Қазақстан • 29 Маусым, 2018

Асқар Тоқпановтың кездесудегі бір сәті

778 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақ мемлекеттік университеті үлкен білім ордасы ғана емес, жастарға заманауи тәрбие беріп, олардың бойына тамаша қасиеттерді сіңіруге тырысатын аса тағылымды жоғары оқу орны. 

Асқар Тоқпановтың кездесудегі бір сәті

Жақында сол кезеңде оқу бітіргендеріне 40 жыл болған журналистика факультетінің студенттері кездесті. Бұл кездесуге шақырылған әріптесіміз, тараздық ақын Байтанғали Төлентаев жастық шағын еске алып, былай дейді: «Менің есімде қалған бір оқиға, халқымыздың аяулы ұлы, зиялы қауымның зерделі зейін иесі, М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының ғажайып режиссері, профессор Асқар Тоқпанов аға­мен қызықты кездесу өткен болатын. Театрдың талантты тарланымен ұйымдастырылған бұл кездесуге факультеттің студент­терімен қатар оқыту­шылары, жас­тар қатысты. 

Асқар Тоқпанов нағыз өнер саңлағы екен. Кездесу кешінде театр өнерінің мәнімен шығу тарихынан бастап, өзі еңбек етіп жүрген ұжымның ізденістері, қол жеткен табыстары, ұлт рухын көтерудегі атқаратын қызметі жайлы тебірене сөз сөйледі. Аристотель театр жайлы жан-жақты еңбек жазыпты. Ұлы Гете «Ұлт болып қалыптасу үшін ол халықтың театры болуы керек», деп қалай әдемі айтқан. Ұлы режиссер студент­терді театрға келіп тұруға шақыр­ды. Асқар ағаның нағыз киелі өнер иесі екенін байқатқан тағы бір жай бар еді. 

Ол кісі құстарша сайрап, түрлі құстардың үндерін дәл келтіретінін байқатты, дейді Байтанғали. Қарлығаштың, торғайдың, қырғидың, тіпті көп адам көре бермейтін байғыздың үндерін естіген кезімізді шығыс шаһарындағы әсем бір бақтың ішінде жүргендей сезін­ген едік.

Қызығы, осы кездесуде мен сөйледім. Кураторымыз Тұрымтай Дүйсебаева апайымыз менің сөй­леуімді мақұл көрген еді, дейді ақын.

– Асқар аға, нағыз өнер иесі екенсіз, осынау өнер жолын­да жаңа биіктерге самғай беріңіз, – деп құрметті қонаққа Қазақ университетіне 40 жыл толуына байланысты жарық көрген үлкен кітапты (1974 жылы жа­рық көрген) сыйладым. Асқар Тоқ­па­нов аға өте риза болып, фа­культет басшылығына өз ал­ғысын жеткізді. «Білімді бол, өркенің өссін», деп ма­ған да жылы сөз­де­рін айтты. Сол жолы бола­шақ фототілші Рахым­бай Хана­лы дос бізді сурет­ке түсірген. Екі-үш күннен кейін екі суретті шы­ғарып әке­ліп берді. Біреуін Ас­қар аға­мызға беруім керек еді... «Сол екі сурет менде әлі де сақтаулы, дейді Байтанғали Төлен­таев. – Енді ел газеті «Еге­мен Қазақстанға» ұсынамын».

Сапарбай ПАРМАНҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ