Аймақтар • 01 Шілде, 2018

Семейде бір мезетте 500 адам күй орындады

316 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Семейде Ұлттық домбыра күніне орай қала әкімі Ермак Сәлімовтың қатысуымен ерекше шара өтті. 500 адам бір сәтте қосылып, күй тартқан домбыра фестивалінде Құрманғазы мен Динаның, Тәттімбеттің күйлері орындалды.

Семейде бір мезетте 500 адам күй орындады

Суреттерді түсірген автор

Ертіс жағалауында Абай атындағы кітапхана мен Орталықтандырылған кітапхана жүйесі бірігіп, «Киелі домбыра үні» атты көрме ұйымдастырды. Күйшілер арасында «Домбыра-party» сайысы ұйымдастырылды. Сондай-ақ, қаладағы Ә. Қашаубаев атындағы филармония, Абай театры мен Дариға-ай жастар театрының ұжымдары, М. Төлебаев атындағы музыкалық колледж студенттері бірігіп, күй шертті.

- Елбасы Жолдауында Ұлттық домбыра күнін белгілеу туралы айтылған болатын,-деді қала әкімі Ермак Сәлімов,-міне, Семейде қайнаған тірлік, ел осынау мерекеде ерекше қуанып, тойлап жатыр. Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра деп ақындар жырлағандай бұл домбыраның үнінде еліміз аңсаған бостандық, қазіргі бейбіт тірлік, барлығы үндесіп жатыр. Мерекелеріңіз құтты болсын! - деді қала әкімі. 

Бұдан кейін қала әкімі Ермак Сәлімов қаладағы №1 перзентханада болып, осынау мерейлі күні босанып, өмірге ұл әкелген Гүлжанат Нұртазинаға домбыра сыйға тартты. Мейірбикелердің айтуына қарағанда ұл баланың салмағы 3600, бойы 54 см. Анасының да, сәбиінің де қал-жағдайлары жақсы.Қала әкімінің өзі құттықтағанына Гүлжанат Нұртазина қатты риза болды.«Қазақ тілі» халықаралық қоғамының Солтүстік-Шығыс өңірі бойынша вице-президенті Орал Шәріпбаев: «Ұлы даланың ұлық мерекесінде туған ұл баламыздың бағы озсын!» деп бата берді.

Дәл осындай шара қаланың тағы перзентханасында да болды. Қалалық Достық үйінің директоры Берік Көпбаев жаңадан дүние есігін ашқан тағы бір ұлға домбыра тарту етті. 22 жастағы Еркежан Гирееваның ұлы үкілі домбыраға ие болды. Қалалық Достық үйіндегі аналар кеңесінің төрайымы Нағима Мойынбаева жас сәбидің анасына ақ орамал сыйға тартты. Үш сағат қана бұрын босанған ана осылайша Ұлттық домбыра күнінде қуанышқа кенелді. Бөлмесі гүлге толып, төрінде домбыра тұрды. Құшағына сәбиін қысқан Еркежан ерекше риза болды.

Раушан НҰҒМАНБЕКОВА,

Семей.