(Қазақстан халқына Жолдауынан).
“Әрине, дүниежүзілік қаржы дағдарысы біздің жоспарларымызға біраз өзгерістер енгізді. Дегенмен, бұл – елімізге өте қажетті стратегия. Қауіпсіздіктің небір түрі болады. Экономикалық қауіпсіздік, ішкі-сыртқы мәселелердегі қауіпсіздік, ақпарттық қауіпсіздік. Бұлар жөнінде менің биылғы халыққа арнаған Жолдауымда нақты көрсетілген. Сондықтан, бұл шаралар бағытында көп жұмыс істеуіміз керек. Төңірегіміздегі жағдайды, оның ішінде дүние жүзіндегі болып жатқан оқиғалар мен ішкі-сыртқы жағдайды ескеріп, қандай мәселелерге көңіл бөлу керек екенін сараптайтын боламыз”, деді Елбасы өз сөзінде. Президенттің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Марат Тәжин 2009 жылы стратегияда қарастырылған іс-шаралардың мемлекеттік органдар тарапынан орындалуы жөнінде баяндады. Аталған мәселені талқылау кезінде Мемлекет басшысы іске асырылатын шаралардың тиімділігіне баса мән берілуі тиіс екендігін атап көрсетті. Сондай-ақ, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі бағыттары бойынша қалыптасқан үрдістерді талдау бойынша алдағы кезеңге көзделген нақты басымдықтар айқындалды. Бұдан кейін Мемлекет басшысы күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша жан-жақты әңгіме қозғады. “Бұл мәселе жөнінде де менің халыққа арнаған биылғы Жолдауымда нақты айтылды. Соғыс ардагерлеріне қанша қаржы бөлініп, қандай көмек көрсетілетіні, оның көлемі қандай болатыны нақты белгіленді. Міне, осы мәселелердің оң шешілуі жағдайында қарастыратын боламыз”, деді бұл тұрғыда Нұрсұлтан Назарбаев. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығы турасында айтқанда, Мемлекет басшысы оны бүкіл ел аумағында жоғары деңгейде атап өту қажеттігіне баса назар аударды. Елбасы өз сөзінде Жеңістің 65 жылдығын мерекелеу Қазақстан тарихындағы айтулы оқиғалардың бірі екендігін, сондықтан бірде-бір соғыс ардагері, олардың жесірлері, соғыс ардагерлерімен теңдестірілген азаматтар, тыл еңбеккерлері өздерін мемлекет назарынан тыс қалғандай сезінбеуі тиіс екендігін айрықша атап өтті. Отырыс кезінде Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығын мерекелеуге дайындық барысы жөнінде Премьер-Министрдің орынбасары Ербол Орынбаев есеп берді. Ол өз сөзінде ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне материалдық жағынан қолдау-көмек көрсету үшін Үкіметтен 5,8 млрд. теңге көлемінде қаржы бөлінгендігін жеткізді. Мемлекет басшысы өз кезегінде бұл атаулы мерекенің еліміздің барлық өңірлерінде жоғары дәрежеде өткізілуін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылуы тиіс екендігін ескертті. Мәселен, ардагерлерге сый-құрмет көрсету мен оларды марапаттау, мұқтаж майдангер жандарды баспанамен қамтамасыз ету және тұрып жатқан баспаналарын тиісті жөндеуден өткізуді ұйымдастыру, оларға қолжетімді әрі сапалы медициналық көмектің барлық түрін көрсету, темір жол мен әуе көлігінде тегін және жеңілдікпен жол жүрулерін толық қамтамасыз ету секілді бірқатар мәселелер бойынша бірыңғай шараларды ойластыру жөнінде арнайы нұсқаулар берілді. Бұл күнгі отырыс аясында сондай-ақ, Ұлы Отан соғысына қатысып, ерен ерлік көрсеткен қазақстандық жауынгерлердің есімін мәңгі есте қалдырумен байланысты арнайы ұсыныстар қаралды. Еліміздің Қауіпсіздік Кеңесі отырысының қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке және осы мәселелерге тікелей мүдделі мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар жүктеді. Ал Елбасының берген бұл тапсырмаларының жоғары деңгейде орындалуын бақылау Қауіпсіздік Кеңесі хатшылығының құзыретіне тиді. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ. КЕЛЕШЕКТІ БОЛЖАҒАН КЕМЕЛ ЖОЛДАУ ЖАУЫНГЕРЛІК ДАЙЫНДЫҚ ЖОҒАРЫ Кеше Елбасы – Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалық етуімен Қорғаныс министрлігінің өткен жылғы қызметінің қорытындысы мен алдағы уақытқа жоспарланған міндеттерді талқылауға арналған кеңейтілген алқа мәжілісі өтті. Мәжіліс басталар алдында Жоғарғы Бас қолбасшы еліміздің Қарулы Күштерінің Құрлық әскерлері мен Әскери-теңіз күштеріне жауынгерлік ту тапсырды. Осы рәсімде жауынгерлік туды Елбасының қолынан Құрлық әскерлерінің қолбасшысы, генерал-лейтенант Сәкен Жасұзақов пен Әскери-теңіз күштерінің қолбасшысы І рангалы капитан Жандарбек Жанұзақов қабылдады. Рәсімде Мемлекет басшысы офицерлер алдында еліміздің тәуелсіздігін қорғап тұрған Қазақстан армиясының екі құрылымдық бөлімінің осы салтанатта абырой, даңқ, атақ және әскери ұжымдардың жауынгерлік дәстүрін көрсететін өздерінің басты әрі қасиетті белгілеріне ие болғанын атап өтті. Сонымен бірге, Президент әрбір Қазақстан азаматының Отанын қорғау басты парызы әрі міндеті болу керектігін айта келіп, еліміздің азат болуы жолында жан пида еткен ата-бабаларымыздың ерлігін әрдайым есте сақтай жүріп, мемлекетіміздің тәуелсіздігі мен тұтастығына, генерал-офицерлердің жан аямай қызмет ететініне сенім білдіретінін жеткізді. Осы рәсімнен кейін енді басқару құрылымын қалыптастыру кезеңі аяқталып, басты қолбасшылық Құрлық әскерлері мен Әскери-теңіз күштері ретінде құрылып жұмыс істейтінін, әскерлерді басқару және оларды қолдану үш сала бойынша, атап айтқанда, құрлықта (Құрлық әскерлері), әуеде (Әуе қорғанысы), теңізде (Әскери-теңіз күштері) жүзеге асырылатынын атап өткеніміз жөн. Салтанатты рәсімнен соң министрліктің кеңейтілген алқа мәжілісі басталып, онда қорғаныс ведомствосының басшысы Әділбек Жақсыбектовтің өткен жылғы жұмыстарға және алдағы мақсат-міндеттерге арналған баяндамасы тыңдалды. Мұнда Қорғаныс министрі алдымен әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында Қарулы Күштердің жауынгерлік дайындығын жоғары деңгейде ұстау мемлекеттің басты міндеттері болып саналатынын, осыған байланысты былтыр жауынгерлік дайындықтың қарқыны айтарлықтай өскенін, оның жүзеге асырылуына қазір заманауи әдістер мен құралдардың белсене қатыстырылып жатқандығын атап көрсетті. Осы орайда ол бүгінгі күні әскерилердің жауынгерлік дайындығы өткен жылмен салыстырғанда 15 пайызға көтерілгенін, соның нәтижесінде әртүрлі қару-жарақ пен техникадан атуда 12 мыңнан астам сынақ-жаттығулар жасалып, әскери мәшинелерді жүргізу бойынша 2 700 тәжірибе сабақтары өткізілгенін айтты. Сонымен бірге, министр былтыр әуе қорғанысы күштерінде ұшқыштардың ұшу уақыты 24 000-нан астам сағатты құраса, бір ғана ұшқыштың орташа ұшуы 78 сағатқа жеткенін, сөйтіп, ұшу сағатының өсуі 2007 жылмен салыстырғанда 70-74 пайызды құрағанын тілге тиек еті. Мәжілісте осыдан кейін жауынгерлік дайындыққа байланысты басқа да бірқатар мәселелер жөнінде әңгіме қозғалды. Қорғаныс министрі осы орайда қазір бүкіл дүние жүзі жиі пайдаланатын заманауи тренажерлерді қолдану және жауынгерлердің тәжірибесін жетілдіру мақсатында іске асырылатын жаттығу шараларын өткізу жөніндегі ойларымен бөлісті. Ведомство басшысы бүгінде еліміз бойынша жауынгерлік әзірлікке заманауи тренажерлік кешендердің көптеп енгізіліп жатқандығын, оның тек жеке адамның ғана дайындығын дамытып қоймай, ол Қарулы Күштерге әуедегі және құрлықтағы заманауи ұрыстың сұлбасын келтіріп бөлімдердің үйлесімді іс-қимылын пысықтауға мүмкіндік беретінін атап көрсетті. Оның айтуынша, қазіргі күні Қарулы Күштер иелігінде “Профи” атыс тренажерін қоса есептегенде 85 тренажер бар. Оқу орталықтары авиациялық, артиллериялық, әуе-десант тренажер кешендерімен жабдықталған, ал жаяу әскер жауынгерлік мәшинелерінің механик-жүргізушілері және Т-72 танк экипаждары да міндетті түрде тренажерлерді пайдаланып дайындалады. Мәжілісте жаттығу шаралары жөнінде айта келіп ол мынадай мәліметтер келтірді. Өткен жылы Қазақстан армиясы әртүрлі 52 жаттығу шараларын өткізді. Бұл 2008 жылмен салыстырғанда, бір жарым есеге артық. Солардың ішіндегі маңыздысы – “Жауынгерлік достық”, “Әуе күштері”, “Дала қыраны” деген атпен өткізілген жаттығулар болды. Сондай-ақ, ҰҚШҰ-ның жедел әрекет етуші ұжымдық күштерінің қатысуымен “Матыбұлақ” сынақ алаңында өткен “Өзара іс-қимыл-2009” бірлескен стратегиялық жаттығу шарасының да маңыздылығын атап өтуге болады. Осы оқиғаларға байланысты төл әскеріміздің өткен жылғы қызметіне қорытынды жасаған шетел сарапшылары “Қазақстан Қарулы Күштері бүгінгі күні посткеңестік мемлекеттер армиясының арасында жетекші үштікке кіреді және Орталық Азия аумағында сөзсіз көшбасшы болып табылады” деген баға берді. Қазіргі кезде әскери ведомство жұмысының негізгі бағыттарының бірі жаттығу шараларын көптеп өткізіп, Әскери доктрина аясында еліміздің әскери-техникалық мүмкіндігін арттыру болып саналады. Осыған орай, әскерлер заман талаптарына сай бронетехника, авиация, қару-жарақтың басқа жүйелерімен қамтамасыз етілуде. Мәжілісте Қорғаныс министрі осындай деректерді келтіре отырып, Жоғарғы Бас қолбасшының қамқорлығы арқасында әскерлердің әл-ауқатының да өсіп келе жатқанын көлденең тартты. Мұнда ол офицерлер мен келісім-шарт қызметіндегілер қолайлы баспанамен қамтамасыз етіле бастағанын, қазір пайдалануға 77 мың шаршы метрді құрайтын тұрғын үйлер берілгенін, ал Астана қаласының іргесінен 176 отбасына коттедж қалашығы салынғанын айтып, осы жерден берілген баспанадан Талдықорған гарнизонының әскерлері де қоныс тойын тойлағанын атап өтті. Сонымен бірге, ол еліміздің жеті әскери қалашықтарына құны 6,3 млрд. теңгеге күрделі жөндеу жүргізілгенін, сегіз әскери қалашықтағы 12 нысанның да дәл осындай жөндеуден өткенін, 186 ғимараттар мен тұрғын үй, жатақхана, асхана, казарма, спорт кешендеріне ағымдағы жөндеу жасалғанын айтты. Ал биылғы жылы 98 мың шаршы метрді құрайтын 1 714 пәтерден тұратын 17 тұрғын үй мен 15 жатақхананың салынатынын, олардың қатарында әскерлерді ипотека мен жалға беру арқылы баспанамен қамтамасыз ету жоспарланып отырғанын жеткізді. Осылай дей келіп, Қорғаныс министрі қазіргі күн тәртібінде тұрған мәселелердің бірі – погон таққан азаматтардың жалақысын өсіру мәселесінің де тиісті деңгейде шешіліп отырғанынан хабардар етті. Осы орайда ол Мемлекет басшысына “Сіздің тапсырмаңызға сәйкес, 2009 жылы әскери қызметшілердің қаржылық қамтамасыз етілуі 25 пайзызға өсті. Сарбаздар мен сержант лауазымындағы келісім-шарт қызметіндегілердің кәсіптілігіне қосылатын үстемақы да көтерілді. Әскери шенге төленетін қаражат көлеміне жеке арнайы қарау жүйесі енгізілді. Бұл әскерилердің кәсібилігіне, олардың қызмет сатысы бойынша өсуіне деген ынтаға алғышарттар жасайды”, деді. Одан әрі ол мемлекеттің жасап отырған қамқорлығына байланысты барша офицерлік корпустың жинақы, жылдам, жан-жақты жарақтанған және білімді әскер құру бойынша қойылған тапсырмаларды орындауға жұмылуы қажет екенін айтты. “Осындай өлшемдерді сіз өзіңіз айқындап бердіңіз”, – деді Қорғаныс министрі Елбасына қарата. Мәжілістің соңында қорғаныс ведомствосының басшысы болашаққа белгіленген жоспарлар туралы ойларымен бөлісті. Оның айтуынша, бүгінгі күні еліміздің аумағында осы күзде ШЫҰ аясында өтетін ірі көлемді “Бейбіт миссия-2010” жаттығу шараларына дайындық жүруде. Бұл шара еліміздің халықаралық әріптестеріміздің қатысуымен болатын ең ірі жаттығулары болады. Бұдан басқа ҰҚШҰ аясында “Өзара іс-қимыл”, НАТО бағдарламасы бойынша кезекті “Дала қыраны” жаттығу шараларын өткізу жоспарланып отыр. Сөзінің соңында Әділбек Жақсыбеков армияның барлық көрсеткіштер бойынша сапалық өсуі әскери-техникалық жаңартылусыз шешімін табуы мүмкін еместігін, осы мәселені шешу үшін қазір әскеріміз отандық қорғаныс өнеркәсібі кешенін кеңінен пайдалануға бет бұрғанын атап көрсетті. Сондай-ақ, ол Мемлекет басшысының халыққа биылғы Жолдауында адам капиталына инвестиция салу мәселесіне баса назар аударғанын, Қарулы Күштердің осы басымдықтар қатарынан орын алып отырғанын, соған байланысты енді негізгі жұмыс әскери білім мен ғылым жүйесін жетілдіру, әлеуметтік қамтамасыз етуді нығайту және идеологиялық жұмыстың сапалы жүйесін қалыптастыру сияқты үш бағыт бойынша атқарылатынын жеткізді. Осы жерде Қорғаныс министрі кемі 8 жыл әскерде келісім-шарт бойынша солдат және сержант ретінде қызмет еткен азаматтарға республика жоғары оқу орындарында білім алуы үшін төлейтін қаржысының 50 пайызы мемлекеттік бюджет есебінен төленетінін ескертті. Осыдан кейін мәжілісті Елбасы қорытындылады. Мемлекет басшысы өз сөзінде Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы ретінде еліміздің армиясын жеке бақылауында ұстайтынын және оның барлық жағдайына баса мән беретінін айта келіп, өткен жылы дүние жүзіндегі экономикалық қиындықтарға қарамастан, мемлекет Қарулы Күштердің дамуына қолда бар мүмкіндіктің бәрін жасағанын атап өтті. Осы орайда ол келісім-шарт бойынша әскерде қызмет еткен азаматтардың жоғары білім алуына, әскерилердің баспанамен қамтамасыз етіліп, жалақыларының биылдан бастап 25 пайызға өсуіне жағдай жасалып жатқанын айтты. Одан әрі Президент еліміздің халықаралық сахнадағы беделіне байланысты осы жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп отырғанын, мұның өзі халықаралық қауіпсіздік мәселесінде АҚШ, Еуропа Одағы, Қытай, Ресей және ҰҚШҰ мен НАТО ұйымына мүше елдермен қарым-қатынасты одан әрі арттыруға мүмкіндік жасайтынын айта келе, Қазақстан алдағы уақытта дүние жүзіне есірткімен және лаңкестікке қарсы күресте Қарулы Күштерін сақадай-сай етіп, көрсете алатын мемлекет болуы керектігін жеткізді. Сонымен бірге, Елбасы отандық үлесті арттыру мәселесіне баса назар аударылатынын ескертті. Нұрсұлтан Әбішұлы отандық әскери өндірісті дамыту үшін алдымен бірлескен кәсіпорындар құрып, содан кейін ғылым мен технологиялар арқылы жеке өнеркәсібімізді дамытуды мақсат етуіміз керек деген пікірін білдірді. “Қазір біздің Қарулы Күштерімізді дамытуға әлеуетіміз жетеді. Осы бағытта жұмыстар да істелініп жатыр. Бұл жұмыстардың әрі қарай нәтижелі болуына Үкімет қолдау көрсетуі керек. Осыған байланысты министрлік кәсіпкерлермен Қарулы Күштерге қажет құрал-жабдықтарды өндіру үшін мәліметтерді кеңінен бөлісуі тиіс. Қазақстан армиясы әрқашанда күшті, кәсіби деңгейі жоғары болуы керек”, – деді Елбасы. Жоғарғы Бас қолбасшы өскелең ұрпақтың бойына отансүйгіштік сезімді қалыптастырып, халық арасында еліміз әскерінің беделін көтеру үшін насихат жұмыстарының жүргізілуі керектігін, сондай-ақ, қатардағы әскерилер мен офицерлердің қызмет бабымен өсіп, запасқа шыққан азаматтардың қоғамдағы өз орнын табуы үшін тиісті жұмыстардың жасалуы қажеттігін атап көрсетті. Мәжілісте белгілі болғандай, мамыр айының соңы мен маусым айының басында Қазақстанда тұңғыш рет қару-жарақ пен әскери мүліктің “KADEX-2010” атты халықаралық көрмесі өтеді. Астана қаласында өтетін бұл көрмеге отандық кәсіпкерлер мен шетелдік өндірушілер қатысатын болады. Дастан КЕНЖАЛИН, Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ. ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖАСАМПАЗ ЖОБАСЫ Дархан КӘЛЕТАЕВ, “Самұрық-Қазына” әл-ауқат қорының атқарушы директоры, “Нұр Отан” ХДП Саяси Кеңесінің мүшесі. Өз алдына аса жоғары мақсат-міндеттер қоя білетін кез келген ел үшін жетістікке жетудің идеологиясы, мығым мемлекет пен оны құрудың тиімді бағдарламасы болуы шарт. Ал мемлекеттің кемелденуі сол күрделі мақсаттар мен қарапайым жоба-жоспарларды табысты іске асырудан басталады. Елбасы Қазақстан халқына Жолдауында осы бір ұлы мұрат жолын нақты айқындап берді. Елді өркендетудің түпкілікті әрі ұзақ мерзімді бағдары өзгерген жоқ. Қайта өткен жылдардағы тәжірибе мен нәтиже пысықталып, мемлекеттің жақын болашақтағы қажеттілігінен туындайтын міндеттер жүйеленді. Мүлдем жаңа, озық, төрт негізгі қағидаға құрылған Ұлттық стратегия жасалды. Расында, осы уақытқа дейінгі Қазақстандағы орасан өзгерістерді, жақсылық пен жаңалық атаулыны терең таразылап, талқылай алдық па? Президент жолдауларында жүктелген мақсат-міндеттер қай деңгейде, қаншалықты орындалды? Осы ретте Елбасы мен елдің алдындағы жауапкершілікті абыроймен көтеруге біздің дәрменіміз жете ме? Мұның барлығы да бүгінгі истеблишмент пен билік институттары үшін басты сауалдар болуы тиіс. Өкінішке қарай, әзірге бұл сауалдардың басы ашық күйінде қалып отыр. Мемлекет басшысының Жолдауы мемлекеттің жақын болашақтағы мақсат-міндеті ғана емес, ол – табысты мемлекет құру жолындағы басым бағыт, атқарушы органдарға берілген нақты тапсырма, халықтың білуі, түсінуі үшін жасалған белгі. Әр отбасының, әрбір қазақстандықтың бойына ұялайтын сенімнің мәйегі. Бұл сенім мемлекеттің әлеуметтік жауапкершілігін мейлінше сезіну, ұрпақтың сау-саламаттығы үшін қам жемей, қартайған уақытыңда алаңсыз өмір сүру дейтін қарапайым ақиқаттарға негізделген. Президент әрдайым халықтың мұң-мұқтажын, сұранысын, талабын терең сезінеді, қалт жібермей таниды. Берген уәдесін орындайды, орындалмайтын уәде бермейді. Халықтың шексіз сүйіспеншілігіне бөленуі де осы себептен. Осы себептен билікті сынап-мінейтін жандардың өзі “Назарбаев халыққа берген уәдесін орындамады” деп ешқашан айта алмасы анық. Өткен уақыт белесінен көз жіберсек, тәуелсіздік жылдары еліміздің әлеуметтік-экономикалық тұрғыда қарыштап дамуына мығым іргетас қаланғанын көреміз. Қазақстан әлемдік қаржы дағдарысының зардабын өзге елдермен салыстырғанда ертерек еңсерді. Қиыншылықтарға қарамастан биылғы жылы жалақы мен зейнетақы мөлшері ұлғайтылды. Жаңа индустриялық бағдарлама жүйелі іске асырылуда. Мектептер мен университеттер, балабақшалар мен ауруханалар салынып жатыр. “Жол картасы” аясында сан мыңдаған адам жұмыспен қамтылды. Аграрлық секторға, шағын және орта бизнеске мемлекет тарапынан мол қаржы бөлініп отыр. Әрине, бұл тізімді жалғастыра беруге болады. Осының бәрінің басы-қасында Президент тұр. Алайда Президентке де қолдау қажет қой! Мемлекеттің басшысы мемлекеттік деңгейдегі шаруаны ысырып қойып, ұсақ-түйекпен айналысуға тиіс пе? Міне, осыдан келіп біз жоғарыда айтқан истеблишмент пен билік институттарының жауапкершілігі туралы басы ашық әңгіме шығады. Қазақстан халқына Жолдауынан кейін Нұрсұлтан Әбішұлы “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясы Саяси кеңесінің бюросын өткізді. – Тікелей эфирде маған 40 мың сұрақ қойылды. Бүгінге дейін қанша адамның жауап алғанын қадағалап, талдау жасап отырмын. Әлі қорытындысын алған жоқпын. Неге тікелей маған сұрақ қойылады? Өйткені, олар барлық инстанциядан өткен, ауылдың, ауданның, облыстың әкімдерінің, жергілікті құқық қорғау органдарының табалдырығын тоздырған. Ешкім қалмаған соң маған хабарласып отыр, – деді Президент. Мемлекет басшысының айтқаны орынды. Назарбаев – ел үшін, келер ұрпақ үшін өркендеген, мықты мемлекет құрып жатқан Лидер. Бірақ жалпыұлттық жетістік пен табысқа жету үшін Елбасына арқа сүйейтін халықтық ерік пен ұжымдық ынта-жігер керек емес пе?! Осындай бірлік қана біздің халқымыздың арасына от жағып, сына қаққысы келетін солақай күштердің шалағай әрекеттеріне жауап бола алады. Жолдауды тыңдап алып, жатып кеп мақтаудан оңай нәрсе жоқ. Бірақ адамдарды сөзден бұрын іс алға жетелейді. Мемлекет үшін ақпарат құралдарындағы жалаң мадақтан гөрі, Жолдауда айтылған мақсат-міндеттердің нақты әрі толықтай жүзеге асқаны пайдалы. – Министрліктер мен ведомстволар бағдарламалардың орындалып жатқаны туралы анықтамалар жазумен ғана шектеледі. Біз қанша бағдарлама бар екенін білуден қалдық, – деді Президент. Шындығында солай. Тіпті кейде реформалардың қағаз жүзінде қалып қойып жататыны да жасырын емес қой. Мұндай жауапсыздық мемлекет дамуының ортақ схемасына кедергі келтіріп отыр. Бұл – электр жүйесіндегі бір желіні өшіріп тастағанмен бірдей. Жарық бар көрінгенімен, кейбір бөлікті қараңғылық басады. Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында реформалардың беталысына лайықты талдау жасайтын уақыт келген сияқты. Қандай оңды шаруа бітіргеніміз туралы, оның мемлекет пен халыққа берген орасан пайдасы жайлы қарапайым адамдар түсініп, түйсінуі қажет. Шындығында, осыдан жиырма жыл бұрын егемен ел боламыз, өз қара шаңырағымыз бен қазынамызға өзіміз иелік етіп, әлемдік қауымдастықтың белді мүшесіне айналамыз деген ой ешбір қазақтың ойына кіріп шықпаған еді. Әлбетте, бүгінгі табыс оңай жолмен келе салған жоқ. Қиыншылығы мен қайшылығы басынан асатын мемлекетте белгілі бір жетістікке жету еш мүмкін емес нәрсе. Мұның дәлелін алыс-жақын көршілеріміздің ішіндегі түрлі проблемалар мен дағдарыстардан-ақ көруге болады. Қазақстан халқы үшін Мемлекет басшысының Жолдауы әрдайым темірқазық болып келеді. Бұл жолы да солай. Тек, жоғарыда айтқандай, Жолдауды жүзеге асыруды айқай-сүреңі мол науқанға, бір мезеттік акцияларға айналдырып алмау керек. Халықтың әл-ауқатын жақсартуға, мемлекеттің іргетасын нығайтуға бағытталған әрбір сәтті қадам жаңа игі бастамаларды туғызады. Мысалы, “бір терезе” қағидасына сүйенген халыққа қызмет көрсету бағдарламасының нәтижесінде жеңілдетілген жеке тұлғалық нөмірлерді енгізуге қол жеткіздік. Немесе, өткенде бір облыстағы жалғыз дәрігерлік амбулаторияны шұғыл балабақшаға айналдыруға тұрғындар қарсылық көрсетті. Аяғында әлгі әрекет Президенттің нұсқауын біржақты қабылдаған жергілікті шенеуніктердің қателігі боп шықты. Нәтижесінде тығырықтан шығудың өзге жолы табылған. Бұл нені көрсетеді? Бұл – самарқаулық пен үнсіздіктен гөрі билік пен халықтың белсенді, бірлескен қимылы ғана мемлекеттің даму стратегиясына мұрындық болатынын көрсетеді. Президент Н.Назарбаевтың халыққа Жолдауының бірі “Өткен күннен алыс жоқ, келер күннен жақын жоқ” деп басталады. Мемлекет құру – ғасырдан ғасырға жететін үй салумен бірдей. Асығыстық жасап, іргетасын орнықсыз, сылағын сапасыз етсек, үйді қиратып тынамыз. Сондықтан архитектордың талабы қаншалықты зор болса, құрылысшылардың да жауапкершілігі соншалықты үлкен болуы тиіс. Өйткені, біз ол үйді бүгінгі өзіміз үшін ғана емес, ертеңгі ұрпақ үшін салып жатырмыз ғой. Қазақстан әлемдік қаржы дағдарысының зардабын еңсеріп қана қоймай, жаңа биіктерді бағындыруға мүмкіндік алып отыр. Өткен жылғы Жолдау дағдарыс арқылы дамуға көшуді көздегені белгілі. Міне, қазіргі таңда сол даму мен жаңарудың уақыты келді. Биылғы Жолдау мемлекеттің жинаған тәжірибесі мен мүмкіндіктерін пайдаланып, жаңа мақсат-міндеттерді іске асыруды міндеттейді. Жадағай сын мен көпірме сөзге ұрынбай, қордаланған мәселелерді жедел шешіп, алға қарай ұмтылатын, келешекке жұмыс істейтін кезең туды. Елбасы өз Жолдауында бәрімізді осыған шақырып отыр. Мұндай мүмкіндікті біздің халқымызға уақыт пен тарихтың өзі тарту етті. Бізге қалғаны – алды-артымызға қарайламай, білек сыбанып жұмыс істеу ғана. Әйтпесе, біз бұл тарихи мүмкіндіктен – жаңарған, азат мемлекетті өркендету мүмкіндігінен айырылып қаламыз. Сол себепті біз Президентті, оның саясатын барынша түсініп, түйсініп, қолдап-қуаттауымыз қажет. Ел мен Елбасы армандаған мемлекетті құру жолында аянбай тер төгуге тиіспіз. Қазақстан – дамудың өзгеше, эволюциялық жолын таңдаған мемлекет. Мұның бәрі де – Елбасының арқасы. Дүние жүзі оны әлемдік ауқымдағы лидер, жаңа Қазақстанның іргетасын қалаушы ретінде таниды. “Нұрсұлтан Назарбаевы бар қазақтар – бақытты халық” деген шетелдіктердің шынайы ықыласына өзіміз де талай куә болдық. Ақиқаты сол. Ендеше, ел Президентінің биылғы жылғы мерейтойы да қазақ мемлекеттігінің символы, қазақстандықтардың ортақ қуанышы ретінде лайықты аталып өтуі тиіс деп ойлаймын. Бұл, айналып келгенде, тәуелсіздікке тәу еткен, елдіктің, бірліктің қадірін білетін қазақтың ынтымағының көрінісі болуы шарт. Орнықты, өркендеген мемлекет құру жолында барша халықты жұмылдырудың себепшісіне айналуы тиіс. Ең бастысы, әр азамат ортақ мақсат үшін жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік саясаттың тереңдігі мен кемелдігін бағамдап, бағалай білуі керек. Мемлекеттік ой-сана дегеніміз – осы.Бурабайдағы Мультимедиалық интерактивті кешенге келушілер көп
Аймақтар • Бүгін, 01:26
Аяз, көктайғақ: 16 облыста дауылды ескерту жарияланды
Ауа райы • Бүгін, 00:16
2027 жылы Астанада бокстан әлем чемпионаты өтеді
Спорт • Кеше
Алматы облысының меншігіне 86 мың га жер қайтарылды
Аймақтар • Кеше