісерміз» де­генімді тоспастан бұ жал­ған да опасыз дүниеден өтіп кете барарыңды еш біл­меппін, мүлдем де ойламаппын.

«Отыз бір жыл, алты ай!!!» Міне, менің, «бұ дүние-жалғанмен өздігімше алы­сып-араздасқанымдағы» – көп-көп пен­дешіліктерімнің бірінің ғана құн-салмағы.

...Иә, менің, сені – «әйтеуір бір із­дермін» деген арман-тілегім орындал­ған-ақ еді. Бірақ есесіне – тағдыр тәлейінің менен кезекті рет ақылдырақ та зорырақ шыққаны шы­ғар – 2004 жылы, жазғы шілденің шіліңгірінде есігіңнің алдына барып тұрып қайтыппын! «Қызыл сәбет­тегі» Целиноград, одан, бүгіндері Ас­танаға айналып шыға келген ежелгі Қара­өткел – Ақмолаға Құдай берген шы­ғар­машылығымның арқасында жо­лым түсіп, «Анықтама бөліміне» соғып, сенің адресіңді алуындай-ақ ал­ған едім. Әлде... асып-сасқан мен бей­бақ мән-жайды ретімен жеткізе алмадым немесе құрғыр темір есіктің арғы жағындағы жатырқағандар жөнін түсінбеді – жа­быр­қай жыламсыраған балауса дауыстың: «не ищите ее здесь больше!» дегеніне бола қайырылып кете ба­рыппын (Кейіннен, кеш білдім емес пе – әлгі сөздің астар-мәнісін өзімнің түсінбегендігімді де білмегендігімді). 

...«Анықтама бөліміне» қайтара бара беріппін. Одан да, «сол... есікке қайта-қайта бара берсемші, бағып жатсамшы!?» (Сол бір кез, сенің... тө­сек тартып жатқан кезің де екен ғой). Кейіннен есітіп-біліп, бәрінің де аян болғанындай, екі айдан соң, – Жарат­қанның әмірі-дә, – сен дүниеден озып кете барыпсың. «Бұ дүниенің таусылмас қазына-қызғылықтарын біздерге – жад­сыздарға – бүтінінен, бейпілінен бұйыртып». 

Көп-көп ғұмырым өкініш өксікпен өт­педі ме; қай уақытта, қалай, қайтіп бе­рем десе де Бір Жаратқанның ырқы ғой: қырықтың жетеуінде, – 1999 жылы, – төрт-бес жылдай деліқұлданып ауырып, есеңгіреп, жазған басымды енді-енді көтергендей болып жүргенімде, о бас­тағы бойыма дарытқан «сыйын» Өзі қолыма қайыра ұстатты...

2007. 19 наурыз. Астанаға келіп, шығармашылық-шаруаларымның арасында «Анықтама бөліміне» кезекті мәрте соқтым. Бұл жолы, ондағылар, сенің бұрынғы – қыз күніңдегі – «Аршалинская» көшесіндегі үйлеріңнің адресін берді.

«Сайтан айналдырса – төзімсіздік танытсаң – қиын!». Әрі кезгілеп, бері кез­гілеп, жүйкелеп, бұрынғы үйлеріңді тап­падым («Өзіңе» деген... дәтсіздік те сезіктендіріп, үркітіп, тайсақтатты да тұрды емес пе, бір жағынан).

...2007. 29 маусым. Баспадағы кіта­­бымның шаруасымен кезекті рет Ас­танаға келіп, қайтарда, – «үмітсіз сай­­тан», – Сенің «Аршалинская» кө­шесін­дегі үйлеріңді қайтара іздедім. Бұл жолы – қайтпасқа бекіндім!

Ақ жауын себелеп тұрған-ды. Әри­не, жақсы ырымға – оң нышанға баладым (Ішің уілдеп, жан-дүниең үдере үрпиіп тұрса да). «Аршалинскаяның» тұтам-қарыс пұшпағын ескі мешіттің жанынан құйрығынан қатып ұстап, жалғасын – бұзылып жат­қан бәз-бұрынғы базардың күншы­ғы­сындағы алапат жаңа құ­ры­­лыстың арқа­сынан тап­тым. «Жарықтық Қараөткелдің жері-ай!..» Иқы-жиқы, ылжыраған кө­­ше­лерге түстім. Осының алдында,­ нау­рызда келгенімде бейуақи суық­қа ұрынған екенмін, соным – «бронхитым» беймезгіл қайта қозып, маза­сызданғаныма қарамас­тан, көрінген қарайғаннан «78а» үйді сұрастырып жүре бердім, жүре бердім...

«Аршалинская» дейтініңнің өзі бір­неше көше көрінер екен, – «1», «2», «3» дегендей. «78а» әрқайсысында да бар сияқты. Менің – «қара басып», алжасып жүруім де содан келсе керек-ті.

Қаншама «жолым ауыр» дегенім­мен де, – қаншалықты тыпырлай титық­тамасам да, – Құдайдың бейпілінен бе­рер кездері баршылық, шүкір. Бұл жолы да, Жаратқанның өзі жарылқап, мені – ақ жауынның астында үйінің шатырын реттестіріп жүрген қара қазаққа кезіктірсін. Оң тұсынан жақындап келіп, аман-саулықтасып, жағдайымды жөпелдете жеткіздім. Ол да Құдіреті күш­ті сыйлаған жан екен. Төбеңнен тесіп тұрып түсіндіріп, қолмен қойғандай ғып көр­сетіп, анығынан ұғындырды: «мына ауладан төтелеп кесіп өтіңіз, одан олай, со­дан былай бұрылып, ақ кірпішті үйге барыңыз» деді.
Ішім... сезді – тапқанымды. Көңілім толайып, шатырдағы жақсы қазақпен ілкім әңгімелескім кеп кетті.

– Ау, ағайын, айыпқа бұйырма, «бұл үйлерді бұзылады» деп жатпады ма? Ал сендердікі не жөн?..

– Е-е... 1-тамызда «президенттің лега­лизациясы» бітеді. Соған дейін шама-шарқымызша қоқырайтып алған­дарымыз жөн, «жарымды компенсация­сына» ілігуіміз үшін. Бұрынғы үйлеріміз белуардан батпаққа батып кетпеді ме – құны көк тиын болады емес пе. Мы­на үйді үш-төрт жылдың қарасы – ұры­нып шабынып, тұрғызып бағудамыз. Аса әспеттеп әуреленбедік. Себебі... түсі­несіз ғой енді?..

Еппен басып, құрылысы толық біте қоймаған, айрап-жайраған аулаға ен­­дім. Әрі-сәрі байқастап едім – ит­ байлау­лы екен. Ақ кірпіштен жап-жақсы өріл­ген еңселі жап-жаңа үй айналасымен үйлеспей-ақ тұр. Өйткені қайта әр­леніп жатқан үй­лер шамалы-ақ. Көп қазақтардың үй­лері бәз-баяғы – батпаққа батқан қалпы. Ойы-бойымды жинақтап, есік­ті тықылдаттым. Көзіңді оқыс қа­рыр­дай, әппақ сазандай, қырмызы қы­рық­ты енді-енді еңсергендей келіншек сылаң­дай шықты. «Баяғыдағы, жастық шақтарғы, студенттік достар бір-бір­лерімізді сағыныса іздестіріп жүр едік» деп жүздірте, қосып-шатып (өті­рік айтып), сені сұрадым. Ішкі аласа­пы­ранымды сездіртіп те алған шығар­мын-ау.

– Ол-л-л... қайтыс боп кеткен. Білме­ген екенсіздер ғой?..

Тартымды да тұщымды жанарлары сол сәтінде-ақ солып сала берген әп-әдемі келіншек маған таңданысты кейіп­пен – аңырая қарап та қалған.
– Қа-а-а-шан?!.

– 2004 жылы... қыркүйекте.

– Не-е-е-ден?..

– Науқастанып... Дұрысы... қала­саңыз, мен сізге жолдасымды – інісін шақырайын?

«Аһ-һ-һ... өртенгір де өтеусіз жалған дүние-ай!?»

Сенің ініңе туып-өскен отаныңның табалдырығында тұрып көңіл айттым. Ай­налып кетейін інің: «ішке кіріңіз, ішке кіріңіз» деуде ғой. Бірақ-та, бір Құдай­дың өзі кешірсін, «ішке кірерге, дұға қыларға... басқалайға да» мен пақырда дәл сол мезетінде дәрмен де хал-ахуал да жоқ-тын. Анығында... «бетім – дәтім» жоқ-тын. Бейқамдығым – алаңсыздық жад­сыздығым адами сиықтан мүлдем шығарып тастағандай да еді.

«Тіріге не дауа!» Сондайлық мүшкіл халімнің өзінде... «екі ер бала, бір қыз-қызғалдағыңның бар екендігін, ер бала­ларыңның – сен бұ дүниеден озып кете барғаныңда – бүгіндері шаңырақ иелері екендігін, жолдасыңның... ендігі үйленіп кеткендігін, тағы-тағысын бірдеңелерді де» сұрастырып-білістіріп үлгірдім.

Сенің ініңнен – сол-л-л ма... сол емес пе – дос-құрбыңның телефонын сұрап алу­дан да тартынбадым. Мен білетін дос-құрбыңнан басқа, онымен аттас, тағы екі дос-құрбың болыпты. «Үш бір­дей аттас... қайсысы?..»

Мен, желкеммен жылжығандай боп, сен бұ дүниеге келген, аялы да алтын, ұяң­ның ауласынан ақырын-ақырын ғана жы­лыстадым...
Астанаға келгеніме қаншасыншы тәу­лік десеңші!.. Құдайдың жазғы шіл­­десінде де жарым-жарты күн тыным болмады: күннің шыққанынан – шық­пағаны; аспан – ауын жиып болмастан – себелейді де тұрады...

Маған... бәрібір – аспан аударылып түссе де! Ілбіп келемін. Миы шыққан қара жерде тай­ғанақтап та келемін. Жоқ... турасында – сүйретіліп, салақтап, сылпылдап. Ішін­дегі бары ақтарылып, қаңғырлап қал­ған бөшкедеймін де-ау. «Бар-жоғым – болған-болмағандығым – бәрі-бәрі бекершіліктей де ме?..»

* * *

...Құдай – кең! Оған сенің ниет-пиғыл­дарыңның ақ-қарасы, басқасы – бәрі-бәрі белгілі. Бірақ... сенің – нау­қастанып, қиналып жатқаныңда: «мені де ойыңа алып... шыбын жаның онан сайын шырқырамағандығына» кім ке­піл?! Оны қайда қоямыз?..

И-и-иә... бәрін де білгенімше білер­ме-ақ едім, егер де, сол... «өзімбілем өктемдіктерім» болмағанда, – сол... Жарат­қан Жалғыз Иемізге жақынырақ бола білгенімде. Иә-иә?..

«Отыз бір жыл, алты ай!» Жал­ған дүниедегі бұрынды-соңғы пендешілік­терімнің бір парасы ғана.

Алдарымызда төрткөзденіп, тікқұ­лақ­танып, қапысыз күтіп тұрған қан­ша-қан­­шама «өзімбілемдіктеріміз – өк­тем­дік­теріміз – жадсыздықтарымыз» бар екен-ә? Тағы-тағы, басқа-басқа, нелері­міз де қалды екен-ә, а?..

Жалғанға жаның жағынып келіп... түстен кейін тұлыпқа қарап ұлығанда-ұлы­мағанда не? Деген де, не күтіп тұр­­­ға­­­нында да, қайткенде де, – әуелі бір Алла, – былайғы бұйырар итшілік ғұ­мыр: «болмасқа бола шаптықпадым», – «қылышымды тасқа шаппадым», – «тү­бінде тыныш жүргенді теріс көр­медім». Тек қана, мына жалғанда түсі­­­ні­серге жан таппай жалғызсырап қал­­ға­нымда, сол... өзіңді бір көре алмай қал­ған өзегімді өртеген өкінішім – өзіммен мәңгілікке бірге қалар, бірге жасар. Бәлкім... осы аян етілген имани сөздерімізді һақиқи қабыл көріп, көкірек төрлеріне тоқыр Алланың барша сүйген құлдарының да. 

Игілік ӘЙМЕН

Астана